Президенттің «Келешек» ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі бастамасын іске асыру мақсатында мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласының операторы – «Қаржы орталығы» мен Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті меморандумға қол қойды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына сәйкес биылдан бастап 5 жасқа толған балаларға біржолғы бастапқы білім беру капиталы төлене бастайды.
«Келешек» ерікті жинақтау жүйесі – балалар 18 жасқа толғанға дейін қаржылық ресурстарды тұрақты түрде жинақтауды қолдауға арналған мемлекеттің қосымша тетігі. Жастардың елде және шетелде білім алу қызметтері үшін, оның ішінде жоғары білім, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім алуда жинақтау жүйесіне қатысуға ата-аналар банктен депозит ашады. Сонымен бірге Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің мүшесі саналатын өмірді сақтандыру компанияларымен келісімшарт жасауға тиіс. Бала 5 жасқа толған кезде мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бастапқы білім беру капиталы бөлінеді (биыл бұл көрсеткіш 235 920 теңге), ал жетім балалар үшін 120 АЕК (471 840 теңге), сондай-ақ жыл сайын 5-7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйақы және де қатысушы банктің сыйақысы немесе өмірді сақтандыру компаниясы шартынан бөлінетін инвестициялық кіріс төленеді. «Келешек» жүйесінің шарты – ата-аналардың 12 немесе 24 АЕК-тен кем емес мөлшерде енгізетін жыл сайынғы міндетті жарнасы. Ал асырушысы жоқ балалар үшін жыл сайынғы жарна талап етілмейді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында қолға алынған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі балаларды 18 жасқа толғанға дейін қаржылық ресурстарды тұрақты түрде жинақтауды қолдауға арналған мемлекеттің қосымша тетігі. Оның мақсаты – жастардың елімізде және шетелде білім алуын қамтамасыз ету. Меморандумға қол қою арқылы біз жастардың білім алуы мен дамуына қолайлы орта қалыптастыруға қадам жасап отырмыз. Жоғары білім алу – келешек мамандыққа бастаған жол ғана емес, сондай-ақ жастардың бойындағы әлеуеті мен қабілетін іске асыруына, еліміз дамуына өз үлесін қосуға берілген мүмкіндік. Егер де болашақ түлек грантпен оқуға түсіп кететін болса, онда жинақтау қорындағы жинақтарына баспана ала алады. Бұл балалардың болашақта әлеуметтік жағдайының жақсаруына да үлкен қолдау болмақ», деді «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимов.
Бағдарламаға қатысатын болашақ түлектерге елеулі жеңілдіктер қарастырып отырған жоғары оқу орны Сәтбаев университеті «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысушыларға 20-50 пайызға дейін жеңілдіктер ретін жариялады. Нақты айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған талапкерлерге оқу ақысының жалпы сомасынан – 50, көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлерге – 30, тұрмыс жағдайы толық қамтылмаған отбасынан шыққан талапкерлерге – 25, басқа санаттағы талапкерлерге 20 пайызға дейін жеңілдіктер беріледі.
Ректор Мейрам Бегентаев: «Келешек» бағдарламасын іске асыру – Мемлекет басшысының бастамасын қолдау ғана емес, бұл ең алдымен, жастардың білімге қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы негізгі мақсат-мүддемізді іске асыру болып табылады. Біз техникалық білім беруді сапалы әрі қолжетімді етіп, жастар өмірін жақсартатын жаңа инновациялар жасауға тырысып жатырмыз. Сондықтан да бағдарламаға қатысушыларға қаржылық жеңілдіктер ұсына отырып, сапалы, заманауи білім алып, ғылыми қауымдастықтан өз орнын алуына қолайлы мүмкіндіктер ұсынамыз», деді ол.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор, техника ғылымдарының докторы, профессор Раиса Өскенбаеваның айтуынша, қазіргі кезде универсиетте білім алып жатқан 14 мың студенттің 70 пайызы грантта оқиды. Десек те, грант қарастырылмаған мамандықтар бар. Болашақ түлектер өз таңдаған бағытында білім алуына университет үлкен жеңілдіктер бере отырып, олардың жаңа заман маманы болуына қолайлы жағдай туғызып отыр. «Келешек» бағдарламасы арқылы техника саласындағы озық мамандықтарды игеруге мүмкіндік алуымен қатар, жинақтау қорындағы қаржысын баспана жағдайын жақсартуға, шетел оқу орындарына түсуге де пайдалана алады. Ал мемлекеттік білім беру грантына ие бола алмаған жағдайда «Келешек» бағдарламасы бойынша жалпы оқу құнының жартысын жинақтай алған талапкерлер Сәтбаев университетіне оқуға түскен кезде арнайы жеңілдіктерге ие болады.
АЛМАТЫ