Саясат • Бүгін, 07:45

Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар бірқатар заңды құжатты мақұлдады. Атап айтқанда, Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт пен еліміздің Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім ратификацияланды.

Халықаралық шарт пен келісім мақұлданды

Экономикалық байланысты тереңдететін құжат

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау экономикалық серіктестіктің жаңа кезеңіне құқықтық негіз қалайды. Құжат инвестиция ағынын ынталандыруға және мемлекет басшыларының саяси уағдаластықтарын нақты экономикалық нәтижеге айналдыра отырып, бірлескен бизнес-бастамаларды қорғауды қамтамасыз етуге арналған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палатаның бүгінгі отырысында осы мәселеге арнайы тоқталды.

Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Орталық Азиядағы сауда және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын іске асырудың жарқын көрінісі.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт 26 баптан тұрады. Құжатта саяси, әскери, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзиттік, азық-түлік, өнеркәсіптік, су-энергетикалық, экологиялық, цифрлық, білім беру мен мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту көзделген. Сондай-ақ шартта тараптар парламент­аралық ынтымақтастықты да одан әрі нығайтуды қолдайды.

«Еліміз халықаралық аренада көпвекторлы, сындарлы және белсенді саясат жүргізіп келеді. Мақұлданған заңдар елімізді бейбітсүйгіш әрі ашық мемлекет ретінде айқындайтын маңызды халықаралық құжаттар топтамасын толықтырып отыр. Атап айтқанда, бауырлас Тәжікстан елімен одақтастық байланысымыз жаңа сапалы деңгейге көтерілді. Сондай-ақ Біріккен Корольдікпен қатынастарымыз да стратегиялық сипатқа ие болды. Алдағы уақытта бұл құжаттар аталған елдермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт қазіргі сын-қатерлерге бірлесіп қарсы тұруды, әскери-техникалық ынтымақтастықты дамыту арқылы өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған. Оның негізінде сауда-экономикалық, кәсіпкерлік қызметке де қолайлы жағдай­лар жасалмақ. Орталық Азия елдері арасында су ресурстарын тиімді пайдалану да басты басымдық болып қала береді.

Сенат мақұлдаған заңға қатысты пікір білдірген Палата спикері Тәжікстанмен одақтастықтың экономикалық саласына ерекше назар аударды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпы Орталық Азия елдерімен сауда және инвестициялық байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Осыған орай біз Тәжікстанмен тиісті келісімді қарастырып отырмыз. Үкімет тарапынан белгілі бір ынтымақтастық түрлері, бизнес-форумдар, басқа да шаралар көзделіп отыр. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген уағдаластықтар аясында екі елдің экономикалық ынтымақтастығын одан әрі арттыруда ауқымды әлеует бар. Бұл одақтас қатынастар туралы келісім біздің экономикалық байланыстарымыз бен экономикалық қатынастарымыздың одан әрі өсуіне, өркендеуіне құқықтық негіз болады», деді Палата төрағасы.

Мәулен Әшімбаев заң мақұлданып, күшіне енгеннен кейін, бірнеше негізгі бағыт бойынша экономикалық байланыс­тар мен жаңа инвестициялық жобалар қарқын алуға тиіс екеніне де тоқталды.

«Қазір қазақстандық кәсіпкерлердің Орталық Азияға, Тәжікстанға және тәжік кәсіпкерлеріне инвестиция салуға қызығушылығы зор. Олар да қазақстандық әріптестермен байланыстарды одан әрі кеңейтуге, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, азық-түлік өндірісі, құрылыс саласы және басқа да бағыттарда бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі болуы керек», деді ол.

Сонымен қатар отырыста «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды. Құжатта құқықтық ынтымақтастыққа, бірлескен білім бағдарламаларын іске асыруға және өзге де салаларға ерекше назар аударылған. Нақты айтқанда, британдық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу, студенттер мен оқытушылар алмасуды кеңейту, экология, «жасыл» экономика мен климаттың өзгеруіне бейімделу бағыттарындағы серіктестікті дамыту тетіктері көзделген.

Сенатор Геннадий Шиповскихтің айтуынша, әсіресе экономикалық тұрғыдан алғанда, келісім инвестиция тартуға, сау­даны дамытуға, сондай-ақ еліміз үшін басым секторларда – энергетика мен жаңартылатын энергия көздері, тау-кен өнеркәсібі, жоғары технологиялар мен цифрландыру, қаржы қызметтері, ауыл шаруашылығы мен орнықты су пайдалану бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.

«Ұлыбритания – Қазақстан экономикасына 23 миллиард доллардан аса тікелей инвестиция салған ірі инвесторлардың бірі. Келісім еліміздің болжамды құқықтық ортасы мен ашық бизнес жүргізу қағидаттары бар сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтады. Өңірлерге капитал келіп, британдық компаниялармен тікелей ынтымақтастық орнату мүмкіндігі зор», деді депутат. 

«Қорғаста» шешілмеген мәселе көп

Сенатор Сүйіндік Алдашев Үкімет басшысына жолдаған сауалында «Қорғас» шекара маңы кластерінің жұмысындағы мәселелерді көтеріп, оларды шешуге арналған бірқатар бастама ұсынды. Оның айтуынша, аталған шекарада қазір инфраструктуралық шектеулер орнап, отандық тасымалдаушыларға әкімшілік кедергілер көп.

Қорғас «Нұрлы жол», «Бір белдеу – бір жол» бағдарламалары аясында халықаралық көлік дәліздерінің дамуын қамтамасыз ететін еліміздің транзиттік инфрақұрылымындағы стратегиялық маңызды тораптардың бірі. Мәселен, 2025 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі рекордтық 30 млн тоннаны құрады. Осыған қарамастан, бұл бағыттың дамуын тежеп отырған жүйелі мәселелер көп.

«Қорғас қаласында Қазақстанның консулдығының бөлімшесін орналас­тыру, үкіметаралық деңгейде отандық жүргізушілерге шекараны жүкпен де, онсыз да еркін кесіп өту құқығын беру мәселесін пысықтау қажет. «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығын мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінің тізбесіне енгізу мәселесін қарастыру және Қазақстан мен Қытайдың арнайы экономикалық аймақтары арасында тікелей теміржол және автожол салуды бастау қажет. Бұл көлік ағындарын қайта бағыттауға және жүктемені азайтуға мүмкіндік береді», деп атап өтті сенатор.

Депутат сондай-ақ аталған мәселелер шешілсе, елдің транзиттік әлеуетін арттыруға, отандық тасымалдаушылар үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге және Қазақстанның аймақтағы негізгі логистикалық хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік беретінін баса айтты.

Ал сенатор Бибігүл Жексенбай Үкіметті цифрлық қызметтер арқылы такси мен жалпы жеткізу салаларында еңбек ететін жұмысшылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге шақырды. Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында депутат кейінгі жылдары елімізде онлайн-платформалар арқылы, әсіресе жеткізу мен жолаушылар тасымалы саласында жұмыспен қамту қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сарапшылардың бағалауынша, 394 мыңға жуық азамат цифрлық сервистер арқылы табыс тауып отыр, ал интернет-платформаларды орындаушылардың жалпы саны көбейе түскен. Депутаттың айтуынша, платформалық орындаушыларда негізгі еңбек кепілдіктері жоқ, соның ішінде табыс тұрақсыз, сақтандыру, дауларды шешудің ашық тетіктері мен платформалар тарапынан қабылданатын біржақты шешімдерден қорғау жоқ.

«Цифрлық және салықтық инфра­құрылымды реттеу бойынша мемлекет­тік жүйелер мен платформалар арасын­дағы интеграцияны ретке келтіріп, ақпарат­тық қателіктерден туындаған барлық негізсіз берешектер мен өсімпұлдарды автоматты түрде жою тетігін енгізуді қарастыру керек. Салықтық жүктемені жеңілдету үшін әлеуметтік төлемдерді есептеу кезінде шығындарды, яғни жанармай, көлік жөндеуді шегеріп тастау әдістемесін де қарастыру керек. Құқықтық мәртебе мен тарифтік кепілдіктер бағытында платформалық жұмыстың ерекшеліктерін ескеретін жеке заңнамалық акт әзірлеп, онда «тәуелсіз қызметкер» мәртебесін бекітіп, ең төменгі сағаттық төлем стандарттарын енгізу қажет. Орындаушыларды жұмыс кезіндегі жазатайым оқиғалардан, жол-көлік оқиғасынан, жарақат және т.б. міндетті ұжымдық сақтандыру платформаларымен бірлесе жолдарын қарастыру керек. Платформаларды тапсырыс бөлу принциптерін ашуға және аккаунттарды бұғаттау шешімдерін адамның қатысуымен қайта қарауға мүмкіндіктерді қарастыру керек», деп атап өтті сенатор.

Сөзінің соңында сенатор бұл салада жүйелі заңнамалық шараларды әзірлеу еңбек нарығының ашықтығын арттыруға, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге және елдегі платформалық экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасауға мүмкіндік беретінін баса айтты. 

Көру қабілеті әлсіз балалар жағдайы

Көру қабілеті бұзылған балалар толыққанды оқуға лайықты жағдаймен қамтамасыз етілмеген. Амангелді Есбай көру қабілеті әлсіз балаларға арналған білім жүйесін бейімдеу мәселесін көтеріп, бірыңғай стандарттар енгізуді, мектептерді арнайы материалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етуді ұсынды. Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында ол көру жүктемесін бақылауды күшейту және тифлопедагогтер, психологтер, дефектологтер сияқты бейінді мамандар даярлау қажет екенін айтты.

Депутаттың дерегіне сүйенсек, инклю­зивті білім беруге басымдық берілсе де Қазақ­с­танда осы салада жүйелі проблема­лар сақталып отыр. Ондай балалардың саны едәуір болса да білім жүйесі тиісті деңгейде бейімделмеген күйде қалып келеді.

Үлкен әріппен басылған оқулықтар, арнайы материалдар мен инклюзивті білім берудің басқа да маңызды бөліктері жетіспейді. Бұл оқу сапасына тікелей әсер етеді: көру қабілеті нашар балалар тез шаршайды, ақпаратты нашар қабылдайды және бағдарлау қиынға соғады. Сауал барысында Астанадағы мамандандырылған мектепті мысал ретінде келтірді. Онда инклюзивті сыныптардың болуына қарамастан жабдықтар ескірген және жаңартылмаған, бұл оқушылардың көру қабілетін сақтау мен қалпына келтіру мүмкіндіктерін шектейді.

«Ең өзекті әрі жүйелі шешімін таппаған мәселенің бірі – көзі нашар көретін балаларға арналған үлкейтілген қаріппен жазылған қажетті оқулықтардың жартысынан көбі жоқ. Қазір елімізде бастауыш, негізгі және жалпы орта білім деңгейлерінде ірі қаріппен жазылған оқулықтар мен оқу құралдары толық әзірленбеген, арнайы сызықтары бар дәптерлер, көрнекілігі күшейтілген оқу құралдары жүйелі түрде қамтылмаған. Оқу материалдары көбінесе стандартты форматта ұсынылады, бұл нашар көретін балалардың көруіне шамадан тыс күш түсіріп, оқу үлгерімінің төмендеуіне әкеледі», деп атап өтті А.Есбай.

Сенатор осыған байланысты білім берудің барлық деңгейдегі оқушылар­ға арналған ірі қаріптегі оқулықтар әзірлеп, енгізуді, сондай-ақ арнайы дәптерлермен және оқу материалдарымен орталықтандырылып жабдықтауды ұсынды. Одан басқа, оқу-әдістемелік қамтамасыз етудің бірыңғай ұлттық стандартын енгізу және офтальмологиялық және тифлотехникалық жабдықтарды жаңарту қажет. Депутат оқу үдерісінде көру бойынша жүктемені бақылауды күшейтіп, сондай-ақ тифлопедагогтер, психологтер мен дефектологтерді қоса салалық мамандардың дайындығын ұлғайтуға және жүйені қамтамасыз етуге ерекше назар аударуды ұсынды.

Соңғы жаңалықтар

Бағзыдан жеткен балбал тас

Жәдігер • Бүгін, 09:00

Шашубайдың тамы

Әдебиет • Бүгін, 08:55

Халық мұғалімі

Зерде • Бүгін, 08:52

Парасат биігіндегі ғұмыр

Тұлға • Бүгін, 08:50

«Айқаптағы» Мағжан өлеңдері

Әдебиет • Бүгін, 08:48

Сөз сайысындағы сатира

Мирас • Бүгін, 08:45

Қылқаламдағы қала тынысы

Көрме • Бүгін, 08:43

Құқықтық сауатты арттыратын алаң

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:40

Үш айда 32 адам қаза тапты

Қоғам • Бүгін, 08:25