02 Сәуір, 2015

Керек!

290 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Елбасы Н.Назарбаев «Мейі­рімділік» ерікті қоғамы» қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына Қытай елі марапаттап, құрметтеп берген сыйлығын қақ бөліп берді. Өнеге ме? Өнеге. Қос қабатты, көп қабатты үй ме, орта ғасырлық замок па, әйтеуір зәулім-зәулім сарай салу керек шығар. Лев Толстойдың Ясная полянасынан асып түсіп, дворянша шалқып, тасып ғұмыр кешу керек шығар. Бірақ, Л.Толстойдың «Соғыс пен бейбітшілігін», болмаса «Қажымұраты» мен «Крейцер сонатасын» жазып тастаса, не арман бар? Хаммер мініп, жеке ұшақпен барып, Гавай аралында демалып, сүндет тойда тікұшақтан теңге шашу керек шығар. Алтынмен апталып, платина, күміспен күптелу керек шығар. Пендеге бәрі керек. Тәуелсіздік алған бетте бәрі­міз абдырадық, абыржыдық. Тұр­мысымыз тұралады. Қалада тұрып, далаға шығып, от жағып, ас пісірдік. Мыңжасар Әдекенов ағамыз да осы кепті басынан кешкен шығар. Ағамыз аупарткомда бірінші хатшы, совхозда директор болды. Кейін облысымыздың ауыл шаруашылығы басқармасында қой түлігінің жоғын жоқтап, барын басынан асырып отырды. Бізге жеткен аңызда төрт түліктің ішінде қой ғана Алла тағаланың шапағатын көрген дейді. Ыбырахым пайғамбарымызға көктен көк қошқар түсуі тегін болмаса керек. Құрбандық шалуға. Мыңжасар ағамыз бізден де терең болса керек. Аралас-құралас болдық. Мен осы «Орталықтың» ауыл шаруашылығы бөлімінің жап-жас меңгерушісімін. Жас деп тезек тергізіп жібермеді. Те­реземді теңеп сөйлесті, апыл-ғұпыл мінезімді көтерді. Жас­тық максимализм дейміз ғой, қазақ­шаласақ, алып-ұшып тұрған алапат жалынымды байсал таптырды. Қойға арналған талай газет беттерін бірлесіп әзірледік. Бәрі – газет тікпесінде, архивте тұр. Өтпелі кезеңнің өзек тал­дырған қиын күндері еді. Мың­жасар ағам ойды орып, қырды қырып, қырманын қызылға толтырып қоятындар санатынан емес екенін білетінмін. «Үкімет асырайды» дейтін ақпейіл аңқау «ауылдан» болатын. Біз де сол «ауылдың» қорасынан маңырап шыққан қозылар едік. Негізі естігенімді емес, көзіммен көргенімді ғана жазуға бейілмін. Ат жалында жүрген бір азаматымыз Алматының жазармандары емес, бірталай нағыз жазушыларына соғым беріп тұрыпты. Жыл сайын. Осыны жазып кеткендері де бар (Герольд Бельгер). Өзі жетісіп жүрсе, бір сәрі ғой. Мыңжасар ағамыз да Жайық Бек­тұровтың жыл сайынғы соғымын мойнына алыпты. «Естіген құ­лақта жазық жоқ» дей саламыз ғой. Бұл, енді – көзіммен көріп, қолым­мен ұстаған шарапатты шаруа. Мыңжасар ағамыз жарқы­ратып сойғызған, семіз тайды Бейбітшілік бульварындағы үйіне арқалап кіргізіп, Жайық атамның батасын алған едім. Әрине, Мыңжасар ағамның арқасында. Кенесарының суретін тәбә­рік­тей, Мағжанның «Батыр Баян» поэ­масын тұмардай сақтап, бізге, бүгінгі ұрпақтарына жеткіз­ген Жайық Бектұров. Осы екі жә­дігерді де «Орталық Қазақстан» газеті алты алаштан сүйінші сұрап, жариялаған. Ең кереметі – Қазақ­стан тәуелсіздік алмай тұрған кезде. Оны білетін, ұғатын бала болса, не арман?! Жайық Бектұров та, Мыңжасар Әдекенов те жоқ бүгін арамызда. Орындары үңірейіп тұр. Бізге пейілі тар пенделер керек пе? Керегі жоқ! Бізге кім көрінгенге емес, Жайық аталарымыздай ұлт шырақшылары үшін астындағы жалғыз атын сойып беретін Мыңжасардай ағалар керек. Керек! Мағауия СЕМБАЙ, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Қарағанды.