Қазақстанда абоненттер арасында кеңінен танымал болған автоқоңырау қызметі кезең-кезеңімен тоқтатылады. Бұл туралы Kcell және Beeline компаниялары хабарлады.
Kcell және Activ абоненттері үшін «Микроқоңырау» қызметі 30 маусымнан бастап жұмысын тоқтатады. Осы уақытқа дейін сервис бұрынғы тәртіппен қолжетімді болады. Компания өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда абоненттердің басым бөлігі мессенджерлерді, дауыстық хабарламаларды және басқа да цифрлық байланыс құралдарын пайдаланады. Сондықтан автоқоңырау қызметіне деген қажеттілік айтарлықтай төмендеген.
Автоқоңырау мен шетелдік нөмірлер арқылы жасалатын шабуылдарға қашан тосқауыл қойылады?
Ал Beeline компаниясының Beep Call қызметі 1 шілдеден бастап барлық абоненттер үшін өшіріледі. Оператордың мәліметінше, көптеген пайдаланушылар өткізіп алған қоңыраулардан кейін келетін автоматты қоңыраулардың қолайсыздық тудыратынын айтып шағымданған.
Сонымен қатар Tele2 және Altel операторлары әзірге бұл қызметке қатысты ресми ақпарат жариялаған жоқ. Компаниялардың ресми сайттарында да автоқоңырауды тоқтату жөнінде хабарлама жоқ.
Ұялы байланыс тарифі 151%-ға қымбаттады: Қызмет сапасына шағым көбейді
Айта кетейік, мамыр айында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына өзгерістер енгізілетінін мәлімдеген болатын. Ұсынылған түзетулерге сәйкес, автоқоңырау қызметіне тыйым салынып, өткізіп алған қоңыраулар туралы ақпарат абоненттерге тек қысқа мәтіндік хабарлама (SMS) арқылы жеткізілмек.