01 Сәуір, 2015

Экология – ертеңіміз үшін ерекше орны бар сала

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының прези­дент­тігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов елордадағы «Астана-Зеленстрой» АҚ кәсіпорнында болды.  Кездесу кезінде Әбілғазы Құсайынов бірлестік жұмысшы-қызметкерлерін өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарымен таныстырды. Президенттікке кандидаттың сөзіне қарағанда, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басында болған күрт экономикалық өсім қоршаған табиғи орта мүмкіндіктері тиісті деңгейде есепке алынбай жүзеге асырылды. Сөйтіп, қоршаған ортаға асыра салмақ салынды. Осының салдарынан Табиғат-ана тозып, көптеген экологиялық проблемалар бой көрсетті. Осыған мысал ретінде Ә.Құсайынов жер ресурстарының кедейлене бастағанын келтірді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай жағдай табиғи байлықтарды тиімсіз пайдаланудан орын алып отыр. Осылайша жыл сайын әлемдік ауыл шаруашылығы айналымынан шамамен 7 миллион гектардай құнарлы жер шығып қалуда. Бұл үдеріске негізгі себеп – өсе түсіп отырған урбанизация мен су және жел эрозиясы, сондай-ақ, химиялық және физикалық қуаңдану. Осы және басқа да экологиялық проблемаларды дереу шешу адам баласының алдында тұрған басты міндет болып табылады. Бұл адамзаттың болашақтағы тіршілігі мен табысты дамуы үшін қажет. Кездесуде сөз сөйлеген Ә.Құсайынов адамзат қоршаған ортаны қалай өзгерткісі келгенімен, Жер бетіндегі өмір табиғаттың қатаң заңы бойынша дамып келе жатқанын атап көрсетті. «Нақ сондықтан, адамзат өркениеті өзінің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін осы заңдар мен қағидаттарға арқа сүйеуі керек. Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – Адам баласының Жер бетінде тіршілік кешуіне негіз қалайтын басты қағидаттардың бірі. Кезінде ұлы философтардың өзі айтып кеткендей, табиғатты оның заңдарына мойынсұнып қана бағындыруға болады», деді ол. Ә.Құсайыновтың сөзіне қарағанда, Адамның Табиғатпен өзара іс-қимылы өзіндік ерекшелікке ие. Адам – ақыл-ой иесі және бұл оған өзінің табиғаттағы орны мен Жердегі міндетін сезінуіне мүмкіндік береді. Бүгінде адам тұтастай планетаның экологиялық дамуы функциясын басқаруды өз мойнына алуға толықтай қабілетті. Осы орайда, біздің бірінші кезектегі міндетіміз – табиғи байлықтарды тиімді және жоспарлы пайдалану, қоршаған ор­таны ластанудан қорғау, мемлекеттік бақы­лау жүйесін жоспарлы негізде енгізу. Осының барлығы, түптеп келгенде, болашақ ұрпақ қажеттіліктерін қана­ғаттандыруға жағдай туғызатын болады. Ә.Құсайынов экологиялық ағарту қызметін маңызы айтарлықтай мәселе деп есептейді. «Біз балаларға жас­тайынан экологияның аса қарапайым қағидаттарын үйретіп, олардың бойларына табиғат пен қоршаған ортаны шын мәнінде көздің қарашығындай сақтау керектігін сіңірулеріміз керек», деді осы орайда Ә.Құсайынов. «Астана-Зеленстрой» жұмысшы-қызметкерлерімен кездесуде, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да сөз сөйледі. Р.Жоламан өзінің сөзінде рес­пуб­ликалық сайлауалды штабының қызметін ұйымдастыру туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жос­парлары туралы жан-жақты айтып берді. «Қазақстан Республикасының пре­зи­денттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов өзінің сайлауалды бағдарламасына сәйкес, жұртшылықтың назарын адам өміріндегі аса маңызды мәселелерге аудармақ болып отыр. Мәселен, ол бүгінде және болашақта адамзаттың толыққанды өмір сүруі тікелей байланысты болып табылатын планетамыздағы экология мен биологиялық әртүрлілікті сақтау мәселелерін ту етіп көтермек ниетінде», деді сөзінің қорытындысында Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.
Соңғы жаңалықтар