Бағдарламалар • Бүгін, 08:30

Жастарды жігерлендірген бағдарлама

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға қоныс аударған жас­тардың бірден жоғары жа­л­ақы ұсынатын жұмыс тауып, орнығып кетуі екіталай. Тұрақты жұмысы болса да, тапқаны жал­даған пәтерінен артылмайтын жастарға, жас отбасыларға мемлекет қажетінше қолдау көрсетіп келеді. Соның бірі – 2019 жылы іске қосылған жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы. Талай жастың арманына қанат бай­лаған бағдарлама осы аралықта міндетін толық орындады деп айтуға болады.

Жастарды жігерлендірген бағдарлама

Биыл  9 қаңтарда Құрылыс кодексіне қол қойылып, заңнамаға, соның ішін­де жастар саясаты жөніндегі жекелеген тетіктерді реттеуге байланысты нор­маларға өзгерістер енгізілді. Осыған сәйкес 27 наурыздағы бұйрық негізінде «Жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларын бекіту туралы» бірқатар бұйрықтың күші жойылды. Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтады.

Бағдарламаның шарты, мүм­кіндігі туралы осыған дейін бірнеше мәрте жаздық. Пәтерді жалға алған мерзімде өз үйіне деп алғашқы жарна жинаған тұр­ғындардың сәтті мысалын нақты келтірдік. Мемлекет ұсын­ған пәтерде уақытша тұрып кел­ген азаматтарды жергілікті әкім­дік барынша қолдады. Азын-аулақ алғашқы жарнасы бар­ларға «Отбасы банкпен» бірге жеңілдетілген тұрғын үй бағ­дарламасына қатысуға мүмкін­дік жасады.

Жалдамалы тұрғын үй бас­тапқыда 5 жылға дейін жал­ға берілсе, кейінгілер 3 жыл уақыт­ша тұруға шарт жасады. Өкі­ніш­тісі, екінің біріне берілмейтін мүмкіндікті жастардың барлы­ғы сәтті пайдаланды деп айта алмаймыз. Себебі тұрақты жұмы­сы болса да келісімшарт уақы­ты аяқталған соң, пәтерін қай­тар­ғысы келмегендер болды. Олар бағдарламаның шартын жақсы білсе де, бейқам жү­ріп, алғашқы жарнасын жинап үл­гермеген. Жергілікті әкім­діктер осындай отбасыларға да барынша заң аясында көмек қолын созып бақты. Себебі заң жүзінде жалдамалы пәтерді ешкім өз меншігіне қалдыра ал­­майды. Дәл осы мәселеге қа­тысты Премьер-министрдің орын­­басары – Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақ­ша­сында пікір білдірді.

«Бұл бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзім­ге жас мамандарға қолжетімді бас­пана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарна­ға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5 мың теңге мен 15 мың теңге аралығында болды. Бағдарлама 10 мыңнан аса жасты қамтыды. Оның шарты бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланды. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Бұл ретте кейбір азаматтар­дың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсіне­міз. Алайда мемлекеттік шешім­дер заңнамаға, барлығына бір­дей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелер­де сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді», дейді вице-премьер.

Нақты санға тоқталсақ, 2019 жылдан бері тек Астана қаласы бойынша 3 220 жалдамалы пәтер берілген. Оның ішінде 1 350 азамат тұрғын үйді босатса, 1 577 тұрғынның жалдау шарты әлі аяқталмаған. Жал­дамалы пәтерден кейін ал­ғашқы жарна жинап үлгерген 626 адам бірден өз үйіне қо­ныс аударған. Алғашында бағдар­ламаға 29 жасқа дейінгі азаматтар ғана үміткер болса, бе­ріде 2023 жылғы түзетулерге сәйкес, қатысушылардың жасы 34 жасқа дейін өсті. Іріктеуде тұрақты жұмысы бар, нарық­та сұранысқа ие мамандықты мең­герген азаматтардан ғана өті­ніш қабылданған. Одан әрі үміткерлер жұмысына, отба­сылық жағдайына, мұқтаж­ды­ғына қарай іріктелді. Яғни от­басылы, бала тәрбиелеп отыр­ған жастардың әлеуметтік жағдайы ескерілді. Мемлекет ұсынған мүмкіндікке ие бол­ған жастардың алғашқы легі сатып алу құқығынсыз жалға алған пәтерін қайтарып үлгер­се, кейінгілер де осы қағида­мен үйді босатады. Себебі ­Ас­тана, Алматы, Шымкент қа­лаларында баспанаға аса мұқ­таж әлеуметтік осал топтар бар. Оның ішінде көпбалалы, асы­раушысынан айырыл­ған, мүгедек бала тәри­белеп отыр­ған, басқа да күрделі жағ­дай­да күн көріп жүрген отба­сылар­дың ертеңі алаңдатады.

а

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әрине, жалдамалы пәтерге алғашқы жарна жинап үлгер­ме­ген жастардың барлығын жаз­ғы­ра алмаймыз. Амалдың жоғынан қаржылық қиындыққа тап бол­ған отбасылар бар. Олар да ер­тең қаржылық жағдайы тұрақ­талған соң, еңсе тіктеп, тұрғын үй бағ­дарламаларына қатыса алады.     

«Ең маңыздысы, мемлекет жастарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қосымша жаңа, тұрақты бағдарламалар ұсынылды. Мәселен, «Отбасы банкімен» бірлесіп, 17 өңірде жеңілдетілген ипотекалық бағ­дарламалар іске қосылды. Соның аясында 12 мыңға жуық жас маман жаңа пәтерге ие болды. Оның 1,6 мыңнан астамы – жалға берілетін тұр­ғын үй бағдарламасының қаты­су­шылары. Сондай-ақ жас азаматтар «Отау», «Наурыз», «Нау­рыз Жұмыскер» республика­лық бағ­дар­ламалары арқылы бас­паналы болды. Бүгінде бар­лық мақұлданған өті­нім­дердің 62%-ы  35 жасқа дейін­гі аза­мат­тар­ға тиесілі», деді А.Балаева. 

Иә, жастар «Отбасы банк­тің» ұсынатын жеңілдіктерінен бө­лек, «Елорда жастары», «Алматы жас­тары», «Қарағанды жас­тары», «Алатау жастары»,  «Әулие­ата жастары», «Атырау жастары», «Қостанай жастары» сынды өңірдегі бағдарламалардың шарапатын көріп келеді. Мысалы, Астана қаласының Тұрғын үй қоры сатып алу құқығынсыз берілген жалдамалы пәтерде тұратын, жұмыс істейтін жас­тар арасында «Отбасы банк­тің» немесе «Елорда жастары» бағ­дарламасына қатысу жөнінде түсіндіруді жалғастырып жатыр. Мекеме қызметкерлері же­келеген азаматтармен кезде­сіп, тұрғын үй алудың мүм­кін­дігі туралы кеңес беруден де аян­бады. Осының арқасында пәтер жалдаған жастардың ішін­де алғашқы жарна жинап, үйлі болғандардың үлесі көбей­ді. Бағдарламаны тиім­ді пайдаланғандардың іші­нен Астана тұрғыны Алдияр Орынбасарұлының тәжірибе­сін мысал етсек, болады. Кейіп­ке­ріміз 2010 жылы Астана медицина университетіне оқуға түсіп, қалада тұрақтап қалған. Медицинада тоғыз жыл оқып, қазір осы салада еңбек етіп жүрген жайы бар.

«Бағдарлама іске асқан жылы-ақ құжаттарымызды ­тү­ген­деп, үміткерлердің қата­ры­на қосылдық. Ол кез үйленген­мін, бір баламыз болды. Комис­сия жұмыс орнымызға, бала­мыз­ға қарады. Конкурстан ­жо­ға­­ры ұпай жинаған соң, жалда­малы пәтер бұйырды. Шоқан Уәлиханов көшесінің бойын­дағы бір бөлмелі жалдамалы пә­терде уақытша тұратын бол­дық. Жалдамалы үйге айына 6 660 теңге ғана төледік. Осын­дай мүмкіндікті біз де барын­ша сәтті пайдалануға тырыс­тық. Жалақының бір бөлігін жинауға кірістік. Қазір отбасы­мыз толықты, екі баламыз бар. «Елорда жастары» бағдар­ла­масы арқылы қаладан өз баспа­на­мызды алдық», дейді А.Орын­басарұлы.

Сайып келгенде, босаған үйлерді тұрғын үй кезегіндегі мұқтаж отбасыларға үлестіру мәселесін жергілікті әкімдіктер заң аясында өздері реттейді. Тиісінше, тұрғын үй жалдау мерзімі аяқталғандар шарт талаптары мен бекітілген тәртіп шеңберінде пәтерді өткізеді. Ал жалдау мерзімі әлі тоқта­мағандар келісімшарт аяқтал­ғанға дейін пәтерде тұра алады. Тұрақты жұмысы бар талай жасқа мүмкіндік сыйлаған бағдарламаның баяны – осындай.

Соңғы жаңалықтар