Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Медицинадағы мүмкіндік кеңейді
Кейінгі жылдары әлеуметтік саясаттың ауқымы кеңейіп, азаматтарды қолдаудың жаңа тетіктері іске қосылды. Бүгінде 2,5 млн-нан астам адам зейнетақы алады, 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған, мүгедектігі бар 544 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіледі.
Халықтың денсаулығын қорғау әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының қатарында қалып отыр. Осы мақсатта Үкімет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастырып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдің қай өңірінде тұрса да әр азамат сапалы медициналық көмекке қол жеткізуге тиіс. Қазір отандастарымыз мемлекет қаржысы есебінен медициналық қызметтің кең ауқымын пайдалана алады.
Олардың қатарында дәрігерлер кеңесі, профилактикалық тексерулер, күрделі операциялар мен жоғары технологиялық ем түрлері бар. Кардиохирургия, нейрохирургия, ағза трансплантациясы, онкологиялық ауруларды емдеу, сирек кездесетін дерттерге шалдыққан науқастарға көмек көрсету секілді қымбат қызметтер де бюджет есебінен қаржыландырылады. Мұндай ем-дом түрлерінің құны кей жағдайда ондаған млн теңгеге жетеді.
Соңғы өзгерістердің бірі – онкологиялық скринингтердің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілуі. Соның нәтижесінде шамамен 300 мың адам қосымша диагностикалық тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды. Денсаулық сақтау саласында қолға алынған шаралар нақты нәтиже бере бастады. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетіп, 75,97 жасты құрады.
Мемлекет есебінен көрсетілетін жоғары технологиялы медициналық көмек көлемі де жыл сайын артып келеді. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі азаматтарға күрделі операциялар мен заманауи ем тәсілдерін қолжетімді етеді. Соның арқасында қымбат ем-дом тек табысы жоғары азаматтардың ғана емес, барлық тұрғынның игілігіне айналды. Әсіресе ауыр дертке шалдыққан балаларды емдеуге басымдық беріліп келеді. Дәрігерлер жыл сайын туа біткен аурулары мен түрлі патологиялары бар шамамен 1,5 мың сәбиге операция жасайды. Оның 40 пайызға жуығы аз инвазивті эндовидеохирургиялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылады. Мұндай әдіс ағзаға түсетін салмақты азайтып, баланың тезірек сауығуына жол ашады.
Үкіметтің дерегіне сүйенсек, балалар кардиохирургиясы саласында да оң өзгерістер байқалады. Елімізде жыл сайын жүрек-қан тамырлары жүйесінің туа біткен ақауы бар балаларға екі мыңға жуық ашық операция жасалады. Кейінгі жылдары операциядан кейінгі нәрестелердің өміршеңдік деңгейі 88 пайыздан 93 пайызға дейін өсті. Бұған қоса денсаулық сақтау жүйесіне 19 инновациялық медициналық технология енгізілді. Соның нәтижесінде балаларды шетелге емделуге жіберу қажеттілігі екі есеге азайып, жоғары технологиялы көмек ел ішінде көрсетіле бастады.
Денсаулық сақтау саласындағы маңызды міндеттердің бірі – азаматтарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бұл бағытта да қолдау көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер 2018 жылы мемлекет есебінен тегін дәрі-дәрмек алған азаматтар саны 1,9 млн адамды құраса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,4 млн-ға жетті.
Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтуға бөлінетін қаржы көлемі де бірнеше есе өсті. Атап айтқанда, 7 жыл ішінде бұл мақсатқа қарастырылған қаражат 87,2 млрд теңгеден 337,4 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Ана мен бала денсаулығы – басты назарда
Әлеуметтік саясаттағы басым бағыттардың бірі – ана мен баланы қорғау. Жүкті әйелді қолдау тек босану кезеңімен шектелмейді. Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі жүктілікті жоспарлаудан бастап сәби дүниеге келгеннен кейінгі бақылауға дейінгі барлық кезеңді қамтитын кешенді модельге көшіп келеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесі де байқалады. Тәуелсіздік жылдарында елімізде ана өлімінің көрсеткіші 6 есеге төмендеді. Кейінгі 5 жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 35 пайызға азайды. Мамандар мұны әйелдер денсаулығын бақылау жүйесінің күшеюімен, ерте диагностиканың дамуы және медициналық көмектің қолжетімді болуы арқылы түсіндіреді. Қазір жүкті әйелдердің 90 пайыздан астамы жүктіліктің алғашқы 12 аптасында дәрігер есебіне алынады. Бұл түрлі қауіп-қатерді ерте анықтауға, қажетті ем-шараны дер кезінде жүргізуге мүмкіндік береді.
Ана денсаулығын қорғауға бағытталған жаңа жобалар да іске қосылып жатыр. 2025 жылғы тамыздан бастап «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Оның аясында әйелдер алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 15 түрлі тексеруден тегін өте алады. Сонымен қатар «Бір күндік клиника» жобасы дамып келеді. Бұл жүйе жүкті әйелдерге бірнеше күн не апта күтпей-ақ, қажетті зерттеулер мен мамандар кеңесін бір күн ішінде алуға жағдай жасайды.
Ел медицинасы үшін жаңа бағыттардың бірі – фетальды медицина. 2024 жылдан бері елімізде ұрықтағы патологияларды жатыр ішінде анықтап, емдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологиялар енгізіле бастады. Босандыруға көмек көрсету жүйесі де кеңейіп келеді. Қазір республика аумағында 273 қалалық және 152 ауылдық әйелдер консультациясы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, облыстық перинаталдық орталықтар жанынан 24 консультациялық бөлімше ашылған. Жаңа медициналық нысандардың іске қосылуы болашақ аналардың сапалы көмекке қол жеткізу мүмкіндігін арттыра түсті.
Ана денсаулығын қорғау жұмысы бала денсаулығын сақтаумен қатар жүреді. Сондықтан кейінгі жылдары балалар медицинасына бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай ұлғайды. Егер бірнеше жыл бұрын балаларға көрсетілетін медициналық қызметтерге 264 млрд теңге бөлінсе, бүгінде бұл көрсеткіш 585 млрд теңгеге жетті. Қазір денсаулық сақтау саласына жұмсалатын жалпы шығынның шамамен төрттен бірі балалар денсаулығына бағытталады.
Бұл қолдау нақты нәтижеге жол ашып отыр. Тәуелсіздік жылдары нәресте өлімі 7,5 есеге төмендеді. Елімізде балаларға медициналық көмек көрсетудің көпдеңгейлі жүйесі қалыптасты. Оның құрамына емханалар, көпбейінді балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар мен мамандандырылған медициналық ұйымдар кіреді. Жыл сайын туа біткен даму кемістігі анықталған шамамен 1,5 мың жаңа туған нәрестеге шұғыл медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ екі мыңға жуық балаға ашық жүрекке операция жасалады. Мұндай күрделі оталар бұрын санаулы орталықтарда ғана жүргізілсе, бүгінде жоғары технологиялы медицинаның дамуы олардың қолжетімділігін арттырды.
Балалардың толыққанды өмірге бейімделуі де назардан тыс қалған жоқ. Осы мақсатта медициналық оңалту жүйесі кеңейтіліп келеді. Қазір елімізде балаларға арналған 81 оңалту орталығы жұмыс істейді. Мұнда жүздеген мың бала түрлі емдік және қалпына келтіру қызметін алады. Сонымен қатар жаңа оңалту орталықтарын ашу, даму ерекшеліктерін ерте анықтау, дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған ерте араласу қызметтерін дамыту жұмысы жалғасып жатыр.
Әлеуметтік көмек – айтарлықтай қолдау
Мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі де айтарлықтай артты. Әсіресе құжат рәсімдеу мен сараптамадан өту тәртібін жеңілдетуге басымдық берілді. 2022 жылдан бастап елімізде мүгедектікті тағайындаудың сырттай проактивті форматы енгізілді. Азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қажетті рәсімдерді қашықтан өте алады. Қазір куәландыру рәсімдерінің 45 пайыздан астамы онлайн форматта жүргізіледі.
Биылдан бастап мүгедектік бойынша төленетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі 10 пайызға ұлғайтылды. Нәтижесінде, І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға төленетін қолдау көлемі 200 мың теңгеге дейін жетті. ІІ топ үшін бұл көрсеткіш 154 мың теңгеге, ІІІ топ үшін 117 мың теңгеге дейін өсті.
Әлеуметтік саясаттың тағы бір маңызды бағыты – табысы төмен отбасыларды қолдау. Осы мақсатта елімізде атаулы әлеуметтік көмек жүйесі жұмыс істейді. Бұл қолдау отбасының құрамы мен табыс деңгейін ескере отырып тағайындалады. Яғни көмек нақты мұқтаж азаматтарға бағытталады.
Сонымен қатар мемлекет еңбекке қабілетті азаматтардың жұмыспен қамтылуына ерекше мән береді. Әлеуметтік қолдау кәсіптік оқыту, жаңа мамандық игеру, жұмысқа орналасу мүмкіндігі және кәсіпкерлік бастамаларды дамыту шараларымен қатар жүреді. Егер отбасында еңбекке жарамды адам болмаса немесе объективті себептерге байланысты жұмыс істеуге мүмкіндігі шектеулі болса, мемлекеттік қолдау қосымша талаптарсыз көрсетіледі.
Биылғы 1 мамырдағы жағдайға сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек 34,5 мың отбасына тағайындалды. Қолдау алған азаматтардың жалпы саны 186 мың адамға жетті. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 10,6 млрд теңге бағытталды. Мемлекет тек жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Жұмыспен қамту бағдарламалары, кәсіптік оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру секілді шаралар да қатар жүзеге асырылып келеді.
Әлеуметтік саясат тек жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Кей жағдайда адамға қаржылай көмектен бұрын күтім, кеңес, оңалту немесе құқықтық қолдау қажет болады. Сондықтан кейінгі жылдары елімізде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесі кеңейтіліп келеді. Бұл қолдау мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, өздігінен күтім жасай алмайтын қарттарға, тұрақты баспанасы жоқ азаматтарға, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға, адам саудасының құрбандарына, сондай-ақ пробациялық бақылаудағы азаматтарға көрсетіледі.
Арнайы әлеуметтік қызметтер аясында азаматтарға кешенді көмек беріледі. Оның құрамына әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбекке бейімдеу, мәдени, экономикалық және құқықтық қолдау кіреді. Яғни мақсат – қиындыққа тап болған адамды уақытша қолдап қана қоймай, оның қоғамдағы қалыпты өмірге қайта оралуына жағдай жасау. Қазір республика аумағында мұндай қызметтерді көрсететін 649 лицензияланған ұйым жұмыс істейді. Биылғы 1 маусымдағы жағдайға сәйкес, арнайы әлеуметтік қызметпен 103 мыңнан астам адам қамтылған. Олардың ішінде 60 мыңнан астам азамат қажетті көмекті өз үйінде алады. 18 мыңнан астам адам стационарлық мекемелерде қызмет көрсетумен қамтылған. Сонымен қатар жартылай стационарлық ұйымдар мен уақытша орналастыру орталықтарында да мыңдаған азаматқа қолдау көрсетіліп келеді.
2025 жылдан бастап арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау жүйесі енгізілді. Енді мұндай мекемелерде білікті мамандардың болуы, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі, санитарлық талаптардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі жүйесінің болуы және қозғалысы шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастырылуы міндеттелді.
Сапалы білімге жол ашылды
Білім саласында жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсатының бірі – қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту. Осы бағытта кейінгі жылдары мектеп инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам жаңа мектеп салынды. Бұл көрсеткіш ұзақ жылдар бойы білім жүйесіндегі күрделі мәселелердің бірі болып келген үш ауысымды мектептердің санын 4 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Алдағы уақытта да бұл жұмыс жалғасын таппақ. Биылдың өзінде тағы 53 мың оқушы орнына арналған 96 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жаңа мектептер салумен қатар қолданыстағы білім ошақтарын жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Алдағы үш жыл ішінде 1300 мектепке күрделі жаңарту жүргізу көзделген. Оның 820-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Биылдың өзінде 215 мектеп жаңартылды. Жаңғырту тек ғимараттың сыртқы келбетін өзгертумен шектелмейді. Пәндік кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталып, асханалар мен спорт залдары жаңартылып жатыр. Қауіпсіздік жүйелері де толық ауыстырылмақ.
Баланың дамуы мектеп табалдырығынан емес, мектепке дейінгі кезеңнен басталады. Сол себепті мемлекет мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесін кеңейтуге басымдық беріп отыр. Қазір Қазақстанда 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 5,3 мыңы мемлекеттік болса, 6,6 мыңы жекеменшік секторға тиесілі. Бұл ұйымдарда бір млн-нан астам бала тәрбиеленуде. Бүгінде 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 70,9 пайызға жетті. Ал кезекте тұрған балалар арасында бұл көрсеткіш 96 пайызды құрайды.
Мектепке дейінгі білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында жаңа қаржыландыру тетіктері де енгізіліп жатыр. Соның бірі – ваучерлік қаржыландыру жүйесі. Қазір бұл жоба еліміздің 20 қаласы мен 23 ауданында сынақтан өтуде. Жобаға 6 мыңға жуық ұйым қатысып, 936 мыңнан астам ваучер берілді. Жаңа тәсілдің алғашқы нәтижесі де байқалады. Балабақшаға кезек күткен балалар саны айтарлықтай азайды. Егер бұрын республика бойынша кезекте 160 мың бала тұрса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 мыңға дейін қысқарған. Кейінгі үш жыл ішінде мектепке дейінгі ұйымдарда 223 мың жаңа орын ашылды. Ал 2027 жылдың соңына дейін тағы 76,5 мың орын құру жоспарланып отыр.
Жалпы, білім беру саласындағы сұраныс айтарлықтай өсті. Халық саны көбейіп, жаңа мектептерге қажеттілік артты. Осыған байланысты мемлекет тек бюджет есебінен мектеп салумен шектелмей, білім беру инфрақұрылымын дамытуға жекеменшік секторды да кеңінен тартып келеді. Мұндағы негізгі құралдардың бірі – мемлекеттік білім беру тапсырысы. Бұл тетік арқылы қаржы мектептің меншік нысанына емес, оқушыға бағытталады. Бала мемлекеттік мектепте оқыса да, жекеменшік білім беру ұйымын таңдаса да, мемлекет оның білім алуына қолдау көрсетеді.
Жүйені цифрландыруға да басымдық берілді. 2025 жылдан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландырудың барлық кезеңін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған қанатқақты жоба іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – бюджет қаржысының қозғалысын ашық ету, оқушылар санын нақты есепке алу және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.
Бүгінде e-Qazyna платформасы арқылы 6 325 мектеп цифрлық жүйеге қосылған. Оның ішінде 5 443 мектеп мемлекеттік секторға тиесілі. Сонымен қатар мемлекеттік білім беру тапсырысын орындайтын жекеменшік білім беру ұйымдары да осы жүйеге енгізілген.
Жоғары мектеп пен ғылымдағы жаңа серпін
Мектептен кейінгі білім алу мүмкіндігін кеңейту де мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі болып отыр. Кейінгі 5 жылда жоғары білімге бөлінетін грант саны айтарлықтай көбейді. Егер 2020 жылы мемлекеттік гранттар көлемі 65,1 мыңды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 93,2 мыңға жетті. Мыңдаған жас жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Грант санын көбейтумен қатар жастарды қолдаудың қосымша тетіктері де іске қосылған. Жекелеген өңірлердің түлектеріне арнайы гранттар бөлінеді. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры, бизнес қауымдастық пен жоғары оқу орындарының өз қаражаты есебінен де жастарға білім алу мүмкіндігі ұсынылады. Студенттерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау көлемі де ұлғайды. Мәселен, бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы кейінгі 5 жылда екі есеге жуық көбейіп, 26,2 мың теңгеден 52,4 мың теңгеге жетті. Педагогикалық мамандықта оқитын студенттер 84 мың теңгеге дейін шәкіртақы алады. Магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы да осы кезеңде 1,75 есеге артты. Студенттік өмір сапасын жақсарту мақсатында жатақхана құрылысы да жалғасып келеді. Тек 2025 жылдың өзінде 10 мыңнан астам орынға арналған 30 жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Сонымен қатар мемлекет ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастарға және І, ІІ топтағы мүгедектігі бар студенттерге жатақханада тұру шығындарын өтеу арқылы қосымша қолдау көрсетеді.
Дарынды жастарды қолдаудың маңызды құралдарының бірі – халықаралық «Болашақ» бағдарламасы. Үш жыл ішінде бағдарлама аясында 994 стипендиат әлемнің жетекші университеттерінде білім алды. Олардың басым бөлігі ақпараттық технологиялар, инженерия, машина жасау, медицина, қаржы, құқық секілді экономикаға қажетті бағыттарда даярланып жатыр. Сонымен қатар 342 маман шетелдің жетекші ұйымдарында кәсіби тағылымдамадан өтті. Биыл бағдарлама тарихындағы жаңа кезең басталды. 2026 жылдан бастап халықаралық олимпиадаларда, ғылыми байқауларда, шығармашылық жарыстарда жеңіске жеткен дарынды жастарға арналған бакалавриат бағыты ашылды.
Мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды ұлғайтып қана қоймай, жас ғалымдарды қолдау, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігін кеңейту, тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты қадамдар жасап келеді. 2025–2026 оқу жылына докторантураға 2 919 мемлекеттік грант бөлінді. Бұған қоса индустриялық PhD бағдарламасы арқылы экономиканың басым салаларына қажетті мамандар даярлау мақсатында қосымша 110 грант қарастырылған.
Жас зерттеушілерді қолдауға арналған арнайы бағдарламалар да жалғасып жатыр. Соның бірі – «Жас ғалым» гранттық қаржыландыру жобасы. Бағдарлама аясында жыл сайын жас зерттеушілердің ғылыми жобаларын жүзеге асыруға мың грант бөлінеді. Ғылыми ортадағы дарынды жастарды ынталандыру мақсатында заңнамалық деңгейде жыл сайын берілетін «Үздік жас ғалым» сыйлығы бекітілді. Бұл марапат перспективалы зерттеушілерді қолдауға әрі ғылымның беделін арттыруға бағытталған.
Халықаралық тәжірибе жинақтау мәселесіне де ерекше назар аударылып келеді. 2021 жылдан бері «250 ғылыми тағылымдама» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның аясында қазақстандық ғалымдар әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында білім алып, тәжірибе жинақтайды. Кейінгі 5 жыл ішінде шетелдік ғылыми тағылымдамаларға 1 543 қазақстандық зерттеуші жіберілді. Олардың 62 пайыздан астамы – жас ғалымдар.
Жас ғалымдардың баспана мәселесін шешу де күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінде 722 жас ғалым тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 584 зерттеуші Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» акционерлік қоғамының бірлескен бағдарламасы арқылы баспана сатып алуға мүмкіндік алса, тағы 138 жас ғалымға пәтер өтеусіз негізде берілді.