Табыстың өсуіне қарамастан, оның едәуір бөлігі тек күнделікті тамақтануға жетеді. 2025 жылы қазақстандықтар жалпы табысының 42,5%-ын азық-түлікке жұмсаған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда жоғары (40,7%). Аймақтар арасында айырмашылық айқын: мысалы, Алматыда бір адамға шаққандағы азық-түлік шығыны 843,1 мың теңгеге жетсе, Жетісу облысында тұрғындар табысының 59,1%-ын, ал Жамбыл облысында 55,9%-ын азық-түлікке жұмсаған. Түркістан облысында бұл көрсеткіш 52,9%-ды құрайды.
Ал Астана, Қарағанды және Қостанай облыстарында азық-түлік шығындарының үлесі салыстырмалы түрде төмен – шамамен 32-34% аралығында.
Азық-түлік шығындарының құрылымы да өзгеріссіз қалып отыр. Ең үлкен үлесті ет өнімдерінде – барлық шығынның 34,4%-ы (211,6 мың теңге). Бір жыл ішінде бұл санаттағы шығын 18,1%-ға артқан. Одан кейін нан өнімдері мен жарма (14,7%), сондай-ақ сүт өнімдері (10,6%) тұр. Осы үш санат жалпы шығынның шамамен 60%-ын құрайды.
Ал жеміс-жидек пен көкөніске жұмсалатын қаржының үлесі төменірек – тиісінше 9,1% және 7,7%. Балық пен теңіз өнімдеріне жұмсалатын шығын – небәрі 4,4%, ал жұмыртқаға – 2,1%. Бұл халық тұтынуының негізінен қолжетімді, базалық өнімдерге тәуелді екенін аңғартады.
Бағаның өсуі жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. 2026 жылдың ақпан айында азық-түлік бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға қымбаттаған. Бұл 2025 жылғы 6,3%-дық өсімнен екі есе жоғары. Соңғы онжылдықтағы ең жоғары қарқындардың бірі ретінде бағаланып отыр.
Өңірлер арасында ең жоғары баға өсімі Ұлытау облысында тіркелген – 16,2%. Одан кейін Ақмола (15,2%) және Солтүстік Қазақстан (15,1%) облыстары тұр.
Сарапшылардың айтуынша, азық-түлік бағасының мұндай қарқынмен өсуі жалғасса, 2026 жылдың қорытындысында халық шығынындағы азық-түлік үлесі қайтадан 50%-дан асуы мүмкін. Бұл өз кезегінде тұрғындардың басқа қажеттіліктерге жұмсайтын қаражатын азайтып, өмір сүру сапасының төмендеуіне әкелуі ықтимал.