02 Сәуір, 2015

Қайырымдылық кеші сырқат сәбиге үміт отын сыйлады

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Әлихан қазір 5 жаста. 4 айлығында тал­ма ауруына ұшырап, мүгедек болып қал­ған. Ал, 3 жасында сөйлеуден қал­ды. Ата-анасы туған-туыстарының, еңбектес әріп­тестерінің, жұртшылықтың қар­жылық қолдауы арқасында оны былтыр Герма­ниядағы жетекші клиникалардың бірінде емдетіпті. – Шетелде емдеткелі ұлымыз тәуірленген сыңайлы. Аздап тілге келе бастағаны қуантады. Ондағы дәрігерлер құлан-таза сауығып кетуіне кепілдік бергенімен, күрделі операцияларға қомақты ақша керек. Оған шамамыз келмейді, – дейді ерлі-зайыпты Жапаровтар. Алаңсыз балалық шақтың қызығын көре алмай өсіп келе жатқан «бауыр еті – бала» үшін қатты қиналған әкесі Самат бірқатар танымал әншілерге телефон соғып, көмек қолын созуды өтінген. Қазақстандық эстрада жұлдыздары арасынан Майра Ілиясова мен Нұрлан Өнербаев баланың еміне қажетті қаражатты жинауға көмектесу мақсатымен концерт өткізуге келісім берген. Бұл бастамаға облыс әкімдігі де қолдау көрсеткен. Кішкентай Әлихан үшін ұйымдастырылған «Өмірге құштарлық» атты қайырымдылық кешіне жиналған жұртшылықта есеп болмады. Қызылжар өңіріне арнайы ат терлетіп келген майталман өнер иелері 3 сағатқа жуық «Метро» концерт залын тамаша әуенге бөлеп, ерекше көңіл-күй сыйлады. Оларға белгілі продюсер Ержан Қабдуллин қосылып, кеш ажарын аша түсті. «Жан анам» қайырымдылық қорының жетекшісі Майра Ілиясова Мағжан еліне алғаш рет келіп отырғанына қарамастан үлкен әсер алғанын, тыңдармандардың ықыласы керемет тәнті еткенін жеткізді. – Қайырымдылық деген–терең әрі қасиетті ұғым. Бүгінгідей мейірім, бауырмалдық барынша кеміген тасбауыр заманда адамдардың бір-біріне деген ілтипаты ауадай қажет екенін ұғынатын мезгіл жетті. Өмір ЕСҚАЛИ «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.