Алаш арманына айналған арайлы Астана жылдармен жарыса абаттанып келеді. Астананың асқақтығы туралы алты жыл бұрын ауыз толтыра айтқандарымыз ару қаланың мүшелге қараған қазіргі кездегі көркіне астар болмай барады. Сәулет өнерінің жауһарлары саналатын “Салтанат сарайы”, “Пирамида”, “Бәйтерек”, “Триумф Астана”, “Думан” сияқты ғимараттардың қатары “Қазақ елі”, “Шабыт”, “Тәуелсіздік сарайы”, “Хан Шатыр” атты ғажайыптармен толықты. Алдағы Азиада ойындарына арналып салынған және салынып жатқан спорт кешендері мен қонақ үйлердің де көркіне көз тойғысыз. Бірімен-бірі сән жарыстыра бой түзеген зәулім үйлер мен заңғар офистер салтанат құрған көрікті көшелермен жүріп өткен әрбір жан елорданың келешегінің кереметтігіне күмән келтіре алмайтыны хақ.
Көше демекші, Астана көшелерінің атаулары да затына сай. Абай даңғылы, Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр даңғылдары, Бауыржан Момышұлы даңғылы, Рахымжан Қошқарбаев даңғылы қандай жарасымды! Сарыарқа, Тәуелсіздік, Тұран даңғылдары... Тамаша!!!
Астана қаласының халықаралық 10 жылдық мерекесі тойланар тұста, “Астана көшелерінің атаулары” атты жинақ жарық көріп, сол кітаптың тұсаукесеріне арнап мақала жазғанымыз есте. Сонда: “Кешегі К.Маркс көшесі – бүгінгі Кенесары, “Пятилетка” – Бөгенбай батыр, “Студенческий” – Абылай даңғылдары, “Первомайский” – Қарасай батыр көшесі, “Смакотин” – Жәнібек тархан, “Социалистический” – Мұхаммед Хайдар Дулати көшесі... Ойлап қарасақ, Астана көшелерінің осындай атаулары өткен тарихи тұлғаларға жасалған құрмет қана емес, өскелең ұрпақты Отанын сүюге, халқының өткенін құрметтеуге, патриоттыққа тәрбиелейтін таптырмас құрал екен-ау”, – деп тебіреніппіз.
Енді міне, менің алдымда Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы “Руханият” орталығы жарыққа шығарған сол жинақтың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде толықтырылған жаңа нұсқасы жатыр. “Астана көшелері” атты осы жинақпен зер сала, мұқият танысып шыққанда бір аңғарғанымыз, ономастикалық комиссия соңғы кезде тәуелсіздік мұраттарын, ел бірлігін насихаттау, қазақ халқының тарихи-рухани бастауларын ұлықтау, еліміздің тарихи тұлғаларының есімдерін айшықтаумен бірге, “мың өліп, мың тірілген” халқымыздың азаттық аңсаған күрес жолдарындағы ұлы тарихи оқиғаларға қатысты атаулар мен туған жеріміздің ұлан-байтақ тынысын танытатын байырғы жер атауларына да айрықша басымдық берген екен.
Атап айтсақ, Аңырақай көшесі – (бұрынғы атауы – К.Цеткин) Мұғалжар көшесінен басталып, Ақкемер, Жайсаң көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 8176,6 метр. Аңырақай – біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі.
Бұланты көшесі – (бұрынғы атауы – И.Мичурин) Қарасай батыр көшесінен басталып, Конституция көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 404,6 метр. Бұланты – 1727 жылы Ұлытау өңірінде Бұланты және Білеуті өзендері аралығындағы қазақ қолының жоңғар басқыншыларына қарсы болған шайқасы.
Қозыбасы көшесі – (бұрынғы атауы – №2 көше) Ғ.Мұстафин көшесінен басталып, Іле көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1393,6 метр. Қозыбасы – Қазақ хандығының құрылған жері.
Елім-ай көшесі – (бұрынғы атауы – №40-9 көше) Қ.Жалаири көшесінен басталады. Ұзындығы – 932,5 метр. Елім-ай – “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңінің кәрі-жасы “Елім-айлап” кеткенін барша қазақ білсе керек...
Туған жерін дүниенің бар байлығына айырбастамайтын қазақ үшін ұлан-ғайыр қасиетті даласының кез келген өңірі – ата-баба мұрасы. Сол асыл мұраның қасиетін айқындайтын атаулар да ел байтағы – Астана көшелерінен көрініс тауыпты.
Қазығұрт көшесі – (бұрынғы атауы – Деповский) ұзындығы – 234,8 метр. Ұлытау көшесі – ұзындығы – 3458,2 метр. Қаратау көшесі – ұзындығы – 1636,2 метр. Үстірт көшесі – (бұрынғы атауы – М.Кольцов) ұзындығы – 560,6 м. Қарасаз көшесі – ұзындығы – 751,5 метр. Ордабасы көшесі – ұзындығы – 218,5 метр. Торғай көшесі – ұзындығы – 410, 9 метр. Тарбағатай көшесі – ұзындығы – 777 метр.
Міне, рухымызды өсірген осы жетістіктер биігінен өткенге қарасақ, еріксіз еңсесі биік елімізге де, туған халқының тұғырын асқақтатқан Елбасына да мың мәрте рахмет айтасың. Қылышынан қан тамған қызыл империя құрсауындағы кешегі Целиноград қаласын көзге елестетіп көрейікші. Сарыарқаның кіндігінде тұрған Целиноград қаласының көшелерін аралай қалсаңыз, құдды ішкі Ресейге еніп кеткендей күй кешер едіңіз. Ленин атындағы, Калинин, Греков, Кольцов, Лихачев, Бородин... Енді қараңызшы, Ағыбай батыр, Асанқайғы, Бекет ата, Мәшһүр-Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин, Сүгір Әліұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанұлы, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Сәкен Сейфуллин... атындағы көшелер!
Тіпті, сол кезде темірді де, көмірді де, қойманы да қала көшелеріне жабыстыра берген екен-ау! Тек орыс тілінің басымдығын танытса болғаны... Мысалы: Угольная – қазіргі атауы – Ақжол көшесі, ұзындығы – 3381,1 метр. Складская – қазіргі атауы Ақбидай көшесі, ұзындығы – 1303,8 метр. Бетонная – қазіргі атауы Ақсай көшесі, ұзындығы – 725,5 метр. Қандай жарасымды!
Әйел-ананы құрметтеу барша адамзатқа тән. Бірақ ана құдіретін қастерлеу тұрғысынан келгенде, қазақ халқындай жұрт жоқ. Бұл – уақытпен шыңдалған құдірет, тарих дәлелдеген ақиқат! Осы бір шыңғырған шындық елдігіміздің айбыны, ертеңіміздің айбары – елорда көшелерінде де көрініс тауыпты. Сенбесеңіз, Астана көшелерін аралаңызшы. Домалақ ана, Қарашаш ана, Қарқабат ана, Ұмай ана, Айша бибі, Тұмар ханым, күйші Дина, ақын Сара атындағы көшелер!
Жақында жарық көрген “Астана көшелері” атты жинаққа байланысты шағын шолуымызды құрастырушылар алқасының мына бір сөзімен түйіндесек: “Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін айғақтау мен рухани-мәдени дамуын көрсету үшін Астана қаласының ономастикалық ахуалын жақсарту жұмыстары бұдан әрі де жалғасын таба бермек. Ұлттық болмысымызды танытарлық ономастикалық атауларды көшелерге, нысандарға беру үдерісіндегі Астана мысалы – қазақ елінің барлық қалалары мен елді мекендеріне де үлгі болуы тиіс”. Ендеше, іске сәт!
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.
* * *
Кітап көкжиегі
«ОЙХОЙ, ДҮНИЕ СЕРУЕНІ!..»
Филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы тау асып, тас басып, жалғанды жаяу кезіп, жаһангез атанбағанымен аяғы жеткен жерлерді барынша аралап, жол қадірін бағалап жүрген жанкешті жан. Бұлайша ой қорытуыма себеп болып отырған, Т.Кәкішевтің “Жаяусалдың серуендері” атты кітабы десек, бұл еңбектің алғашқы бетінен бастап, ақырғы бетін жапқанша Тұрсекеңмен бірге жүргендей, теңізде бірге жүзгендей күй кешесіз. Профессор Т.Кәкішевті әдебиет сыншысы, ғалым-жазушысы ретінде алғашқы кітабы “Октябр өркенінен” бастап бар еңбегін жақсы білгеніммен мынау жинағынан кейін тау тұлғалы азаматты тағы бір қырынан танығандай болдым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің табалдырығын алғаш аттаған шағымда осы кісінің алдынан дәріс алғаным әлі есімде. Қазақ әдебиет сынының тарихынан лекция оқитын қасқабас ағайдың сабағына ұйыған студенттердің 80 минут уақыттың қалай өткенін білмей, аңтарылып отыратынын көз алдыма елестетсем, ұлы тұлғаның шәкірті болғанымды мақтаныш етемін. Сол кездерде өзге ағай-апайлардың “Тұрсекеңнің лекциясына мұқият бол, ол кісінің бір өзі бір институт қой....”, – деген сөздерінің мән-маңызын енді түсінгендеймін. Ең алғашқы сапарын 18 жасында: “Әртіс болсам-ау”, деген арманмен Ақмоладан Алматыға оқуға аттанудан бастаған Бұландының бұл баласы өмір бойы жаяусалдың образын сомдайтынын ол кезде ойламаған да еді. “Өміріме өзек болып келе жатқан бір құмарым – ел көру, саяхат құру....1974 жылдан бастап каникул кезінде саяхатқа шығуды машыққа айналдыра бастадым.... Тегінде, менің қанымда қазақ көшпенділігінің бірдемесі қалып қойған сияқты....” деп ғалымның өзі айтқандай, ағамыз аялдап жұмыс істеуі айдан асып кетсе амалын тауып, жортып кетіп отырады екен. “Өзге емес, өзім айтсам” дейтін ғұмырнамалық мақаладан бастау алған “Жаяусалдың серуендері” ары қарай “совет одағы деген кешегі алып елдің талай өңірінің дәмін алған” ағамыздың Польша, Франция, Қытай, Иран, Түркия, Египет қатарлы шет елдерге жасаған саяхаттарынан жазылған жолжазбаларымен жалғасын табады. Өзіне тән жазу стилі бар ғалымның естеліктері ескірмейтін мұра. Айтуға жолжазбалар болғанмен, саналы жүрекке жетер салиқалы ойы бар бұл еңбек, келешек үшін таптырмас олжа. Бұл жинақта жарияланған тәлімдік ғибраты мол сапарнамалар бұрын-соңды басылым беттерінде жарық көрген, қоғамның әлеуметтік мәселелері, алаштың ардақты ұлдары, ел тарихы жайында қалам тербеткен ғалымның Кама, Волга, Дон су жолдарымен шетелдерге жасаған саяхаттарының жолжазбалары қашанда ұлттық мүддені алға қоятын ғалымды тағы бір қырынан танытады. Көңілді сапарлардың соңғы нәтижесі де өнімді болса керек. Академик жазушы Сәбит Мұқановтың: “Жылына бір рет қазақ даласын араламасам, жоспарлы ісімнің бір саласы орындалмай қалғандай тынысым тарылып, қанатымды жаза алмай жүремін, жолда тынығамын...” дейтін салмақты сөздерінен цитата алған Тұрсекеңнің: “Өзінің жазып жүрген шығармаларына жаңа эпизод, соны пейзаж, қызықты кездесулер керек болғандықтан, Сәбең сапарға шығатын болса, менде ондай мақсат болып көрген емес бұған дейін. Жүргенге жөргем ілінеді деген емес пе, кейде көзбен көріп, көңілмен шолған уақытта шаттанып кетіп, қолыңа қалам алғың келеді. Оны орындау үшін жалқаулықты, еріншектікті жоя білуің керек көрінеді. Осы жазбалардың көбі көз қуанып, көңіл толған кезде өзінен өзі жазылды”, – деуі де осыны ұғындыратын сыңайлы. “Өмір мектебінен” дәріс алған Сәбеңнің жолын жалғаған жиһангездердің бұлай болмасқа қақысы да жоқ еді. “Мен де сондаймын” демегенімен, Тұрсекеңнің де көп демалысының жол үстінде, сапарлар мен саяхаттарда өтетініне осы кітап арқылы көз жеткізгендейміз. Бұл кітап жалаң баяндаумен жазылған жол естелігі емес, қайта әдеби тілмен жазылған архивті дерек, ғылыми еңбек. Жоғарыда ғалымның Қытайға, Мекке-Мединеге де жолы түскенін айтып өттік. Саналы оқырмандарының қатарында осы кітаптан сол сапардың жолжазбаларын да іздестірдім. Бірақ кездестіре алмадым. Әңгіменің реті келгенде айта кетейін, өмірдегі қамқор ағам, ғылымдағы ұстазым болғандығы үшін Тұрсекеңмен жиі жолығып, сыр-сұхбатта болатын едім. Сондай сырласулардың бірінде ағамыздың “неге екенін білмеймін, Қытай мен Мекке-Мединеге және еліміздің біраз облыстарына барған сапарларым жазылмады, қаламым жүрмеді” деген еді. Соған қарағанда жақын жылдарда жарық көрер жаяусалдың жолжазбалары әлі де жеткілікті сыңайлы. Не істе болса да кесімді пікір, ұтымды ойын айта білетін Тұрсекеңнің туа бітті мінезі жолжазбаларынан да жиі байқалады. Сөзіміздің дәлелі үшін бірер дерек айта кетейін. Осы кітаптағы ойға қонымды тақырыптың бірі “Оралман мәселесіне оралғаны оңды болды” дейтін мақала. Шағын болса да шындықты айтуды мақсат еткен бұл мақала он жылдың алдында жазылғанымен, әлі де өз құндылығын жойған емес. Дәл бүгінгі күннің де өзекті мәселесі болып отыр. Тұрсекеңнің бұл мақаланы жазуына алыс-жақын шетелдерге жиі барып, ондағы қандастарымыздың жәй-күйін көзімен көріп, көңілмен түйгендіктен болса керек. “Әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ-нің 90-жылдары “Қазақ диаспорасының рухани әлемі” орталығын ашып, Қытай, Моңғолия, Түркия мен Иранға арнаулы экспедициямен барғанда көріп, білгенімді елге жеткізіп қана қоймай, қайтсе оңтайлы шешімі табылар екен деген ойлар өзімді көптен бері қатты мазалап жүрген болатын...” деп өзге елдегі бауырластардың тағдырын өз мүддесіндей ойлаған ағамыздың ел болып ойластырып, оңтайлы жолын іздеген бұл істегі үлкен азаматтығы бәрімізді қуантады. Осындай жемісті еңбектің нәтижесінде алғашқылардың бірі болып Т.Кәкішұлының жетекшілігімен Зұфар Сейітжанұлы Қытай қазақ әдебиеті жайында докторлық, Есенгүл Кәпқызы Моңғолия қазақ әдебиеті жайында кандидаттық диссертациялар қорғады. Бұл еңбектер қазақ әдебиеті тарихын зерттеуге қосылған сүбелі үлес болып табылады. Кітаптағы тағы бір сүбелі тақырып “Көз қуанып, көңіл толған сапар”. Бұл жолжазбада ағамыздың өркениеттің алғашқы бесігі атанған Мысыр (Египет) еліне сапары туралы баяндалады. Ондағы менің көңілімді аударған тұсы, ғалымның Мысыр әдебиетіне байланысты тұшымды ойлары. Бейбарыс сұлтаннан бастау алатын Мысыр еліндегі қандастарымыздың рухани болмысын тілге тиек ете отырып, әдебиетіміздің сол жақтағы бастауларының көзін ашуға тырысады. Қазақстандағы қазақ әдебиетінен басқа рухани қазынамыз жоқтай сезінетін “оқымыстыларға” осындай деректердің ауадай керек екендігі айтпаса да түсінікті. Олай болса, осы жазбада айтылған жәйттер талай ғалымның ізденісіне жол ашар дерек көздері болуы әбден мүмкін. Ғалымның өзі айтқандай, “тағдырына айналған” Сәкен тақырыбы да бұл кітапта кеңінен сөз болады. Сонымен бірге “Сарыарқа серуендері” де оқырман сүйініп оқитын тақырыптардың бірі деп айтуға болады. Әрине, әлем шарлау әлі жеткеннің бәрінің қолынан келгенімен, барған елінен, көрген жерінен өз еліне, ұлтына, ұрпағына керегін ыждағатпен жинақтап, шаң басқан құжаттарды аянбай ақтарып, жалықпай жинап бұлайша еңбек ету тек Тұрсекең сияқты үлкен жүректі азаматтың ғана қолынан келетін қайсарлық екенін қызғанышсыз айтуға болады. Өйткені, онсыз да сөздің қадірі кетіп, әдебиеттің абыройы азайған шақта техникаға иек артқан бос буын ұрпақ ұлт ертеңі үшін жол шегіп, көз майын тауысып, шаң жұтып архивте отырмайды. Сол тұрғыдан келгенде, бұл кітаптың мән-маңызы арта түсері хақ. Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері.