02 Сәуір, 2015

Әлемге тарайтын әуен

517 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
РадиоЖақын арада АҚШ-тың классикалық радиосының әуе толқынында қазақ музыкасы орындалатын болды. Халықаралық ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мақсатында «Classical KUSC» (Лос-Анджелес, АҚШ) радио­стансасының бас мамандары Бренда Барнерс (Оңтүстік Калифорния уни­верситетінің радио және «Classical KUSC» президенті) және Кристофер Мендез (заманауи технологиялар маманы) Алматыдағы «Classic» радиосында («Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамына кіреді) қонақта болғанда осы мәселеге орай журналистерге өз пікірлерін білдірді. «KUSC» радиосының президенті Бренда Барнс: «Бұл радио мен көрген классикалық музыканың үздік радио­ларының бірі. Сіздермен танысып, әрі ұзақ мерзімді әріптестікке қол жеткіз­генімізге қуаныштымыз. Қа­ла­ның көрікті жерлерін аралап, жақсы әсерге бөленген жайы­мыз бар. Бізге қазақ халқының қонақжайлығы, кәсіби қарым-қабілеті ұнады. Қа­зақ­станның қазіргі табыс­тары­на таңғалмасқа лажың жоқ», деп ағынан жарыла әңгімеледі. Ал, «Classic» радиосының директоры Раушан Жұ­маниязова әріптесінің пікіріне орай  «Лос-Анджелестік әріптестерімізбен кездесуіміз сәт­ті өтті. Біз көптеген пайдалы ақпа­ратқа қол жеткіздік. Ең бастысы, Лос-Анджелесте, Сан-Францискода, Санта-Барбарада, Санта-Кларита мен Палм-Спрингста, Таузенд-Оукстте қазақ музыкасын, біздің композиторлар мен орындаушылардың өнерін әуе толқынында тарататын тұрақты бағдарлама туралы келісімге қол жеткіздік. Қазақ әуенінің әуе толқыны арқылы әлемге паш етілуі біз үшін өте маңызды», деп атап көрсетті. Екіжақты кездесулер классикалық музыка форматында хабар тарататын радионың ерекшелігі туралы мәселелерге, мәдениет пен өнер­ді дамытуға, жаңа медиаға арнал­ды. Талқылауға, сондай-ақ «Қазақ­стан» РТРК интернет редакция бө­лімінің қызметкерлері және Құрман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консер­ваториясының студенттері қатысты. Айта кету керек, «Classic» радиосы хабар таратуы толығымен түрлі жанрдағы және ұлттық мектептердің академиялық музыкасына негізделген бірегей радиостанса болып табылады. Бұл – Қазақстан аумағындағы классикалық музыканың тұңғыш және жалғыз радиостансасы. Радио 2011 жылдың 6 маусымынан бастап жұмыс істейді десек, қазіргі уақытта екі ірі қалада, Алматы (102,8 FM) мен Астанада (102,7 FM) хабар таратуда. Сондай-ақ, «Classic» радиосы әлем бойынша барлық әріптестерімен тығыз қарым-қатынаста қызмет етеді. Әсіресе, Мюнхенмен («BR-klassik») және Мәскеумен («Орфей») жасалған ынтымақтастық табысты жалғасуда. Ал, «BBC 3» (Лондон) және «Radio Classique» (Париж) радиостансаларымен ынтымақтастық қарым-қатынастар мұнан да ауқымды бағытта дамып келеді. «Classical KUSC» радиосына келсек, АҚШ-тағы классикалық музыканың ірі қоғамдық радиостансасы болып табылады. KUSC-тің негізгі міндеті классикалық музыканың Оңтүстік Калифорния тұрғындары өмірінің ажырамас бөлшегі ретінде сақтап қалу және дамыту болып табылады. Радиостансаның тарихы 60 жылды қамтиды. Рауан ЕСҚАЛИ.