Қазақы ою-өрнекпен әрленген әсем қорапшалардағы ұлттық өнімдерді сауда сөресіне самсатып қойған кім екен деген ойда жүр едік. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жолымыз болып, осы жобаның авторы Гүлнұр Кәкімбекпен жүздесудің сәті түсе кетті.
Жас кәсіпкер алғашқы өнімдерін 2020 жылы карантин қыспағында отырып шығара бастаған. Талапты жастың ұлттық өнім жасап, оны тұрақты табыс көзіне айналдыруына анасының тәрбиесі көп ықпал етсе керек.
«Өзім Амангелді ауданында туып-өстім. Ауылда әр үйде дорба-дорба құрт, тегеш-тегеш жент тұратын. Үйдің үлкені болған соң, анам біраз жұмысты менің мойныма артатын. Үйде шаруа бітпейді ғой, бала кезімізден келі түйіп, бидай ұшырып, оны қазанға салып қуырып, диірмен тартып, одан шыққан талқанды май, қаймақ, сүтке шылап жеп өстік. Пандемия кезінде кішкентай балаларыма қызық болсын деп арнайы кондитерлік қалыптарды сатып алып, әртүрлі формада жент жасап көрдім. Бір күні суретін әлеуметтік желіге салдым. Соны көп адамдар қызық көріп, «Қайдан алдың, бағасы қанша екен?» деп сұрай бастады. Ол кезде қазіргідей дүкендер жоқ еді. Талқанның өзін базар аралап жүріп әрең табатынбыз. Ата-әжем ауылда тұрады, кейде сол кісілер беріп жіберетін. Содан жолдасым екеуміз ақылдасып, жент жасап, саудаға шығарып көрейік деп шештік. Алғаш Наурыз мерекесі қарсаңында түрлі мекемеден тапсырыс көп түсті. Бірте-бірте сұраныс көбейді. Кейін әсемдеп-көркемдеп той-қуаныштарға арнап ішінде жент, құрт, ірімшігі бар қоржын кәделер жасай бастадым», дейді жас кәсіпкер.
Ұлттық өнімге елдің қызығушылығы бар екенін көрген Гүлнұр Кәкімбек 2022 жылы Қостанайдың орталығынан алғашқы дүкенін ашады. Қасына жент жасайтын көмекші алып, қалған жұмыстың бәрін өзі атқарады. Бірте-бірте жарнаманы күшейтіп, «Qazaq бренд» атауының таралуына көп күш сала бастайды. Осылайша, 2024 жылы Қостанай қаласы мен Заречныйдан тағы екі дүкен ашады. Былтыр «Аэропорт» шағын ауданында, биыл «Береке» шағын ауданында сауда нүктелері іске қосылды. Гүлнұрдың өнімдері шалғайдағы Жетіқара қаласында да сатылады.

«Qazaq бренд» өнімдері 2024 жылы Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен «Наурыз думан» көрмесіне қатысып, көпшіліктен лайықты бағасын алғанын да айта кету керек.
«Президент өзі келіп, өнімдеріміздің сапасын бағалап, ризашылық білдірді. Әрине, бұл – біз үшін үлкен мақтаныш. Алға ұмтылуға, жаңа ізденіске талпынуға құлшыныс берді. Өткен жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасының қолдауымен Астана төрінде 89 мемлекеттің қатысуымен өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына да қатысып, өнімдерімізді саттық. Ұлттық тәттілерімізді туристерге таныстырып, насихаттадық. Жалпы, бұрын Қостанай тұрғындарының көбі ұлттық дәм дегенді ет, қымыз, бауырсақ деп қана түсінетін. Ал жент, ірімшік, құрт тәрізді тағамдарға аса мән бере бермейтін. Біз өнім шығара бастағалы қазір ұлттық тәттілер ас мәзірінен өз орнын тауып, ел ішінде кеңінен таныла бастады. Өзіміз түгілі, өзге ұлт өкілдерінің өзі қызығып алып, шетелде тұратын жақындарына, балаларына туған жердің дәмі деп жіберіп тұрады. Мысалы, баласы АҚШ-та тұратын бір тұтынушымыз жылына бірнеше рет келіп алып кетеді. Германияға жиі құрт жібереміз. Кезінде осы жерден көшіп кеткен немістер құртты өте қатты қадірлейді. Ол жаққа жіберу аса қымбатқа шығады, бірақ соған қарамастан көп алдырады. Біздің өнімдерді, әсіресе, Ресей қазақтары жақсы көреді. Елордадан да көп тапсырыс түседі. Айына жиырма-отыз рет өнім жібереміз. Астанаға жәрмеңкеге барғанымызда біраз жұрт бізді арнайы іздеп келіп, өнімдерімізді сатып алады. Алдағы уақытта бас шаһардан да бір сауда нүктесін ашуды жоспарлап отырмыз. Тараз, Қызылорда, Семей, Өскемен, Ақтау, Атырауға дейін ұлттық тәттілерден құралған қоржын, себеттер жібереміз», дейді Гүлнұр.
Жас кәсіпкер арманы ұлттық тәттілерімізді нан, сүт, қант тәрізді күнделікті пайдаланылатын өнімдер қатарына қосуды аңсайды. Үйдегі дастарқаннан құрт, ірімшік, жент үзілмесе екен деген арманы бар. Сондықтан Қостанайдың әрбір шағын ауданынан сауда нүктесін ашуға ұмтылыс жасап жатыр. Мұның бәрі оңай жұмыс емес екені түсінікті. Қазір Қостанайдың өзінде 6 шағын ауданда «Qazaq бренд» дүкендері жұмыс істеп тұр.
«Ұлттық тағам – ұлт мәдениетінің бір көрсеткіші. Сондықтан ендігі ойым – Қостанайда үлкен цех салсақ деймін. Ұлттық өнім уақыт талабына сай заманауи өндіріс орнында жасалса екен деп армандаймын. Мысалы, мен қазір құрттың бір-ақ түрін жасап жатырмын. Егер цех болса, түйе сүтінен жасалған, иогурт сияқты түрлі дәмдер қосылған түрлі түсті құрттың неше түрін шығаруға болады. Мүмкіндік болмағандықтан, оны басқа қаладан алдыртып отырмыз. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатысып, тиісті мекемелерден ғимарат салатын жер сұрап көрдік. Одан еш нәтиже шықпады. Сондықтан әзірше өз орнымды таба алмай отырмын. Бірақ бұған мойымаймыз, бизнесте табандылық керек екенін түсінеміз. Түбі жеке цехымыз іске қосылады деген сенімдемін», дейді жас кәсіпкер.
Қостанай облысы