27 Қаңтар, 2016

Зардап шеккендер үшеу ме, әлде біреу ме?

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
вертолетЖамбыл облысындағы Т.Рысқұлов ауданы орталы­ғынан 100 шақырым қашық­тықта МИ-2 тікұшағы апат­қа ұшырағанын ақпарат құ­рал­дары жарыса жазуда. Апат салдарынан 1 адам зар­­дап шекті. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жө­ніндегі комитетінің арнайы өкілі Руслан Иманқұлов хабарлаған болатын. «Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданындағы Садыхан қыстауынан үш ша­қырым қашықтықта болған. Төтенше оқиға жайлы хабар 112 телефонына 23 қаңтарда кешкі уақытта келіп түскен», деп хабарлады Р. Иманқұлов. Осыдан кейін тікұшақтың құлау фактісі бойынша арнайы комиссия құрылды. Артынша зардап шеккен ұшқыштың есімі де белгілі болды. Ол тік­ұшақ тиесілі «Тараз Жаңа Әлем» компаниясының директоры Валерий Михин екен. Жансақтау бөлімінде жатқан 62 жастағы Валерий Михиннің беті, басы, аяқ-қолдары І-ІІ-ІІІ дәрежеде күйіп қалған. Сонымен қатар, оның тыныс алу жолдарын ІІ дә­режедегі күйік шалған. «Науқастың айтуын­ша тік­ұшақтың әуеде қозғалт­қышы өртенген. Жерге қон­ған­нан кейін ол тікұшақты өзі сөндірмек болыпты. Одан кейін шамамен 5 шақырым жаяу жүрген. Сол маңдағы қой­­шылардың көмегімен ол Тараз қаласындағы ауру­ханаға жеткізілген. Жалпы жа­ғдайы ауыр. Ақыл-есін біледі», дейді бұл жөнінде Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің өкілдері. Әрине, мұндай кезде «Те­мірі құрысын, тікұшақ табылар, ең бастысы адам аман болсын» деп, алдымен арыстай азаматтың саулығын тілейтінің анық. Әйтсе де апатқа ұшы­раған бұл тікұшақ туралы әртүрлі әңгіме өрбуде. Әуеде шыр айналып барып жерге құлап, артынша жарылған тікұшақты көрген сол маңдағы қойшылар ұшқыштың қасында тағы екі адам болғанын айтады. Ал, ауруханаға бір-ақ адам түскен. Сонда тікұшақта болған тағы екі адам қайда? Олар туралы неге айтылмайды? Түсініксіз. Қалай айтсақ та бұл жұмбақтың шешуін арнайы құрылған комиссия анықтайды деген үміт бар. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.