Қоғам • Бүгін, 07:48

Кекілбаев тұлғасына арналған кітап

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемле­кет­тік бас­қару академиясы ғима­ратында мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен қызмет жолына арнал­ған «Кекілбаев тұл­ғасы» кітабының тұсау­кесер рәсімі өтті. Іс-шараға Парламент депу­тат­тары, қоғам қай­рат­керлері, зиялы қауым өкілдері және академия қызметкерлері қатысты.

Кекілбаев тұлғасына арналған кітап

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай алдымен мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Ол сөзінде мемлекеттің тұғырлы болуына, жүйелі жұмыс істеуіне мемлекет қайраткерлерінің мол үлес қосқанын тілге тиек етті. «Тұлғатану бағытына басымдық беріп, жас мемлекеттік қызметшілерге мемлекет қайраткерлерінің еңбек жолын насихаттауды қолға алдық. Былтыр Бердібек Сапарбаев туралы кітап шығарған едік. Енді, міне, абыз ағамыз Әбіш Кекілбайұлының тұлғалық болмысын танытуға арналған кітап басылып шықты. Ол кісінің қазақ руханиятына, әдебиетке сіңірген еңбегін көпшілік біледі. Алайда мемлекеттік қызметтегі қайраткерлігін көп адам біле бермеуі мүмкін. Сол себепті бұл кітап болашақта мемлекеттік қызметшілерге үлкен үлгі, өнеге болатыны сөзсіз», дей келіп, Әбіш Кекіл­байұлының мемлекеттік қызметтегі еңбектерін атап көрсетті.

Мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлтанов Әбіш Кекілбаевтың тұлғалық қырын танытуға арналған кітаптың жарыққа шыққанына ризашылық білдірді. «Әбіш – бүкіл қазаққа тән тұлға. Ол мемлекеттік қызметте жүргенде билікті ізгілендіріп, ақыл-сананың жолын ашып, интеллект кіргізуге тырыс­ты. Сол арқылы билік пен саясатты үйлестіре білді. Әбіш Кекілбаев 70 жасқа толғанда «Егемен Қазақстан» газетіне «Кекілбаев кеңістігі» деген мақала жазған едім. Сол мақаламда оның мемлекеттік қызметті қалай жандандырып, көріктендіргені туралы жан-жақты баяндадым. Әбіш – мемлекеттік қызметке көрік берген азамат. Сол себепті оның саясатта салған ізін бүгінгі біздің мемлекеттік қызметшілеріміз жалғастырып, одан үлгі алуға тиіс», деді ол.

Ал мемлекет қайраткері Қырымбек Көшербаев тарихты жалпы емес, жалқы жасайтынын алға тартып, елдің келбетін, табиғатын жерасты байлығы емес, қабырғалы азаматтары қалып­тастыратынын атап өтті. Ол Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының тұлғалар мектебін қалып­тастыру бағытында жасап жатқан жұмысын жоғары бағалады. «Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков секілді Әбіш аға да мемлекеттік қызмет пен руханият мәселелерін дұрыс ұштастыра білді. Ол кісінің жазушылығы да, мемлекеттік қызметі де бір төбе. Алайда өзім оны ең алдымен ойшыл деп қабылдаймын. Кезінде Шыңғыс Айтматов Әбіш ағаға «сарқылмайтын адам» деп баға берген еді. Шынында ол нағыз ақылдың кені болатын. Әбіш аға бір мақаласында Бекет атаны «сасқанға сая, асқанға тосқан, ұлысқа ұран, ұрпаққа ұстаз, елдің иесі, жердің киесі» деп бағалаған екен», дей келіп, Әбіш Кекілбаевты қа­ламға қанық, ғаламға танық, кем­ге тілек, елге тірек, ұлтқа жүрек болған тұлға екенін алға тартты.

Мемлекет қайраткері Сауытбек Абдрахманов кейінгі жылдарда мемлекеттік қызметшінің беделін түсіру, мемлекеттік қызметтен қашу секілді үрдістердің бой алып бара жатқанына қынжылыс білдірді. Осындай сәтте Әбіш Кекілбаевтай сан қырлы тұлғаның мемлекет қайраткері ретіндегі қырына баса назар аударудың өте маңызды екенін жеткізді. «Әбіш – ұғымға айналған адам. Әбіштің мемлекеттің қызметке келуі және осы қызметке көптеген жылын арнауы жөнінде әркім әртүрлі пікір айтады. «Мемлекеттік қызметке келмегенде, талай роман жазар ма еді», деген пікірлер де бар. Алайда мемлекет жаңадан құрылып, көп дүниенің басы ашылмай тұрған кезде қазаққа романист, публицист Кекілбаев көбірек керек пе еді? Әлде Мемлекеттік хатшы, депутат Кекілбаев көбірек керек пе еді? Менің ойымша, екінші Кекілбаев көбірек керек еді. Сондықтан Әбіш дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Себебі оның жанының жомарттығы билікті ізгілендірді», дей келіп, мемлекет басқарушы тұлғаның Әбіш Кекілбаевқа таңдауының түсуі биліктің беделін көтергенін жеткізді.

«Әбіштей қазақы, халықшыл адамның жаңа биліктен орнын табуы билікке деген сенімді арттырды. Оның мемлекеттік қайраткер ретіндегі даналығы, ұстамдылығы үлкен рөл атқарды. Мемлекеттік хатшы болып тұрғанда оның бас­тамасымен Ауыл жылы, Ұлттық тарих жылы жарияланып, қыруар жұмыс жасалды. Сондық­тан тұсауы кесіліп отырған Кекіл­баев жайлы кітап діттеген үдеден шыға­ды деп сенемін», деді Сауыт­бек Абдрахманов. Сондай-ақ ол жаңа кітап Әбіштей тұлғаның мем­лекеттік қайраткер ретіндегі мәртебесін көтеріп қана қоймай, мемлекеттік қызметшілердің де мәртебесін биіктетеді деген сенім білдірді.

Тұсаукесер рәсіміне қатысқан Парламент депутаттары Бибігүл Жексенбай, Еділ Жаңбыршин де елге қызмет етудің биік өлшемін көрсеткен Кекілбаевтың тұлғалық келбетіне қатысты жылы пікірін ар­на­ды. Сондай-ақ Бибігүл Жек­сен­­бай Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың арнайы хатын оқып берді.

«Кекілбаев тұлғасы» кіта­бын Ұлан Айхожа мен Абай Сейфул­лаұлы құрастырды. Кітапта қайраткердің Парламенттегі қызметі, Мемлекеттік хатшы ретіндегі миссиясы, елдік мүдде мен қоғамдық келісімге қатысты көзқарасы қамтылған.

Соңғы жаңалықтар

Бағзыдан жеткен балбал тас

Жәдігер • Бүгін, 09:00

Шашубайдың тамы

Әдебиет • Бүгін, 08:55

Халық мұғалімі

Зерде • Бүгін, 08:52

Парасат биігіндегі ғұмыр

Тұлға • Бүгін, 08:50

«Айқаптағы» Мағжан өлеңдері

Әдебиет • Бүгін, 08:48

Сөз сайысындағы сатира

Мирас • Бүгін, 08:45

Қылқаламдағы қала тынысы

Көрме • Бүгін, 08:43

Құқықтық сауатты арттыратын алаң

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:40

Үш айда 32 адам қаза тапты

Қоғам • Бүгін, 08:25