02 Сәуір, 2015

Тағдырымыз тасжолға тірелгендей

291 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Жасымыз ұлғайған шағында өтірік айтып неміз бар, барлық отандастарымыз сияқты біз де әр жыл сайын Тұңғыш Президентіміз Елбасының халыққа арнаған Жолдауын жақсы үмітпен күтеміз. Мемлекет басшысының әр үндеуі­нен жаңа дем, тың серпіліс сезіл­генде біздің де болашаққа, балаларымыз бен немерелеріміздің ерте­ңіне деген сеніміміз ұлғая түсе­ді. Жолдаудағы нақты қадамдар мен атқарылар ауқымды істер барлық қазақстандықтар үшін абыроймен көтеріп шығар қомақты жүк екендігін бар жанымызбен ұғамыз. Биылғы жылы да әлеуеттің әл-ауқатын, халқымыздың өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін «Нұр­лы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауда Ұлттық қор­­ды пайдалануды және оны ел эко­номикасының қандай саласы­на жұмсау қажеттігі айтылды. Атап айтсақ, көлік-логистика, энергетикалық, индус­триялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға баса мән беріп, ЭКСПО-2017 қарсаңында Астанаға әр бағыттан келетін көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғырту мәселесін төтесінен қойды. Осы ретте, көлік-логистика бағы­тын дамыту шеңберінде жа­ңа автокөлік жолдары бойын­­ша жобалардың жүзеге асы­ры­латындығы айтылған. Осының ішінде «Орталық-Оңтүстік», «Ор­талық-Шығыс», «Орталық-Батыс» жобалары және осы үш жоба атауы айтып тұрғандай, осы өңірлердегі аймақаралық мобильділіктің осал тұсын жояды деп күтілуде делінген. Мысалы, Астана мен Алматының арасы Қарағанды мен Балқаштың үстімен, ал Астана мен батыстың арасы «Астана – Арқалық – Торғай – Шалқар – Бейнеу – Ақтау» магистралімен қосылатындығы, үш жобаға Ұлттық қордан 2015 жылы 178 млрд. теңге, 2016 жылы 143,3 млрд. теңге, бөлінетіндігі және осы жобаларды толықтай қаржыландыру 2020 жылға дейін жалғасатындығы айтылған. Кар­таға үңіліп қараған әр адам да «Орталық-Батыс» жобасында ең төте жол осы «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Бейнеу – Ақтау» екендігіне шүбә келтірмейді. Барлық жол бойы елді-мекендердің үстімен өтетіндігін көруге болады. Ал кейіннен, республикалық «Экономика» газетінің осы жылғы №2 санында Мұханбет-Шәріп Кенжебай атты азаматтың мақаласында «Торғай-Ырғыз» тасжолының іргесінде Құйылыс елді мекенінен басқа 40 шақырымнан жақын бірде-бір елді мекен орналаспағандығы айтылыпты. Бұл қате де жалған дерек екендігі сөзсіз. Бұған дәлел, патшалық Ресей заманында да, кейін де Торғай мен Ырғыздың арасында әр 16-18 шақырым сайын ел қоныстанып, 1904 жылдары ең төте телеграф бағаналары қойылып, желісі тартылғандығын және өз заманында қызмет істеп қана қоймай, кейінгі кеңестік заманға дейін халыққа пайдасы тигендігін білеміз. Қазіргі таңда сол ең төте желінің бойында, әр 16 шақырым сайын қоныстанған елдің, иесіз қалмай, әлі де болса түтін түтетіп отырған халықтың бар екендігін тізбелеп айтып­ ­бере аламыз. Әңгімені аудан бойынша 13000 халқы бар Торғайдан бастасақ, 16 шақырымнан кейін Шеген ауылы, одан 16 шақырым Қарғалы ауылы, одан 16 шақырым Жыңғылды, одан 16 шақырым Түйемойнақ ауылы, одан 16 шақырым Ақшығанақ пен одан 10 шақырым жерде Қазасалған ауылы, одан 25 ша­қырым Мамыр мен, одан 15 шақырым Ырғыз ауданының Нұра ауылы, әрі қарайғы 90 шақырым бойына «Оразымбет», «Арқабай», «Жаулыбай», «Тастенбек» жеке шаруа қожалықтары орналасқан, бәрі осы күрежолдың бойында тірлігін кешуде. Және ауылдардың күрежолдан ең қашық орналасқаны 5-7 шақырым ғана болады. Бұл жолдың тағы бір тиімділігі Ырғыз ауданына келіп тұрған газды Торғай – Арқалық арқылы шығаруға қолайлы. Ол осы жолды жағалай орналасқан қаншама елді мекеннің газдануына, инфрақұрылымының өркендеп дамуына, халқының әл-ауқатының артуына алып келер еді. Ырғыз бен Торғай ұлтымыздың ұйытқысы, халқымыздың қаймағы бұзылмаған қазақи мәдениетін ұстанған халықтың қоныстанған жері, Ахмет пен Мыржақыптай алыптарды дүниеге келтірген, Ыбы­рай Алтынсариннің Қазақ­стандағы алғаш қазақ мектебін ашқан жері, осылай тізбелей берсек Торғайда тұнған тарихта шек жоқ. Тұңғиықтан тартылған шежірелері бар осындай аудандардың жол қиындығын тартуы, несін жасы­райық, қарт көңілімізді алаңдатады. Егер осы жол салынса, жол бойымен газ өтсе, онда алдағы уақытта Ырғыз бен Торғайдың қарыштап дамуына жақсы бір бетбұрыс болар еді. Газет «Халықтың көзі Һәм құлағы» деп Ахаң айтқандай, қордалы мәселелерді көтере біліп, оны жарыққа шығарушы «Егемен Қазақстан» газетіне білдірер алғы­сымыз көп. Осы ретте 2015 жылдың 26 ақпандағы № 38 санында берілген «Тасжол тағдыры» немесе «Қарабұтақ-Торғай» трассасының қисынсыздығы хақында» деген Нұрқасым Сәрсенбайұлының мақаласын толықтай оқып шықтық, мақала деректерге сүйене отырып жақсы жазылған. Көрсетілген елді мекендер де, олардың ара-қашықтығы да нақты беріліп дұрыс жазылған. Біз Торғай елінің бір пұшпағы, Ақшығанақ ауылының тұрғындары осы мақаланы толық қуаттаймыз. Біріншіден, Торғайдан Қарабұтаққа дейін төте жол салу тиімді десе, онда бұл қателік. Себебі, Торғайдан Тамбұлаққа дейін 170 км. екендігі және осы аралықта не қоныстанған ел, не салынған ескі жолдың торабы жоқтығы ақиқат. Екіншіден, Қарабұтаққа дейін тура 187 шақырым емес, 263 шақырым екендігі де сондай шындық. Бұл жолға кемінде 3 көпірдің құрылысы мен қаншама көктемгі су өткізгіштіктерін салу қажеттігі туатыны да сондай шын­дық. Астанадан Ақтауға қай жол тура екендігін қолына картаны алып қарап отырған адам Астана – Арқалық – Торғайдан келген жолдың Қарабұтақ – Ақтөбеге тартқанын көрсе, жолдың едәуір бұрылып кеткендігін байқайтыны анық, ол көзге оқшырайып көрініп-ақ тұр. Ал керісінше, «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз – Шалқар – Бейнеу – Ақтау» жолы батысқа қарай атқан оқтай тартылған жаңа көлік дәлізі болар еді. Осы жол құрылыстарын жобалауда, пысықтап бекітуде тиісті мемлекеттік өкілетті орын­дардағы, Елбасымыз сенім білдір­ген басшылық лауазымдағы тұлға­лардан ел үшін, халық үшін дұрыс шешім жасалады деп күтеміз және соған үлкен үміт артамыз. Жол бар жерде тіршілік, жол бар жерде өмір бар. Ел игілігіне салынатын жолда бала-шағамыз еңбек етсе, қосымша жұмыс орындары ашылар еді-ау деп армандап, сол жақсылықты көзіміз көрсе деп қиялдаймыз.  Манаш СҮЙІНҰЛЫ, тыл ардагері. Асанхан ШАЛАБАЙҰЛЫ, еңбек ардагері. Қостанай облысы.