• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол Бүгін, 18:05

Жанарбек Әшімжанов: «Қайраттың» жеңісі – елге ортақ қуаныш

30 рет
көрсетілді

Алматылық «Қайрат» клубының УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтуі отандық футбол тарихындағы сенсациялық жаңалық болды. Алматылық команданың, әсіресе шотландиялық «Селтикпен» болған соңғы ойындағы жеңісін тарихи сәт десек қателеспеспіз, деп жазады Egemen.kz.

Осы ретте футбол жанкүйері әрі «Қайраттың» нағыз фанаты ретінде Мәжіліс депутаты, ақын, журналист Жанарбек Әшімжановты Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін кулуарда кездестіріп, сөзге тарттық. Алматыда өткен шешуші матч пен жуырдағы жеребе тарту рәсімінен алған әсерін бөлісуді сұрадық.

«Мен Алматының «Қайратына» сонау бала күнімнен, нақты айтқанда жеті-сегіз жасымнан жанкүйермін. Кезінде ауылда жүргенде осындағы ағаларыма қолқа салып, Алматыға келіп ойындарын Орталық стадионнан қарайтынмын. Одан кейін Алматы қаласында өткен студенттік жылдардан бастап мен «Қайраттың» үйдегі бір де бір матчын жіберген жоқпын. Орталық стадионға барып тұрып жанкүйер болатынмын. Осы жолғы Чемпиондар лигасындағы ойындарының барлығын түнгі уақытта өткеніне қарамастан мұқият бақылап, ойын алдында сараптама жасап, статистикалық көрсеткіштерді қарап жүрдім. Әсіресе, «Олимпия», «Слован» клубтарымен болған ойындар, оның ішінде сырт алаңдағы ойындарда көңіл толқитын сәттер көп болды», дейді Ж.Әшімжанов.

Ол сарапшылардың топтық кезеңге шығуға жолдама берген «Селтикпен» болған сырт алаңдағы тең ойынды жеңіске парапар деп бағалауына қосылатынын жеткізді.

«Глазгодағы ойыннан кейін-ақ «Селтиктің», сырт алаңдағы «Қайраттың» ойынынан кейін Бүкіләлемдік футбол қауымдастығы, Халықаралық футбол қауымдастығы «Қайратқа», оның ойыншыларына мойын бұрып жатты.

Себебі «Селтик» Шотландияның 55 мәрте чемпионы болған кешегі топ командалардың бірі ғой. Бұл клуб осының алдында ғана «Бавариямен» өткен ойында 2:2 есебімен тең түсіп, қандай ойын көрсетті. Айналдырған алты айдың ішінде сол «Селтикке» қайрат көрсеткен біздің Алматының «Қайраты» ерекше көңіл толқытты. Ол біздің қазақ футболындағы тарихи сәттер болып қала бермек. Бұл жеңіс қоғамдық сипат алып, футболдың әсері, жанкүйерлердің көңіл толқынысы әлі де үлкен талқылауларға, жақсы көңіл күйлерге ұласып жатыр. Бұл «Қайраттың» ғана емес, жалпы қазақ футболының тарихи сәті. Бір кезеңдерде бұндай жетістікке осыдан он шақты жыл бұрын Астананың «Астана» командасы қол жеткізген. Енді міне «Қайрат» клубы үлкен белеске шығып отыр. Бұл біздің қазақ футболының, қазақ жанкүйерлерінің, әсіресе, «Қайрат» жанкүйерлерінің де үлкен белесі», деді Жанарбек Әшімжанов.

Ол Чемпиондар лигасының жеребе тарту рәсімін тікелей эфирден көз жібермей қарағанын айтты. Сондай-ақ «Қайратқа» келесі қарсылас болған клубтардың қай-қайсысы да осал емес екенін ашып айтты.

«Әлемнің ең жұлдызды командасы «Реал Мадрид», Лондонның «Арсеналы», Миланның «Интері», одан кейінгі грекиялық «Олимпиакос» болса да, Бельгияның «Брюггесі» де, «Қайратпен» қатар тарих жасаған «Пафос» та оңай шағылатын жаңғақ емес. Әлемнің топ-командаларынан міндетті түрде не «Барселона», не «Бавария», не «ПСЖ», Мадридтің «Реалы» болсын әйтеуір біреуінің түсетіні айқын еді. Бірақ «Реал Мадридтің» бізге келетіні ерекше көңіл толқытты. Сондықтан өте бір тартысты да қызықты матч болғалы тұр», дейді Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжанов.

Оның айтуынша, УЕФА-ның қазіргі ережесі сай өтетін ойындар да тартысты өтетін сыңайлы. Сырт алаңда қиынға соққанымен, «Қайраттың» өз алаңымызда ұпай алу мүмкіндіктері бар көрінеді.

««Қайрат» төрт рет сырт алаңда, төрт рет өз алаңында кездеседі. Қонақтағы ойындардың оңай болмасы анық. Алайда өзімнің жорамалым бойынша Алматыда «Олимпиакос» пен «Пафостан» да ұпай алуға болады. Сөйтіп тағы бір тең ойындармен кемі 7-8 ұпай аламыз-ау деген үміттемін. Ал Алматының орталық алаңындағы «Реал Мадридпен» өтетін матч бүкіл әлем құлақ түріп, көз тігетін кездесу болғалы тұр. Жалпы, қай ойынды алсақ та оңайға соқпайды», дейді Ж.Әшімжанов.

Расында «Реал Мадридпен» болатын ойынның дуы да думаны да басымырақ екені әу бастан белгілі. Корольдік клубтың да Алатау баурайындағы жасыл алаңда барын салатыны анық. Өйткені бұл кездесу бастапқы турлардың бірі болғандықтан оларға да үш ұпай алу аса маңызды болып тұр. Сол себепті команда сапындағы Мбаппе, Винисиус, Куртуа, Карвахаль, Беллингем, Вальверде, Родриго, Гүлер, Александр-Арнольд сынды әлемдік футбол жұлдыздарының бәрі болмаса да басым бөлігінің Алматыға ат ізін салатыны анық. Ал «Қайрат» әлемдік футбол алпауытына қаншалықты қарсылық танытатынын уақыт еншісіне қалдырайық. Соңғы ойынында әлем назарын өзіне аударған алматылық клуб тағы да сенсация жасай алар ма екен?

«Естеріңізде болса кезінде Ресейдің премьер-лигасындағы Татарстанның «Рубин» командасы «Барселонамен» тең ойнап, бүкіл әлемді таңғалдырған. Тіпті жеңген де сәті болды. Сондай бір сенсациялар бізде де болуы әбден ықтимал. Италияның «Интері» де осал емес. Лондонның «Арсеналы» да жеңіске ұмтылып тұр. Өткен жолы «Брюгге «Рейнджерсті» қалай талқандады. Сондықтан қай-қайсысымен болған ойын «Қайрат» үшін үлкен халықаралық тәжірибеге жол ашса, екіншіден қазақ футболының деңгейін көтеруге сеп болмақ», деген Ж.Әшімжанов көрші өзбек ағайынның да Әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне жолдама алғанын ерекше қуанышпен қабылдағанын атап өтті.

«Өзбекстанның футболдан ұлттық құрамасының финалдық кезеңге шыққан ойынын Мәскеуде іссапарда жүріп қарап отырдым. Өзіміздің бауырлас, көрші ел ретінде өзбектер үшін өте қатты қуандым. Сол кезде өзбек футболына әлем қалай сүйсінсе, кеше де біздің «Қайратқа» қатысты да жаһандық ақпарат құралдары аз жазбады. Бұл жеребе де оңай түскен жоқ. Ал «Қайрат» сол жеребеге дейінгі жолды өте лайықты жүріп өтті. Өз алаңымызда да, сырт алаңда да біздің футболшыларымыз шеберліктерін көрсетті», деп сөзін түйіндеді Мәжіліс депутаты.

Жалпы, «Қайраттың» осы Чемпиондар лигасы жолындағы жеңісті жорығы әлемдік ақпарат құралдарының ғана емес, футбол мамандарының, скауттардың да қызығушылығын туғызбай қоймады. Әсіресе Лондонның әйгілі «Челси» клубымен келісімшарт жасап үлгерген Дастан Сәтбаевтың шеберлігі жиі айтылып жүр. Ал қақпашы Анарбеков алматылықтарды ғана емес, күллі Алашты бақытқа бөледі. Ал оның ойын кезіндегі керемет сейфтері мен пенальтилер сериясындағы үш соққыны қайтарған әккілігі де скауттардың назарын өзіне аудармай қоймасы анық. Келесі өтер ойындарда да ол өзінің шеберлігін дәлелдей түсседі деген сенімдеміз. Еркін Тапалов та қорғаныста тасқамал екенін танытып келеді. Бұйыртса, Дастанның ізін ала тағы да таланттарымыз жаһанға танылар деген үміт бар.