29 Наурыз, 2016

Ішкі істер қызметін жетілдіретін кеңес

226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ком-үлкеніКеше Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақ гуманитарлық заң университетінің қылмыстық-процестік зерттеулер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ҒЗИ директоры, ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы, Президент жанындағы құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі Марат Қоғамов арнайы брифинг өткізді. Аталған шара ІІМ жанындағы қоғамдық кеңесі және аумақтық ІІД-нің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысына арналды. Негізінен бұл жұмыс «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарының 31-ші қадамын жүзеге асырудан туындап отырғаны белгілі. Бұған дейін қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» заңның талаптарына сәйкес, Ішкі істер министрлігі қоғамдық кеңесті құру жөніндегі жұмыс тобының мүшелерін сайлау туралы конкурс жариялаған еді. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың 12-21 ақпанында аталған кеңес мүшелерін сайлау туралы конкурс жарияланып, оның ережесінің жобасы да әзірленген болатын. Қоғамдық кеңес құрамына кіруге ниет білдірген кандидаттардан 32 ұсыныс түсіп, жарияланған конкурс қорытындысы бойынша жұмыс тобының құрамы жасақталды. Оның құрамына белгілі қоғам қайраткерлері, халықаралық және республикалық қоғамдық ұйымдар өкілдері, құқық қорғаушылар (барлығы азаматтық қоғамнан 12 мүше, ІІМ-нен 5 өкіл) кіріп отыр. Осыған орай, ағымдағы жылғы 29 ақпанда Қоғамдық кеңестің бірінші ұйымдастырушылық отырысы өткізіліп, онда төраға, хатшы және кеңес президиумының барлық құрамы сайланды. Қоғамдық кеңестің қазіргі төрағасы Марат Қоғамов мәлім еткеніндей, ішкі істер органдары жүйесінде қоғамдық кеңестер 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Соның барысында осы ішкі істер органдары жүйесіндегі қордаланған тәжірибелер жақында қабылданған заңдық құжатта көрініс тауыпты. Төраға, сондай-ақ, Қоғамдық кеңесте екі комиссия құрылғандығынан да хабардар ете кетті. Оның біріншісі құқықтық-шығармашылық қызмет мәселелері жөніндегі комиссия болса, ол ІІМ-де әзірленетін азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілер жобаларын қарайтыны ерекше аталды. Сондай-ақ, ІІМ-де азаматтардың арыздарын қарауға және полиция қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге қатысты мәселелер жөніндегі комиссия да құрылып отыр. Негізінен жаңадан құрылған Қоғамдық кеңес жөніндегі барлық ақпаратпен ведомстволық веб-порталдан танысуға болады. Онда Қоғамдық кеңестің және оны құру жөніндегі жұмыс тобының құрамы, ереже, бұйрықтар, кеңес отырысының хаттамасы, азаматтарды қабылдау туралы хабарландыру және өзге де ақпараттар орналастырылған. Оның үстіне Қоғамдық кеңес айына екі рет азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыратын болады. Сонымен қатар, азаматтар Қоғамдық кеңеске ведомстволық сайт немесе «Электронды үкімет» порталы арқылы жүгіне алады. Бұдан басқа, ІІМ-нің орталық ғимаратының кіреберісінде жеке пошта жәшігі орнатылған. Осында түсетін барлық хаттар Қоғамдық кеңестің қарауы үшін тікелей берілетін болады. Сондай-ақ, «Ішкі істер органдары туралы» заңға сәйкес, барлық өңірлік ІІД-де бірінші басшылардың бұйрықтарымен консультативтік-кеңесші органдар құрылып, әдеп нормаларын бұзған полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне қатысты азаматтардың арыздарын қарау өкілеттігі де берілген. Өңірлердегі ІІД консультативтік-кеңесші органдарының жұмыс практикасы ІІМ-нің кадр жұмысы департаментімен ай сайын қаралады және талданылады. ІІМ жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы бұл ретте өңірлерде тиімді кездесулер болып өткендігін, соның нәтижесі бойынша нақты қызметтік жазбалар мен ұсынымдар жолданғанын ерекше атап кетті. Бұл ұсынымдар ішкі істер органдары жүйесін жетілдіруге өзіндік үлесін қосатын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».