Қоғам • Бүгін, 08:54

Тұлғаны сапалы білім қалыптастырады

12 мин
оқу үшін

Қай кезеңде болсын ұлт болашағын ой­ла­­ған халық ұрпағына ерекше көңіл бөледі. Ел дамуының келешегі – адам капиталында. Ал оның негізі жастарымыздың білім сапасы мен рухани-адамгершілік тәрбиесіне тікелей байланысты. Демек, білім мен тәр­бие бар жерде – даму бар, заман талабына сай өркендеу бар.

Тұлғаны сапалы білім қалыптастырады

Осы тұрғыдан алғанда, бел­гілі ға­лым, Педа­гогика ғылымдары академия­сы­ның басшысы Асқарбек Құ­са­йы­новтың ғылы­ми еңбек­тері мен зерттеулері білім кеңістігін­дегі ерекше құбылыс деп айтуға то­лық негіз бар. Оның зерттеулерін­де тек теориялық ізденіс қана емес, ел тағдырына деген азаматтық жа­уапкершілік, ұлттық мектеп­тің бо­лашағына деген шынайы жана­шырлық жатыр.

Айтулы тұлғаның әр ең­бегі әрбір азамат­қа ізгі ой салады. 2023 жылы жазған «Орта білім беру сапа­сын көтерудің ғылыми-прак­ти­ка­лық не­гіздері» деген іргелі зерттеуіндегі ел болашағы үшін жасаған дәйекті тұжырым­дары патриоттық жанашыр тілектен туған, ұлт мектебінің болашағына алаңдайтын әр тұлғаны толғандыратын еңбек. Ғылымдағы азаматтық ұстаным. Қазіргі уақытта ғылыми еңбек көп. Бірақ қоғамды ойландыратын, елдік мәселеге қозғау салатын, ұлттық сананы серпілтетін зерттеулер сирек.

Асқарбек Қабыкенұлының ең­бек­­терінің ерекшелігі – оның ғы­лыми тұжырымдарының бар­лығы нақты өмір тәжіри­бе­сімен, мек­теп практикасының қажеттілігімен, қоғам сұраны­сымен тікелей байланысады. Ол министрліктегі қыз­меттен бастап, стандарт әзірлеу, оқу­лық жасау, салыстырмалы пе­дагогика, терминология, тәр­бие, білім сапасын бағалау мәсе­лелеріне дейін барлық бағыттың ішінде жүріп еңбек еткен тұлға. Сондықтан оның зерттеулерінде мектептің күнделікті тынысы, мұғалімнің жан дү­ниесі, оқушы тағдыры, ауыл мек­тебі­нің мәселесі, ұлттық білімнің күрделі болмысы бар.

Қазір білім сапасы туралы көп айтамыз. Алайда кей жағ­дайда бі­лім сапасын тек тест нәтижесі­мен, ха­­лық­­ара­лық рейтингтермен немесе статис­тикалық көрсет­кіш­тер­­­мен ғана өлшеу­ге бейімбіз. Ал шын мәнін­дегі сапалы білім – тұл­ға қалып­тастыратын білім. Асқар­бек Құсайыновтың өмір жолына үңілгенде осы ақиқат ерекше сезіледі.

Ғалым дүниеге келген Абай облы­сының Қайнар ауы­лы – қазақ руханияты мен ұлт­тық тәрбиенің те­рең тамыры сақ­талған орта. Сол ортада қа­лып­тасқан дүниетаным, үлкенге құрмет, еңбекке адал­дық, елге қызмет ету идея­сы оның бүкіл өмірлік ұстаны­мының өзегіне айналды.

Қазіргі педагогикада «тәр­биелік орта» деген ұғым бар. Бірақ біз кейде оның шынайы мазмұнын ұмытып кетеміз. Ал Қайнар мектебінің тәжі­рибесі бұл ұғымның нақты өмірлік мо­делін көрсетеді. Бір ғана ауыл мек­те­бінен бірнеше министр, Еңбек Ер­лері, Мемлекеттік сыйлық лауреат­тары, он­да­­­ған академик мен ғы­лым док­тор­ларының шығуы – кез­дей­соқ құбылыс емес. Бұл – сапалы ұстаз бен дұрыс ұйым­дас­тырылған рухани ортаның нәти­жесі. Осы ретте, Асқарбек Құ­сайыновтың өмір жолы – ауыл мектебінің әлеуетін дә­лел­дейтін үлкен әлеуметтік-педа­гогикалық феномен.

Асқарбек Қабыкенұлы – ұлт­тық білімді әлемдік кеңістік­пен ұштас­тырған қайраткер. Оның ғылыми қызметінде­гі ма­ңыз­ды бағыттар­дың бірі – салыс­тырмалы педагогика ғы­­лымы. Ол елімізде қа­­лып­тасқан педагогикалық ой­ды халықаралық ғылыми ке­ңіс­тікпен байланыстыра отырып, әлемдік тәжірибені ұлт­тық ерек­шелікпен сабақтастыру қажеттігін дәлел­де­ді. Германия­дағы ғылыми мектеп оған жүйе­лілік, ғы­лыми дәлдік, зерт­­теу мәдениеті сияқ­­ты қасиет­терді қалыптастырды. Алайда ол ба­тыстық модельдерді меха­­ника­лық түрде көшіруге ұм­тылған жоқ. Керісінше, халық­ара­лық тәжірибені ұлттық мүд­демен үйлестіру идеясын ұстанды. Бұл – қа­зіргі білім реформасы үшін аса маңызды ұстаным. Өйткені кез келген реформа ұлттық мәдениетпен, тарихи тәжірибемен, қоғамның рухани болмысымен үйлеспесе, оның нәтижесі де әлсіз болады.

Бүгінде құзыреттілікке не­гіздел­ген білім туралы айтып жүрміз. Шын мәнінде, сол құ­зыреттілік элемент­тері ұлт­тық мектептерімізде бұрын­­­нан болған. Мұғалім оқушыны тек пән­ге үйретіп қана қоймай, үлкен өмір­ге дайындаған. Ға­лым осы мәселені өте терең түсінді. Оның пікірінше, білім сапасы – күрделі жүйе. Ол бір ғана мұғалімге немесе бір ғана оқулыққа байланыс-ты емес. Бұл – көптеген жүйе құ­раушылары­ның өзара байланысынан тұратын үлкен механизм. Ол алғаш рет орта білім беру сапасының сегіз негізгі жүйе құраушысын ғылыми тұрғы­дан негіздеп көрсетті. Олар: білім стандарттары; оқу бағдарлама­ла­ры; оқу әдебие­ті; мұғалімнің кәсі­би сапасы; білімді бағалау жүйесі; тәрбие; ғылыми зерттеу жұмыстары; басқару; материалдық-техни­калық база.

Бұл – өте маңызды ғылыми тұ­жырым. Өйткені бұрын білім сапасы көбіне жекелеген факторлар арқылы қарастырылып келсе, ғалым оны тұтас жүйе ре­тінде дәлелдеді. Ең бастысы – осы теория тәжірибеде дәлел­денді. Түркістан облысы мек­тептерінде жүргізілген экс­перимент нәтижесінде оқу­шылардың білім сапасы айтар­лықтай көтерілді. Бұл жерде ерекше мән беретін мәселе – ғалым мектептердің ішкі резер­віне сенді. Яғни білім сапасын көтеру үшін тек сырттан көмек күтпей, мектептің өзінің ішкі әлеуетін тиімді пайдалану қажет екенін дәлелдеді.

Қоғамда оқулық мәселесі жиі тал­қыланады. Бұл кездей­соқ емес. Себе­бі оқулық – білім мазмұнының өзегі. Педа­гогика ғылымдарының докторы, про­фессор А.Құсайынов­тың ғы­лы­ми қызметіндегі ең маңыз­ды бағыттар­дың бірі – оқу­­лық­тану ғылымын да­мыту. Ол оқулықты жай ғана оқу құра­лы ре­тін­де емес, ұлт­тық дүние­та­ным­ды қа­­лып­­тастыратын, оқу­шы­ның ло­ги­­ка­лық ойлауын дамыта­­­тын, тұлғаның интеллектуалдық мәде­ниетін жетілдіретін стра­тегиялық педагогикалық құ­рал ретінде қарас­тырды. Өкі­ніш­ке қарай, ұзақ уақыт бойы оқу­лық мәселесіне ғылыми-теория­лық тұрғыда емес, көбіне прак­­­ти­калық немесе редак­ция­лық дең­­­гейде қаралып келді. Ал Ас­қарбек Қабыкенұлы бұл мәсе­лені іргелі ғы­лыми кеңіс­тікке шығарды.

Ғалымның пікірінше, сапалы оқулық жасау үшін ең алдымен оның ғылыми негіздел­ген өлшем жүйесі болуы қажет. Бұл – өте ма­ңыз­ды мәселе. Өйткені бағалау өл­шемі нақты болмайынша, сапаны қамтамасыз ету мүмкін емес. Осы бағытта ол оқулықтар­дың ғылыми, әдістемелік, тілдік, психологиялық, тәрбиелік, ұлт­тық, дидактикалық сапа­ларын кешенді түрде саралайтын оқулық сапасын бағалаудың 128 ­өлшемнен тұратын жүйесін ұсынды.

Бүгінде халықаралық PISA, TIMSS зерттеулері оқушы­ның тек білім көлемін емес, сол білімді өмірлік жағ­­дайда пайдалану қабілетін баға­лайды. Осы тұрғыдан қарағанда, оқу­лық мазмұны да өзгеруге тиіс. Оқулық баланы жаттанды білім­ге емес, функционалдық сауат­тылық­қа, зерттеушілік мә­де­ниетке, сыни ойлауға, өмір­лік мәселелерді шешуге үйре­туі қажет. Оның «Оқулық жасау және бағалау теориясы» атты еңбегі – педагогикадағы маңыз­ды ғылыми жетістіктердің бірі, ұлттық ғылымға қосылған қо­мақ­ты үлес деп бағалауы­мыз керек.

Тәуелсіздік алғаннан кейін елі­міздің алдында тұрған ең күр­делі міндеттің бірі – ұлт­тық ғы­лым тілін қалыптастыру еді. Өйткені ғы­лым тілі дамы­майынша, сапалы ұлттық білім жүйесін құру мүмкін емес. Асқарбек Құсайынов бұл мәселенің тарихи маңызын терең түсінді. Сондықтан оның ғылыми жетекшілігімен жа­­рық көрген 31 томдық және кейін­гі 30 томдық салалық тер­ми­нология­лық сөздік­тер серия­сы – қазақ ғылымы­ның даму тарихындағы аса ірі интел­лек­туалдық жобалардың бірі болды. Оларды дайындауға төрт жүзден аса сала мамандарымен бірге ғалымдар, тілші ғалымдар атсалысты.

Қазіргі қоғамдағы ең өзек­ті мәсе­­­ленің бірі – тәрбие. Асқарбек Құсайынов тәрбие мәселесін стра­те­гия­лық дең­­гей­де қарастырған ға­лым. Ақ­па­раттық техно­ло­гия да­­мы­ған сайын адамзат­тың ин­тел­лектуалдық мүм­кін­­дігі арт­қаны­мен, рухани тұрақ­тылығы әлсіреп бара жатқанын әлемдік тәжі­ри­бе көрсе­тіп отыр. Осын­дай кезеңде тәр­бие мәселесін білім жүйесінен бөліп қарас­ты­ру­ға болмайды. Асқарбек Қабы­кенұлы осы мәселені тәуел­сіз­діктің алғашқы жылда­рында-ақ көтерді.

Кеңестік кезеңдегі тәрбие инс­титуттарының ыдырауы қо­ғам­да белгілі бір рухани ва­куум қалып­тас­тырғанын ол терең сезінді. Соның нәти­же­сінде елімізде алғаш рет арнайы «Тәрбие мәселелері инс­титутын» ашуға бас­тамашы болды. 25 мың респондент қатысқан әлеуметтік зерт­теу жүргізіліп, «Біз өз балаларымызды білеміз бе?» атты еңбек жарық көрді. Бұл сол кезең үшін өте батыл әрі қа­жетті ғылыми қадам еді. Өйткені тәрбие мәселесін нақты зерттеусіз, тек ұранмен шешу мүмкін емес.

Ондаған мың оқушы, мұ­ға­лім, ата-аналар қатысқан зерттеу­лер ар­қылы өтпелі кезең­де­гі отан­­дық мек­теп оқушысының әлеу­меттік-пси­хо­логиялық порт­реті жа­салды. Бүгінгі күні бұл мәселе­нің өзектілігі тіп­ті арта түсті. Жасанды интеллект дәуірінде адамды адам етіп сақтайтын басты күш – тәрбие мен рухани құндылық.Сондықтан мектеп тек білім беретін орын ғана емес, ұлттық рухты қалып­тастыратын әлеу­меттік институт болуға тиіс.

Асылында, ұстазға құрмет – ұлт­­қа құрмет. Асқарбек Қабы­кенұлы­ның еңбектеріндегі ерекше әсер ететін тұстардың бірі – ұстазға деген құрмет. Ол өзі­нің өмір жолында ықпал еткен ауыл мұғалімдерін үне­мі ерекше ілтипатпен еске ала­ды. Өз естеліктерінде мектеп мұға­лімі Күләш Жұмағұлованы ерекше тебіреніспен айтады. Қазақ ауы­лын­дағы қарапайым мек­теп оқушы­ла­рына Мәскеу уни­вер­ситетіне арналған күр­делі есептер жинағын шығар­туы – сол кезеңдегі мұғалім­нің кәсіби деңгейін ғана емес, ұстаздық миссияға деген биік жауапкершілігін көрсетеді. Бүгін­гі қоғамға дәл осындай ұстаз­дық рух жетіспей тұр­ғандай. Ұстаз – ­жай мамандық емес, ұстаз – ұлт бо­ла­шағын қалыптастыратын миссия.

Сайып келгенде, ғалым А.Құ­­са­йы­новтың ғылыми ең­бегі – Тәуел­сіз еліміздің білім тарихындағы ­ма­­ңызды руха­ни-интеллектуалдық құн­­ды­лықтардың бірі. Оның еңбек­те­рінің басты ерекшелігі – ғылым мен практиканың байланысында. Ғалым білім сапасы мәселесін ­кабинет ішінде отырып емес, мектеп өмірімен байланыстыра зерттеді. Бұл оның еңбектерінің өзектілігін көрсетеді.

Бұл зерттеулер қазіргі мем­­ле­кеттік білім саясатын жүзеге асыруда, мектеп да­муы­ның нәтиже­сін арттыру­да, оқушы білімінің сапа­сын көтеруде, тәрбие жүйе­сін жетілдіруде үлкен рөл атқа­рады. А.Құсайынов сынды тұл­ға­лар­дың ғылыми мұра­сын те­рең зерделеу – тек акаде­мия­лық қажеттілік емес, ұлттық даму­дың стратегиялық талабы. Өйткені елдің ертеңін өзгерте­тін ең үлкен күш – сапалы білім, терең ғылым, ұлттық рух­пен тәрбиеленген саналы ұрпақ. Ғалым еңбегі үлкен рухани бағдар болуы керек.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері,

ұстаз

Соңғы жаңалықтар