01 Сәуір, 2015

Батыстық құндылықтарға бас ұра бермейік

607 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының президенттігіне Қазақстан Ком­мунистік халық партиясынан кандидат, ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздықов Астана қаласында Еуразия гуманитарлық университетінің бір топ студентімен кездесті. «Бүгін батыстық құндылықтар рухани құлдырауға, адамгершілік босөкпелікке, жеңіл пайда табу мен арсыздыққа алып келуде. Батыс елдерінде бірінші орынға өзімшілдік шығып отыр және ол қалыпты өмір ұстанымына айналған. Осының барлығы қайғылы жағдайларға алып келуде: осы елдерде жалғызілікті қарт кісілер саны уақыт өткен сайын өсе түсіп отырса, іс жүзінде туу көрсеткіші жылма-жыл төмендеуімен ерекшеленеді», деп атап өтті өзінің сөзінде Тұрғын Ыс­қақұлы. Қазақстан Республикасы прези­дент­тігіне кандидат Т.Сыздықов, сондай-ақ, кездесуге қатысушылар назарын, бүгінде өзінің пікірінше, жасанды мұраттарды насихаттайтын батыстық бұқаралық мәдениеттің теріс ықпал ететін салдарларына аударды. «Батыстық кинематографтың өнім­дері іс жүзінде іріп-шірітетін қағи­даттарды алдыңғы кезекке шығарады. Құндылықтардың осындай орын алмасулары ешқандай жоғары мән-мағынасы жоқ  беймарал әдемі өмірге бас июшілікті насихаттайды. Ал мұның шынайы өмірге үш қайнаса сорпасы қосылмайды», деді өзінің сөзінде Қазақстан Коммунистік халық партиясынан президенттік сайлауға түсіп жатқан Тұрғын Ысқақұлы. Президенттікке кандидаттың пікірінше, голливудтық кино өнімдері қандай жолмен болса да табысқа қол жеткізу мақсатында еш нәрседен тайынбайтын кеудемсоқтық қағидаттарын барлық басқа құндылықтардан жоғары қояды. Ал Голливуд киноларындағы қатыгездік жоғары идеалдар деңгейіне дейін әспеттелсе, ол шынайы өмірде ешқандай жаза тартпайды дейтін өтірік бір елес қалыптастырады. Т.Сыздықов атап өткендей, барлық батыстық фильмдерде өмір мен адамға қатысты тұтынушылық көзқарас насихатталады. Бұл насихаттың негізгі мақ­саты адамды қалыпты өмір сүру үшін өзіне қажеттіден мүмкіндігінше көбірек қарпып қалуға мәжбүрлеу болып табылады. Демек, бұдан шығатын қорытынды, дейді президенттікке кандидат, басты құндылық ретінде рухани емес, материалдық байлық алдыңғы кезекке шығады. Т.Сыздықов, сонымен қатар, батыс­тық тамақтану мәдениетінің теріс ықпалы мәселелеріне тоқталып өтті. «Бір қарағанда фаст-фуд өте ыңғайлы және үнемді тамақ ретінде көрінеді. Бірақ бүгінде ондай тағамның адам ағзасына қандай зиян тигізетінін ойланатын уақыт жетті. Фаст-фуд сияқты тағам түрлерін дайындауға және сатуға  құрылған бизнес оның иелеріне арзан да төмен сапалы өнім есебінен жақсы табыс әкеледі. Оның үстіне, мұндай зиянды азық кең көлемде жарнамаланып, тұтынушыға тықпаланады десе де болады», деп атап өтті өзінің сөзінде Тұрғын Ысқақұлы. Еуразия гуманитарлық универ­сите­тінің бір топ студентімен кездесу бары­сында, кандидаттың сайлау­алды шта­бының жетекшісі Айқын Қоңы­ров та сөз сөйледі. Атап айтқанда, ол Т.Сыздықовтың сайлауалды бағдар­ла­масында көтеріліп отырған мәселелер егжей-тегжейлі зерттелгенін және жан-жақты ойластырылғанын мәлімдеді. «Бүгінде екі тарап үшін де өте жемісті кездесу болды ғой деп ойлаймын. Біз Тұрғын Ысқақұлы батыстық стан­дарттар мен құндылықтардың теріс ықпалы мәселелерін орынды көтеріп отыр деп есептейміз. Біздің түрлі өңірлерде әлі бірқатар кездесулер өткі­зуіміз жоспарланған. Сол кездесулерде біз жұртшылықтың назарын, соны­мен қатар, компьютерлік ойындар мен әлеуметтік желілердің зиянды ықпа­лына аударуды ойластырып отырмыз», деді өзінің сөзінде президенттікке кандидаттың сайлауалды штабының жетекшісі А.Қоңыров. Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов студенттер тарапынан қойылған кейбір сұрақтарға жауап қайтарып, өзінің сайлауалды штабының әрі қарайғы жұмыс жоспарлары туралы әңгіме қозғады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.
Соңғы жаңалықтар