Мәдениет • Бүгін, 08:40

Жаңарған музей – жаңғырған тарих

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі күрделі жөндеуден кейін жаңа келбетке еніп, қала тұрғындары мен қонақтарына рухани есігін қайта ашты.

Жаңарған музей – жаңғырған тарих

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Музей ғимаратына соңғы рет 2011 жылы күрделі жөндеу жүргізілген екен. Араға 15 жыл салып қолға алынған жаңғырту жұмысы музей кеңістігін жаңа мазмұнмен толықтырып, оны заманауи мәдени-танымдық орталыққа айналдырды. Былтыр басталған жөндеу жұмысына 400 млн теңгеден аса қаражат жұмсалыпты.

Мұражай директорының орынбасары Мөлдір Болаттың айтуынша, жаңарту барысында экспозиция мазмұнын байытумен қатар, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін енгізуге басымдық берілген.

«Экспозицияларды жаңартудағы негізгі мақсат – келушілерге тарихты жаңаша форматта ұсыну. Қазір әлем цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дәуіріне қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған еді. Осыған сәйкес музей жұмысының 80 пайызы цифр­ландырылды. Жасанды интеллект көмегімен экскурсия жүргізетін жаңа алаңдар да пайда болды», дейді музей директорының орынбасары.

Жаңарған музейге табалдырық аттаған жан алдымен көне дәуірлер әлеміне сапар шеккендей әсер алады. Экспозициялар динозаврлар дәуірінен басталады. Арнайы орнатылған интерактивті тақта арқылы жасанды интеллект жасаған шағын деректі фильмді тамашалауға болады. Ал сақтар мен ғұндар кезеңіне арналған бөлімде сол заманның тынысы заманауи технология арқылы қайта жаңғырып, қонақты тарих қойнауына жетелейді.

Жасанды интеллект тарихи тұлғалардың бейнесіне де жаңа сипат берген. Көнерген фотосуреттер өңделіп, бүгінгі заманның сапалы фотоаппаратымен түсірілгендей әсер береді. Сонымен қатар көне музыкалық аспаптардың үнін тыңдауға мүмкіндік бар. Мәселен, интерактивті тақтадан жетігеннің бейнесін түртсеңіз, бірден күй әуені төгіліп, аспап туралы қысқаша мәлімет экранда пайда болады.

Заманауи технология музей кеңістігін тиімді пайдалануға да жол ашқан. Бұрынғыдай ұзын-сонар мәтін жазылған қағаз анықтамалардың орнына интерактивті тақталар орнатылған. Бір ғана экран арқылы ондаған, тіпті жүздеген жәдігер жайлы мәлімет аласыз.  Музейге келгендер үшін ерекше әсер сыйлайтын тағы бір тұс – Абылай ханның кеңесшісі болған әулие Бұқар жыраудың бейнесі. Жасанды интеллект арқылы жыраудың келбетіне жан бітіп, тіпті келушілерге бата береді.

Жалпы, музей экспозициясы 13 залдан тұрады. Онда өңір тарихы көшпелі империялар дәуірінен бастап Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңіне дейінгі уақытты қамтиды. Археологиялық олжалар, қола және ерте темір дәуірінің жәдігерлері, қазақ халқының материалдық мәдениеті, сондай-ақ Қарағанды қаласы мен облысының қалыптасу тарихы кеңінен көрсетілген.

Музейдің бір бұрышында әлемге танымал бокс­шылар Геннадий Головкин мен Серік Сәпиевтің спорттағы жетістіктері таныстырылады. Қазір музей қорында 154 мыңнан аса жәдігер сақтаулы. Жаңғыртылған экспозициялар сол құндылықтарды келушілерге жаңа тәсілмен ұсынып отыр.

Мамандардың айтуынша, музейдің жаңаруы өңірдегі туризмнің дамуына да оң ықпал етеді.

«Кейінгі жылдары музейге келетін шетелдік туристер саны көбейді. Олардың қатарында Орта Азия тарихын зерттеп жүрген ғалымдар да бар. Біздің экскурсия жүргізетін мамандарымыз үш тілде еркін сөйлейді», дейді Мөлдір Болат.

Музейдің тынысы жаңа жәдігерлермен толыққан сайын кеңейе түспек. Әсіресе Шет ауданы аумағындағы Талды қорымдарынан табылған археологиялық олжалар музей қорын байытып тұр.

Тарихи орын таныстырылымы Қарағанды облысының 90 жылдық мерейтойымен орайлас­тырылды. Өткен мен бүгінді тоғыстырған бұл игі іс-шараға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, облыстық басқарма басшылары, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің өкілдері, Ұлттық музей мен өңірлік музейлердің жетекшілері, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық-зерттеу университетінің ғалымдары және қоғам қайраткерлері қатысты.

Уақытпен үндесе жаңарған Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі – өткеннің үнін бүгінге жеткізіп, тарих пен болашақты жалғап тұрған рухани орда.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар