Энергетика • Бүгін, 15:33

Жетісу облысында ұлттық жоба аясында электр желілері жаңартылып жатыр

2 мин
оқу үшін

Жетісу облысы Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында әуе электр желілерін қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. 1972 жылдан бері ауыстырылмаған электр желілері «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жөнделіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жетісу облысында ұлттық жоба аясында электр желілері жаңартылып жатыр

Фото: ЭКСЖ жобалық кеңсесі

ЭКСЖ жобалық кеңсесінің мәліметінше, желіде өткен жылдың басынан бері 9 рет апат болып, жарық өшкен. Жоба аясында Жетісу облысында 2026 жылға арналған тек электр энергетикасы саласында 10-ға жуық жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішіндегі 3 жоба Ескелді ауданына тиесілі. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен 1,9 миллиард теңгені құрайды.  

Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан бірінші жоба – аудан орталығы – Қарабұлақ кентіндегі 10/0,4 кВ әуе желісі. Бұл желінің ұзындығы – 49 шақырым. Оның іске қосылғанына 53 жыл болған, енді ол толығымен жаңартылады. Қазірдің өзінде жоспарланған 1 104 темірбетон бағананың 800-і орнатылып қойды. Жобаны 2026 жылдың наурыз айынан қазан айына дейін іске асыру жоспарланған. 

2035 жылға дейін Қазақстанда 7 мың шақырым жаңа электр желісі салынады

«Жобаны іске асыру мектептер, ауруханалар, балабақшалар, мәдениет ошақтары, әкімшілік ғимараттар, сондай-ақ қарапайым тұрғындар мен өндіріс орындарын қосқанда, жалпы 1 076 абонентті тұрақты әрі үзіліссіз жарықпен қамтамасыз етеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде апат қаупі азайып, жарықтың өшуі сирейді, сонымен қатар кернеу сапасы артып, электр желілері тұрақты жұмыс істейтін болады», делінген Табиғи монополияларды реттеу комитеті Жетісу облысы бойынша департаментінің хабарламасында.

Елді мекенде ұлттық жоба аясында тағы 2 жоба іске асырылмақ: біріншісі – ұзындығы 47,115 шақырым болатын әуе электр желісін қайта құру жұмыстары болса, екіншісі – трансформаторлық қосалқы станцияны жаңарту жұмыстары болмақ.  

Еске сала кетейік, биыл Ұлттық жоба бойынша жалпы сомасы 626,8 млрд теңгеге 130 шақырым жылу желісін және 10 490 шақырым электр желісін жаңғырту көзделген.

Соңғы жаңалықтар