• RUB:
    6.62
  • USD:
    519.29
  • EUR:
    613.28
Басты сайтқа өту
Өнер Бүгін, 18:00

Жетісуда 5000 адам бір мезетте күй тартып, рекорд орнатты

20 рет
көрсетілді

Бүгін Талдықорған қаласының орталық алаңында Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала үні» атты облыстық флешмоб көпшіліктің рухын көтерген жарқын мәдени оқиғаға айналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шара барысында 5000-ға жуық адам – кәсіби күйші, оқушы, студент және өнерсүйер жұрт – бір мезетте қос күй орындап, Қазақстан рекордтар кітабына енген жаңа жетістікке қол жеткізді. Рекорд орнату сәтін арнайы келген Қайрат Тазабеков ресми түрде тіркеп, растайтын сертификатты Жетісу облысының әкімдігіне табыстады.

Флешмобқа облыстың барлық аудандары мен мекемелерінен келген қатысушылар белсенді қатысып, ұлттық өнерге деген құрметін білдірді. Сонымен қатар, Жетісу өңірінің көрікті жерлерінде түсірілген «Бақтыбайдың әуені» күйі бейнебаян ретінде жұрт назарына ұсынылды. Бұл музыкалық клип флешмобпен ұштастырылып, дәстүр мен заманауи өнерді үйлестірген ерекше жобаға айналды.

Мерекелік шара аясында жыр алыбы Бақтыбай Жолбарысұлының 190 жылдығына орай оның «Бақтыбайдың әуені» күйі мен белгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібайдың «Ерке сылқым» туындысы орындалды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара ұлттық өнерді дәріптеп қана қоймай, мәдени мұраның ұрпақтан-ұрпаққа берілуіне сеп болды. «Ұлы дала үні» флешмобы Жетісу өңірінің ғана емес, күллі қазақ елінің мәдени өміріндегі айтулы оқиға ретінде ел есінде қалды.