Тағзым • Бүгін, 07:40

Қош, Ес-аға!

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ театры тағы бір асылынан айырылды. Асанәлі аға­мыз­дың қазасына қабырғамыз қайысып, мұңнан арыла алмай жүргенде Есмұхан ағамыздың дүниеден өтуі – бізге орны толмас қайғы.

Қош, Ес-аға!

Сурет: aqshamnews.kz

Көңіл құлазып, жан жабыр­қап тұр. Кеше ғана қатар жүрген, арамызда жүре беретіндей көрінген қос тұлғаның бірінен кейін бірі аттануы өмірдің өткінші екенін сезіндірді. Екеуін тоғыстырған ортақ қасиет – халыққа деген шексіз сүйіспеншілік пен өнерге деген адалдық. Ас-аға театрдан шеттеп кеткенде арамызға қосып, қара шаңыраққа қайта  оралуы­на себепші болған да Есмұхан аға еді. Ас-ағадан ұзақ уақытқа ажырағысы келмегендей, маусым айында толар 85 жас мерейтойына да қарайламай, замандасының соңынан кете барды.

Ес-аға – саналы ғұмырын сах­­наға арнаған, театр өнерін тір­шілік көзіне айналдырып, ұлт рухымен ұштастырған тұлға. Ағаның еңбек жолына көз жүгірт­сек, қайраткерлік болмысы айқын көрінеді. Ұзақ жылдар бойы Семей театрын басқарып, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Жиырма жыл бойы табанды еңбек етіп, театрды жаңа деңгейге көтерді, көрерменнің ықыласына бөленген рухани ордаға айналдырды. Бұл – ұйым­дастырушылық қабілет­тің мықтылығы, өнерге деген шынайы жанашырлықтың белгісі.  Ал 2001–2013 жылдар аралығында қазақ өнерінің қара шаңырағын басқаруы – оның кәсіби біліктілігінің өскенінің,  беде­лінің биіктегінінің дәлелі.

Есмұхан Обаев – он үш жыл бойы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық театрдың ұжы­мына жетекшілік етіп, ұлт­тық театр өнерінің дамуына өз қолтаңбасын қалдыра алған жан. Бұл кезеңде де ол шы­ғармашылық ізденісін тоқ­татпай, сахна мәдениетінің биіктеуіне ықпал етті. Ес-аға тек басшы емес, ол – ұстаз, ол – тәрбиеші, өнердің жанашыры еді. Оның тәрбиесін көрген жас актерлер мен режиссерлер бүгінгі таңда қазақ сахнасының мақтанышына айналды. Өздері де «Обаевтың шәкірттеріміз» дегенді мақтанып айтады.

Ес-аға сәбидей сенгіш, баладай аңғал, аңқаулығы да бар, өзіне ғана жарасатын ерекше мінездің иесі-тін. Қарапайым еді, сонысымен ұлы еді. Күні кеше ғана ортамызда жүрген жайдары адам туралы «еді...» деп өткен шақта жазу қандай ауыр! Ол Ас-ағаны жалғызсыратқысы келмеді ме екен?

Жаңа қойылымдарды көруге театр залының ортасымен асық­­пай, аяңдап кеп көрер­мен ара­­сындағы өз орындарына жай­ғасатын, қауқылдаса көрі­сіп,  әде­мі әзілдерімен қағыса жөне­ліп, кеңкілдей күлетін Есмұхан ағаның бейнесі ешқашан көз алдымыздан кетпес! Қош, асыл аға!

 

Бекжан ТҰРЫС,

актер

Соңғы жаңалықтар

Кітап апталығы басталды

Руханият • Бүгін, 09:25

500 команда білім жарыстырды

Қоғам • Бүгін, 09:22

Бостандық жолы бұралаң...

Әдебиет • Бүгін, 09:20

Он мың ағаш егілді

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 09:18

Бибісараның тағы бір белесі

Шахмат • Бүгін, 09:15