02 Сәуір, 2015

Құндылықтарды құлдыратпау қолымызда

2708 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
* Жазылған жайдың жаңғырығы DSC_0691

(«Құндылықтар құлдырауы», «Егемен Қазақстан», 2015 жыл, 13 наурыз)

«Құндылықтар құлдырауы» – осылай аталған мақала қоғамдық ойға қозғау салып, оқырман көңілінен шығып отыр. Оның бір дәлеліТөрегелді Шармановтың айтқандарын тарқата түскен Қуаныш Сұлтановтың мақаласы мен газет сайтындағы пікірлер топтамасы. Айтқандай Қ.Сұлтанов мақаласының өзіне де сайтта пікір жазушылар көп. Авторлар қоғамымызда құндылықтар қадірі деген мәселеге негізінен сыни тұрғыдан қарап, алдымен орын алған олқылықтарға назар аударған. Сонымен бірге, осындай пікірлерден елімізде қоғамдық құндылықтар жалпы құлдырауға түскен дегендей ой да түйілмеуге тиіс. Біз бүгін оқырман назарына ұсынып отырған мақала бір оқу орнында атқарылып жатқан игілікті істерді дәлелді келтіру арқылы құндылықтарды құлдыратпау өз қолымызда тұрғанын айшықты айғақтайды. Қадыр Мырзалиевтің «Хал­қым­ның қолтығына қыстырған градуснигімін» деген сөзі бар. Танымал адамдардың өз халқының «температурасын» түсінуі, хал-жағдайын ұға білуі және оның жан ауруын жеткізе білуі, менің пайымдауымша, осы мәселенің өткірлігінің көрсеткіші болып табылады. Академик Төрегелді Шар­мановтың – еліміздің биыл 85 жас­­қа толатын ақсақал ғалы­мы әрі дә­рігерінің «Құнды­лық­тар­дың құл­дырауы» деп аталатын мақаласы өте өзекті. Қоғамы­мыздағы құндылық мәселесін қозғаған дәл осы аға буын болып отыр. Төрегелді Шарманұлы кө­те­ріп отырған мәселе – біз­дің қоғамымыздың белгі­лі бір бө­лігінің атаққа, табыну­шы­лыққа, өз үс­тем­дігін көрсетуге, түр­лі академиялық атақтарды ие­леніп басымдық танытуға, даңқ­құ­марлыққа, тоқмейілдікке, өзін-өзі жақсы көрушілікке, дүріл­деген супертойлар, мерейтойлар өткізуге және т.б. ұмтылуы. Мақтаншақтыққа ұмтылу, даңққұмарлыққа ұмтылу – біз бүгін көріп отырған дүниелер, бұл, менің көзқарасым бойынша, қоғам бір формациядан басқа формацияға әлі жетпегенінің көрсеткіші. Егер де, Батыс психологтары талдау жүргізсе, олар бұл – өзін кем сезіну дерті, шағын халықтар комплексі дер еді. Бірақ мен мәселені бұлай қоймас едім. Менің айтпағым – біздің қоғам тағы бір рет үлкен ауыспалы үдерісті бастан өткізіп отырғаны. Және көне құндылықтар, көне дәстүрлер сақталып қалды, ал жаңасы әлі жете қойған жоқ. Осыған орай Асан Қайғының  сонау XV ғасырда «Қилы, қилы заман болмай ма? Суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?» деген жолдары еске түседі. Кешегінің құндылықтарының барлығы мүлдем басқаша жеткізілуі мүмкін. Сондықтан да Төрегелді Шарманұлының мақаласы өте өзекті болып табылады. Біз қоғамдық өнегелілікті тас-талқан ететін құбылыстарды көріп отырмыз. Егер оларға қазір тосқауыл қоймасақ, онда бір ұлттың құндылығынан тыс кешенің қалыптасуына алып келуі мүмкін. Бұл бәрібір соңында қарама-қарсы келуден айқындалады. Айтпақшы, Украинадағы дағдарысқа алып келген проблемалардың себебінің бірі осы болып табылады. Сол себепті бұл мақаланың маңызды, сақтандырушы мәні бар. Біз оны мұқият зерттеп болып, қорытынды жасауымыз керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру мақсатын қойды. Бұл тек экономикалық мақсат қана емес, әрі мәдени, тіпті, қала­саңыз, рухани-өнегелі мақсат деу­ге де болады. Төрегелді Шарманов сипаттаған картинаның осы елдерде болуы мүмкін бе еді? Жоғары мәдениет, өзара төзімділік, теңдік, еркіндік, болашаққа ұмтылу, атақ-даңққа орынды қарау – Президентіміз осылар туралы айтты емес пе? Елбасымыздың сөз сөйлеулерін, жастарға үндеулерін алып қараңыз – міне, осылар біздің болашақ құндылықтарымыз әрі тірегіміз. Мен оларды болашаққа жол сілтейтін бағыт деп санаймын және сол себепті де «Біздің қоғамымызда құндылықтардың құлдырауына жол жоқ» деп айтамын. Өйткені, қазір өткен күннен болашаққа ауысу уақыты және әрбір азаматтың мақсаты – тарихымызда болған және бар құндылықтардың ең жақсысына сүйене отырып, халықаралық жалпы адами құндылықтарды жақындату. Басшы ретіндегі, халықпен, ұжым­дармен жұмыс істейтін адам ретіндегі менің өмірлік тәжірибем менің осы жағ­дай туралы түсінігімді жеткізуге мүм­кіндік береді деп ойлаймын. Құн­дылықтар әрқашан көзқарасты көрсетеді, адамның күйін, оның осы әлемге қарым-қатынасын білдіреді деп санаймын. Егер ұжым деңгейінде алар болсақ осы құндылықтар қалыптасқан дәстүрлермен расталады. Қазір университетте қызмет атқарып жүргенімді алар болсақ, қалыптасқан ұжымның құндылықтарын білдіретін дәстүрлер осы ұжымның жалпы сипатын, жалпы адамзаттық құндылықтарын көрсететін болады. Осыған байланысты өте танымал бір мысал әңгімені еске салғым келеді. Бір күні жоғары комиссия көне ағылшын университетін тексеру үшін келеді де, ректорды оның жұмыс кабинетінен таба алмайды. Оларды таңғалдырғаны – ректор бақшада Шекспирді оқып отыр екен. Таңғалған комиссияның: «Сонда университетті кім басқарады?» деген сұрағына ол күлімдеп: «Университетті дәстүр басқарады», деген екен. Жеті жыл бұрын мені Президентіміз ұлттық медициналық университетке туындаған қиын жағдайды түзету үшін жіберген еді. Бүгінде университет мүлдем басқа. Оның бюджеті үш есеге артты: жылына үш миллиард теңгенің орнына он үшке дейін жетті. Студенттер саны бір жарым-екі есеге артты және 11 мың адамды құрайды. Жүз екі елде университеттің серіктестері бар, кез келген рейтингілерде алғашқы орындарды нық сеніммен алып отыр. Жыл сайын университет даму үшін өзінің ішкі ресурстарынан бір миллиард теңгеге дейін қаржы бөліп отырады. Біз, шын мәнінде, автономды университетке айналып үлгердік деуге болады. Мұнда әлемнің 17 елінің балалары білім алуда. Біз мемлекеттік тапсырмаларды орындап жатырмыз деп мақтанышпен айта аламыз. Мысалы, Президенттің тапсырмасын орындау аясында біз Ауғанстан үшін 200 студентті дайындау­дамыз. Бұл университет бүгінде аяғын нық басып тұр. Құндылықтарды қалыптастыру Бұл қалай болды? Мен үш нәр­сеге назар аударар едім. Біріншісі – құн­дылықтарды қалыптастыру. Универ­ситеттің құндылықтары, ең алдымен, оның тарихынан басталады. Ол жүріп өткен жолдан, оның сіңірген еңбегінен басталады. Мұнда бұл университеттің бүкіл тарихын қозғауыма тура келді. Аудиторияларды жөндеп алған соң, біз аудиторияларымыздың барлығын осы университетте қызмет атқарған ұлы ұстаздардың, профессорлардың аттарымен атадық. Мәселен, профессор С.Қарымбаев Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Биыл ол 105 жасқа толып отыр. Соғыстан кейін ол екі рет Қазақ КСР денсаулық сақтау министрі болды және екі рет, негізі өмірінің соңғы күндеріне дейін университетіміздің ректоры қызметін атқарды. Оның атымен ҚазҰМУ-дың ең жайлы аудиторияларының бірі аталды. Академик И.Қарақұлов. Ол кісі де екі рет денсаулық сақтау министрі болған, Ұлы Отан соғысына, жабық арнайы медициналық бағдарламаларға қатысқан. Ол да университет даңқын асырып отырғандардың бірі. Оның атымен тағы бір аудитория аталған. Академик А.Полосухин, негізінде, бүгінгі биохимия, патофизиологияның негізін қалады, Қазақстандағы патологтар мектебінің негізін салушы. Оның есімімен аудитория аталды. Профессор М.Брякин Ұлы Отан соғысының қатысушысы болған, еліміздегі хирур­гияның негізін салушылардың бірі. Профессор Райхан Әбікейқызы Сәтбаева, отандық терапияның негізін қалаушы. Педиатрияның негізін салушы профессор А.Авенирова. Бұл адамдар бүгінгі қазақстандық медицинаның, медицина мектебінің, осы мектептің атағының іргетастарын қалады. Олардың есімдері аудиторияларға берілді. Мұнда Кеңес Одағының Батырлары Мәншүк Мәметова мен Владимир Иваниловтар білім алған. Бірақ олар диплом алып үлгермей, сұрапыл 42-ші жылы екінші курста оқып жүрген жерінен майданға аттанды. Сонымен қатар, Социалистік Еңбек Ерлері Н.Исмагулов, Р.Нұржанова, А.Буванова, М.Гилаев, Р.Боронина, З.Мадиева, И.Әлібеков, КСРО халық дәрігері Зағипа Мадиевалар оқыған. Ол кездері Одақта мұндай халық дәрігерлері бар-жоғы бесеу ғана еді. Сондай-ақ, отандық медицина ғы­лымы мен практиканы нығайту үшін өте көп еңбек еткен көрнекті ұлы ғалымдар біздің мақтанышымыз болып табылады. Республиканың 26 академигі, 38 еңбегі сіңген қайраткерлер мен дәрігерлер. Осы есімдердің барлығын қалпына келтіру үшін біз Даңқ залын ашып, осы тұлғалардың портреттерін ілдік. Бұлардан бөлек бізде екі олимпиада чемпионы, әлем чемпиондары білім алған екен. Олардың атымен аудиториялар аталған соң, атаулы стипендиялар беріле бастады, біз студенттер мен оқытушылар құрамының өз университетін мақтан тұтуына қол жеткіздік. Біздің оқытушыларымыздың басым бөлігінің есімдері «тұңғыш» деген сөзбен қатар жүреді, сол себепті біз университетімізде Tabula prima – «Тұң­ғыштар тақтасы» арнайы университеттік стендін орнаттық, мұнда «Әлемдегі тұңғыштар», «КСРО-дағы тұңғыштар», «Қазақстандағы тұңғыштар» деген сияқты бөлімдер бар. Әлемдік дең­гейге біз үш тұлғаны шығардық, бұған ешкімнің күмәні болмасы хақ. Бұл академик, Леон Бернард қорының сыйлығының лауреаты, денсаулық сақтау саясатын қалыптастыруға үлкен ықпал көрсеткен Төрегелді Шарманов. Ұлы Хартия декларациясы қабылданған медициналық-санитарлық алғашқы көмекке арналған ДДҰ/ЮНИСЕФ тарихи Алматы конференциясын ұйымдастырған да осы адам болатын. Ол ДДҰ тамақтану орталығымен, сосын БҰҰ университетінің орталығымен әлемдегі тұңғыш ынтымақтастықта болып табылатын Қазақ Тағамтану институтын ашқан. Және ол Қазақ Тағамтану академиясының балалар тағамы зауытын ашты. Келесі академик – Бахия Атшабаров. Ол Семей ядролық полигонының адам­дардың денсаулығына әсерін зерттеген тұңғыш ғалым ретінде танылды.­ Оның еңбектері зая кеткен жоқ, нәти­жесінде ядроға қарсы қозғалысқа және полигонды жабуға алып келді. Оның негізгі еңбектерінің барлығы құпия сипатқа ие. Мен Жапонияда жұмыс істеп жүргенімде оның жапон және ағылшын тілдеріне аударылған жұмыстарын өз көзіммен көрдім. Әлемдік деңгейде мойындалған тағы бір академик – Нелли Ивановна Колычева, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол онкоморфология бойынша үлкен маман, ісіктердің географиялық патологиясының одақтағы алғашқы лабораториясын ұйымдастырған, ДДҰ-ның үш халықаралық гистологиялық жіктелуін жасау бойынша анықтамалық лабороторияларын басқарды, үш рет ДДҰ сарапшылар кеңесінің өкілі болды. КСРО деңгейінде біз академик, ба­лалар хирургиясының негізін салушы К.Ормантаев, Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті болған, оны ашуға үлесін қосқан академик А. Полосухин сынды ғалымдарды іріктеп алдық. Шамамен мұндай 10 шақты адам шықты. Республикалық деңгейде іріктеуден шамамен 70 адам өтті. Олар, көбінесе біздің елімізде алғаш рет қандай да бір өте күрделі, әлемдік деңгейдегі оталарды жасаған, диагностиканың және емдеудің заманауи әдістерін енгізген, алғаш рет жаңа қызметтер ашқан ғалымдар, олардың есімдері тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де танымал. Біз жұмыс жасай келе, тек өткен жылы ғана университетіміздің құнды­лық­тарын нақты тиянақтап алдық. Университетіміздің құндылықтары: ұстаз­дарды қадірлеу; ұрпақты жалғас­тыру; студенттерді құрметтеу; болашаққа ұмтылушылық; халыққа қызмет ету; мамандықтың беріктігі; университет абыройы. Университет әрдайым өз түлектерімен танымал болып келеді, олардың басымы медицина ғылымына, денсаулық сақтау жүйесінің дамуына, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына үлкен үлес қосты. Біз өз түлектерімізді мақтан тұтамыз. Сондықтан біз үлкен кітап шығарып, онда біздің түлектеріміздің барлық есімдері 1936 жылдан бастап жазылған. Бұл кітап Даңқ залында құрметті орында тұр. Осылайша, студенттер «Біз қайдан келдік? Біз кімбіз? Алдымызда кім тұрды?» деген сынды сұрақтарға жауап алды. Осыдан келіп біз үлкен қабырға дайындауымызға тура келді. Бұл қабырға Даңқ галереясы деп аталады. Қабырғадағы тізімде біздің денсаулық сақтау министрлеріміздің есімдері бар. Қазақстанның денсаулық сақтау министрлерінің жартысы біздің түлектеріміз. Республикалық ұйым­дардың басшылары, барлығы біздің чемпиондар, барлығы біздің академиктер. Ал жанында 1934 жылдан бергі осында білім берген біздің барлық профессорлар бар, соғыс кезінде Алматыда уақытша жаңа орынға орналастырылған мәскеулік профессорлар, академиктерді қоса. Бұл мемориалдық кешен «Ұстазыма» деп аталды. Қабырғаны біздің белгісіз оқытушымызға арналған ескерткіш аяқтап тұр. Студенттер Ұстаздар күнінде осы қабырғаға келіп, гүл шоғын қойып, біздің оқытушымызға құрметтерін білдіреді. Осылайша, университетімізді паш еткен адамдардың есімдері оқу орнының шежіресіне мәңгілікке жазылды. Дәл осы тұлғалар ҚазҰМУ-дің қазақ­стандық медицина саласында ең күшті орталыққа, көп бейінді білім беру-ғылыми бағдарламаларды жүзеге асыратын инновациялық типтегі ең ірі ЖОО-ға айналуының негізін салды. Осы құндылықтарды еске ала оты­рып, қалыптастыра отырып, біз ұжым­ның басын қоса білдік. Біз оған өз университетін мақтан тұту сезімін сый­ладық. Студенттер бірінші семестрде міндетті түрде осы курстан өтеді. Әрі біз жыл сайын үш-төрт мыңға дейінгі студентті міндетті түрде мұражаймен таныстырамыз. Осы тарихи құндылықтар кәсіби құндылықтарға да негізделеді. Біздің мамандығымыздың құнды­лығы: Бірінші – медицина саясаттан жоғары. Екінші – Медицина діннен жоғары. Үшінші – медицина түрлі әлеуметтік, саяси даулардан жоғары. Бүгінде біз Украина мен Ресей Федерациясының мысалдары арқылы кеңес мектебі дәрігерлерінің екі тарапқа да көмек көрсетіп жатқанын көріп отырмыз. Міне, осы құндылықтар мамандық барлық критерийлерден, діннен жоғары екенін, ал «дәрігер Африкада жүрсе де дәрігер» екенін және ол адамдардың нәсіліне, түсіне, қай конфессияға жататынына және басқа себептерге қарамастан, емдеуі тиіс деген құндылықтар бірінші курстан бастап-ақ болашақ дәрігердің идеологиялық негізін қалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, кәсіби құндылықтарға біз мәдениетті жатқызамыз. Сондықтан біздің бірінші курс студенттеріміздің барлығы жоспарлы түрде Алматы қаласының барлық театрларына барады. Біздің университет – он мың данаға дейін билет сатып алып, ректормен, декандармен бірге қаладағы барлық ­теа­тр­лар мен көрмелерге баратын бірден-бір ЖОО болып табылады. Келесі құндылық – көптілділік. Біз студент 60 пайыз өз тілінде, 20 пайыз екінші тілде және 20 пайыз ағылшын тілінде білім алуы тиіс деген міндетті қоямыз. Білім алу үш тілде жүргізіледі. Бұл құндылық тағы да кәсіби құндылықтан туындап отыр. Болашақ дәрігер пациенттің тілін білуі шарт (Қазақстанда бұл қазақ және орыс тілдері) және ғылым тілін – ағылшыншаны білуі керек. Кәсіби құндылықтарға қарай бейімделу біздің университеттегі медициналық білім идео­логиясын қалыптастыруға мүмкіндік тудырады. Дәстүрлерді дәріптеу Университеттегі дәстүрлер жоғарыда аталған құндылықтарды жүзеге асыруға бағытталған. Дәстүрлерге сүйене отырып, біз ілгері жылжимыз. Жылдың әр айында біздің рухани және кәсіби құндылықтарымызды нығайта түсетін іс-шаралар өткіземіз. Қыркүйек айында Білім күнін мерекелейміз. Біздің студенттеріміздің елдерінің барлық тулары осы күні жоғары көтеріледі. Салтанатты түрде көтерілген 17-18 ту. Әрі қарай бүкіл қыркүйек айында ректор, проректорлар студенттермен кездеседі. Студенттердің барлығы қыркүйек айындағы осы кездесулер кезінде ректордың, проректорлармен байланысып, кез келген сәтте өз проблемаларын шеше білу үшін олардың координаттарын, ұялы телефондарын алады. Осылайша, біз өзіміздің студенттерге деген қарым-қатынасымызды, сту­дент­терге, олардың пікіріне құрметі­мізді білдіреміз. Міндетті түрде универ­ситетіміздің рухани және кәсіби құнды­лықтары бұл құндылықтарды қабыл­дамайтын адам бұл университетте оқи алмайды деген қатаң ескерту жасау арқылы ұсынылатын болады. Сондықтан, бізде жылдар бойы ұлтаралық, конфес­сияаралық қақтығыстар туындамайды. Сосын қазан айында Ұстаздар күні мерекесі атап өтіледі. Бұл мерекені біз ұстаздарға деген құрметімізді білдіре отырып ауқымды түрде мерекелейміз. Мұны біз көпшілік болып, әртүрлі сипатта, студенттерді барынша қатыстыра отырып өткіземіз. Қарашада студенттік үкіметтің, 28 студенттік ұйымның сайлауы өтеді, есептер беріледі. Студенттердің өз декандарын сайлауы өтеді. Студенттерге деген құрметімізді білдіре отырып, біз олардың пікірін өзін өзі басқару үшін де, декан сайлауы үшін де ескеріп отырамыз. Желтоқсанда дәстүрлі түрде үш күн бойы дәстүрлі университет күндерін өткіземіз. Біз осы үш күн ішінде барлық құндылықтарымызды сынап байқауға тырысамыз. Бірінші күні 2 желтоқсан – студенттерге арналған күн. Бұл күні барлық студенттік ұйымдар бірігіп іс-шара өткізеді. Былайша айтқанда, бірінші күн студенттердің күні. Олар қонақтар шақырады, әдетте бұл еліміздің 20-30 басқа университетінен, шетелдерден шақырылған студенттер. Осы күні студенттік үкіметтің инаугурациясы өтеді, түрлі дебаттар, спорттық шаралар өткізіледі. Университет нағыз студенттік өмірге қанық болады. Екінші күні – 3 желтоқсанда біз университеттік іс-шараларды жүргіземіз. Яғни, университет медицина қауымына құрметін білдіре отырып, еліміздің өңірлерінің медицина қауымына, инс­титуттарына білім сыйлау маңызды болып табылады. Бұл күні актілік дәрістер өткізетін медицинаның әлемдік жұлдыздары шақырылады. Өте қызық дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. Үшінші күні біз әдетте ілтипат, құр­метімізді біздің кафедраларға арнай­мыз. Бізде 1900 оқытушы жұмыс істейді. Бұл күні әрбір кафедра немесе бірнеше кафедра бірлесіп өз кафедрасында дәрігерлер үшін түрлі мастер-кластар, семинарлар мен конференциялар өткізеді. Жыл сайын біз осы университет күндеріне дайындаламыз. Бізде KPI жүйесі жұмыс істейді. Бұл күні біз үздік оқытушыларға бүкіл университеттің алдында сыйлықақы ұсына отырып, ең үздік оқытушы атағын береміз. Ең үздіктер бір миллион теңге көлемінде сыйлықақы алады. Рейтингтегі үздік оқытушылардың 10 пайызы да қомақты сыйақы алады. Осы күні біз үздік кафедраны анықтаймыз, үздік студенттерді құттықтаймыз. Өткен жылдан бастап жаңа дәстүр туындады. Біз бүкіл еліміздегі үздік түлек­терімізді таңдап, олардың жетістіктерін құттықтаймыз. Қол жеткізген жетістіктер өте маңызды. Біздің түлектер тек біздің елде ғана танымал дүниелерді жасайтын ғалымдар емес, олар шетелде де өз орындарын тапқан. Мәселен, биыл біздің түлегіміз Қырғызстан Республикасының вице-премьері сайланды. Түлектеріміз БҰҰ-да жұмыс істейді, Үндістандағы, Пәкістандағы және өзге елдердегі ірі­ фирмалардың, ауруханалардың, ком­па­ниялардың басшылары қызметін атқаруда. Осыдан соң, қысқы сессияның нәти­жесі бойынша біз міндетті түрде барлық студенттерден еркін түрде анонимді сауалдама аламыз. Бізге жемқорлық, парақорлық туралы жағдайлар жақсы мәлім. Осыдан соң біз нақты бір шешім қабылдаймыз. Ақпаннан бастап соңына дейін бірнеше іс-шаралар өткіземіз. Біріншісі – театр маусымы. Мен жаңа айтып өткендей, бірінші курс студенттерінің бәрі университеттің есебінен театрға барады. Екінші курс студенттері ай сайын екі сағат міндетті түрде қоғамдық-пайдалы еңбек жасайды. Бұл, бірінші кезекте, кітапханамен, кітаптармен жұмыс істеу. Үшінші курс студенттері міндетті түрде хоспистерге, ауруханаларға өлім үстіндегі, ауыр науқас адамдармен­ жұмыс жасау үшін барады. Осы арқылы біз адамгершіліктің негізін саламыз.­ Бе­сінші-алтыншы, жоғары курс студенттері міндетті түрде мектептерде, универси­теттерде аурулардың алдын алуға қа­тыс­ты түрлі тақырыпта дәрістер оқи­ды. Бұл дәрігерлердің әлеуметтік жауап­кершілігін қалыптастыруға септігін тигізеді. Сонымен қатар, дәл осы уақытта біз ұлттық мәдениет күндерін мереке­лейміз. Ұйғыр, корей, ауған, үнді және т.б. мәдениеттерінің апталықтары, онкүн­діктері өткізіліп, онда студенттер өз елін, өз мәдениетін таныта алады. Қазақстан халқы Ассамблеясымен қарым-қатына­сымыз өте тығыз. Мұның бәрі көтеріңкі көңіл күй сыйлап, төзімділік пен біздің көпұлтты ұжымымызға өзара құрметті қалыптастырады. Шамамен мамырдың соңында біз оқу жылын қорытындылайтын дәстүрлі университеттік конференция өткіземіз. Ең алдымен бұл біздің еңбегіміздің, қандай әдістерді енгізгеніміздің қорытындысы. Біз бұл жерде оқытушыларымыздың дамып-өсу жағына назар аударуға, оқытушыларды ынталандыруға тырысамыз. Біздің конференцияларымызға еліміз­дің және шетелдердің универ­ситеттерінің 100 өкіліне дейін қатысады. Маусымда сессия кезеңі басталады. Шілде айында сессияны аяқтап, оқу жылы ресми түрде жабылады, биылғы жылы келген елдердің барлық тулары түсіріліп жиналады. Одан соң диплом табыстау дәстүрі жалғасады. Бұл дәстүр барлық жоғары оқу орындарындағыдай салтанатты түрде, мерекелік көңіл күй­мен өткізіледі. Әдетте түлектер ағаш, гүл отырғызады. Бұдан соң түлектер тізімін үлкен кітап­қа енгізуге салтанатты түрде тапсыру өтеді. Жаз кезінде көптеген студенттер құрылыс отрядтарында жұмыс істейді. Олар ең алдымен өз жатақханаларын, оқу сыныптарын, университеттің аумағын ретке келтіреді, клиникалар мен ауруханаларда жұмыс істейді. Тамыз айында оқу жылының алдында университеттік тамыз оқулары өтеді, мұнда біз алдағы жылдың мақсат-міндеттерін анықтаймыз, келесі жылдың басымдықтарын хабарлаймыз. Мәселен, өткен жыл университет ғылымына арналған болатын. Мәңгілік ел жолында Осы құндылықтардың барлығы біздің құндылықтарымызды жүзеге асырудың тетігі болып табылады және жыл сайын қайталана отырып, осы құндылықтарды ұжымның әр мүшесінің бойына бекітуге септігін тигізеді. Біздің ойымызша, құндылықтарды қалыптастыра отырып, дәстүрлерді жасай отырып, университетте жаңа қоғам жасаймыз. Біздің тәсілімізді қоғамымызға таратуды қалай­мын. Біздің қоғамда осылай жаңа мәдениет жасауға бола ма? Менің ойымша, болады. Президентіміз айтқан «Мәңгілік Ел» идея­сы өте үлкен әлеует болып табылады деп ойлаймын. Біз ұрпақтар сабақтастығын ұғына отырып, осы мәңгілікті жасауға тырысамыз. Біз өз тарихымызға қарай әрекет етеміз. Биыл бізге 85 жыл толады. Осы тарихты түсіне отырып, біз осы күнмен өмір сүреміз және болашақты арман етеміз. Біздің университетте «Мәңгілік Ел» монументі бар. Оның негізінде Елбасының идеясы жатыр – мәңгі ел – дәрігер мамандығының мәңгілік құндылықтары. Ескерткіш өмірлерін медицинаға арнаған адамдардың ішкі жанын, құндылықтарын және асқақ армандарын көрсетеді. Азаматтық белсенділік, адамгершілік, мейірімділік пен төзімділік, университет дәстүрлеріне адалдық және құрмет – міне, бұлар нағыз дәрігерді тәрбиелеудің басты қағидалары. Біздің негізгі құндылығымыз – бұл Университеттің қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі. Біздің әрекеттеріміздің барлығы осыдан бас­талады. Бізде болашаққа арналған дәстүрлер бар. Біздің қоғамның ауқымында мұндай саясатты жүргізуге болады және жүргізу қажет әрі оның болуына барлық негіздер бар деп ойлаймын. Қорытынды ретінде қосарым, ағыл­шындардың гүлзары ең жақсысы дейді. Енді, ағылшындардың өзінен «Неліктен сіздердің гүлзарыңыз өте жақсы?» деп сұрасаң, олар: «Мұнда аса ештеңе де жоқ. Тек суарып, қырқып, суарып, қырқып тұру керек және мұны үш жүз жыл бойы жалғастыра беру қажет», деп жау­ап береді. Менің ойымша, ең бастысы қолымызда бар осы құндылықтарды, дәстүрлерді жылдан-жылға жалғастырып, қолдап отыру керек. Егер бүгінгі ұрпақ кеткен кезде менің университетім не күйде болады деп көп толғанам. Басқа топ келеді. Ал университеттің осы рухани құндылықтары мен дәстүрлері мәңгі болуы үшін не істеу керек? Біздер, ректорлар мен мемлекеттік қызметкерлер келіп-кете берер едік, ал университет болса, алдыңғы мысалда мен айтып өткендей, өзінің құндылықтары мен дәстүрлері бойынша өмір сүріп дами берер еді. Бұл мәселе, әрине, өте маңызды. Осындай дәстүрлерді ағылшындар сияқты дәйім сақтап қаламыз деген үмітім бар. Айхан АҚАНОВ, С.Асфендияров атындағы медицина университетінің ректоры. АЛМАТЫ.