адамды полиция құтқарып қалды
Өткен сенбі күні қаланың қақ іргесінен өтіп жатқан дарияға әлдекім секіріп кетеді. Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойында орналасқан көпірден секірген адамның дүниеден баз кешкені туралы ақпарат сол маңдағы жол-патрульдік полициясының қызметкерлеріне дер кезінде хабарланды. Хабарлама тиісімен полиция қызметкерлері оқиға орнына жетеді.
Жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Шаттық Жайсаңбаев, Бақытжан Әшірбеков пен Нұрлыбек Нұртаев көпірге келгенде, дарияның ағысымен батысқа қарай бір батып, бір шығып бара жатқан азаматты байқайды. Олар ауа райының қолайсыздығына қарамастан сыртқы киімдерімен суға түсіп, азаматты құтқарып алады. Қызылордаңызда күн суық емес десеңіз де, қаңтардың ортасы ғой, бәрібір қыстың сызы бар. Құтқарылған адамға алғашқы дәрігерлік көмек көрсетіледі. Оқиға басына жедел жәрдем қызметі шақырылып, азамат Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізілді. Қазір өз-өзіне қол салған адамның жағдайы жақсы деп бағалануда, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал құқық қорғаушылар азаматтың бұл қадамға бару себептерін жан-жақты зерделеу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.