Референдум • Бүгін, 08:08

Бас құжаттың баянды сәті

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Орталық референдум комиссиясының республикалық референдумды қорытындылауға арналған отырысы өтті. Бейнеконференция режімінде өткен іс-шараға облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты.

Бас құжаттың баянды сәті

Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров «Рес­пуб­ликалық референдум туралы» Конс­титу­циялық заңның 21, 31-баптарында ай­қын­дал­ған өкілеттіктерге сәйкес Орталық ко­мис­сия тұтастай республика бойынша ре­фе­рендумның қорытындыларын шыға­рып, бұл туралы бұқаралық ақпарат құрал­дарында хабар жариялайтынын мәлімдеді.

Өз кезегінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақ­тық комиссиялары тиісті әкімші­лік-аумақтық бірліктер бойынша рефе­рен­думның қорытындыларын шығар­ды. Барлық аумақтық комиссия дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалардың түпнұсқаларын Орталық референдум комиссиясына жеткізді. Осылайша, ұсынылған хаттамалардың негізінде бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындылары айқындалды.

Референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы саны 12 482 613 адамды құрады. Дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысып, бұл референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы санының 73,12 пайызын құрады. Олардың ішінде 12 ақпанда БАҚ-қа жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны 7 954 667 адамға жетіп, бұл дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы саны­ның 87,15 пайызын құрады. Сонымен қатар референдумға қойылған мәселені қабылдамаған азаматтардың саны 898 099 адам болды.

Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ да­уыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдер саны – 127 868. Ал белгіленбеген үлгідегі, сондай-ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны 146 558-ді құрады.

Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады. Референдумға шығарылған мәселе, атап айтқанда, Қазақ­стан Республикасының жаңа Консти­туциясын қабылдау бойынша шешім егер оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Нәтижесінде, барлық өңірде Ата заңның жаңа нұсқасын азаматтардың көпшілігі қолдады. Сондықтан жаңа Конституция қабылданды деп танылады.

Саяси үдерістің қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылып, хаттамамен ресiмделедi және қаулымен бекiтіледi. Рес­пуб­ликалық референдум туралы заң­наманың нормаларына сәйкес, референ­думның қорытындылары туралы Орталық рефе­рендум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқара­лық ақпарат құралдарында жарияланады.

ОРК төрағасы халықаралық байқау­шы­лар­дың бағалауына сүйеніп, референ­дум Қазақ­стан Республикасының ұлттық заң­­­намасына және халықаралық міндетте­ме­леріне сәйкес өткізілгенін атап өтті. Соны­мен қатар байқаушылар жаңа Конс­титу­ция жобасын ашық әрі кең тал­қылау, азамат­тардың ұсыныл­ған реформаларға деген жоғары қызығу­шылығы және ерік білдіру үдерісіне сенімін де ерекше атап өтті.

Дауыс беру күні референдум учаске­лерінде 256 аккредиттелген қоғамдық бірлес­тік пен коммерциялық емес ұйымның 45 мың­нан аса, сондай-ақ еліміздің бұ­қара­­лық ақпарат құралдарының 1 817 өкілі байқау жүргізді. Сонымен қатар бұ­рын атап өткендей, референдум барысын халық­аралық байқауды 38 шет мемлекетінен және 11 халықаралық ұйымнан 359 халықаралық байқаушы, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 206 өкілі жүргізді.

Жалпы алғанда референдумда 46 624 мүгедектігі бар адам дауыс берді. Сонымен қатар 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берген азаматтардың белсенділігі жоғары болғаны аталып өтті. Олардың саны – 137 093 адам. Референдумды дайындау мен өткізуге 247 аумақтық және 10 388 учаскелік комиссиялары жұмылдырылды.

Отырысты қорытындылай келе, Н.Әбдіров барлық деңгейдегі 70 мыңнан аса ко­миссия мүшесі өздеріне жүктелген күр­де­лі тапсырманы адал орындағанын атап өтті.

Бұған қоса, ОРК төрағасы халықара­лық байқаушылар, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдар, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне электоралды науқанының жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Соңғы жаңалықтар

«Балуан тас сапары» басталды

Аймақтар • Бүгін, 10:22