«Жасанды интеллект технологиялары саласындағы отандық және халықаралық білім беру бағдарламалары еліміздің кадрлық әлеуетін нығайтуға үлес қоса алады. Үкіметке жасанды интеллект саласындағы мамандарды даярлау үшін «AI-Sana» бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бағдарлама білім беруді, зерттеулерді және стартаптарды дамытуды біріктіретін серпінді экожүйе қалыптастыруға ықпал етуге тиіс. Әлемнің жетекші университеттерінің акселерация тәжірибесін пайдалану қажет. Қазақстанның әрбір азаматына жасанды интеллектінің пайдасын түсіндіру, оның не үшін қажет екенін және оны дұрыс қолдану жолдарын жеткізу алдағы міндет», деген еді Президент. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да осы бағдарламаның маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «AI-Sana» бағдарламасы – еліміздің білім, ғылым және инновация саласындағы ең ірі қадамдарының бірі. «AI-Sana» – студенттер арасында жасанды интеллект саласындағы дағдыларды жан-жақты дамытуға бағытталған бірегей бағдарлама. Ол 100 мың қатысушыны қамтиды және ел экономикасының әлеуетін көтеруге, технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға басымдық береді. Әсіресе «DeepTech»-стартаптарды дамытуға ерекше назар аударылған, себебі олар еліміздің технологиялық және экономикалық өсімінің негізгі қозғаушы күші бола алады.
Бағдарлама халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Оның қалыптасуына негізгі үлес қосқан – Стэнфорд университетінің Жоғары білім мектебінің бас технологиялық директоры әрі қауымдастырылған деканы Пол Ким. Сондай-ақ бағдарламаны әзірлеуде «Stanford University», «Imperial College London», «King’s College London», «Royal Academy of Engineering», сондай-ақ «SETsquared», «UKSPA» сияқты инновациялық платформалардың тәжірибесі пайдаланылған. Бұл серіктестер алдыңғы қатарлы білім мен үздік тәжірибелерге жол ашып, бағдарламаның жаһандық тәжірибені жергілікті қажеттіліктермен ұштастыруына мүмкіндік береді. «AI-Sana» өз бетінше білім алу, зерттеу және қолданбалы бағыттарды біріктіретін тәсілді қамтиды. Оның негізгі мақсаттары:
Жасанды интеллект бойынша іргелі білім мен дағдыларды қалыптастыру. Экономиканың басты салаларына қажет кәсіби мамандар даярлау. ЖОО мен ғылыми зерттеу институттары негізінде «DeepTech»-стартаптар генерациясын қолдайтын тұрақты экожүйе құру.«AI-Sana» елімізді «стартап-ұлт» идеологиясына жетелейтін негізгі қозғаушы күштердің бірі болмақ. Ол адам капиталын дамытуға, жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға ықпал етіп, болашақтың ғылымға негізделген экономикасын қалыптастыруға арналған платформалық экожүйе жасайды.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама еліміздегі дәстүрлі білім жүйесін өзгертіп, ғылыми зерттеу бағытындағы университеттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Университеттердің халықаралық тәжірибеге сүйене отырып жаңа форматқа көшуі елдің зияткерлік әлеуетін көтеріп қана қоймай, әлемдік технологиялық жарыста алға шығуына жағдай жасайды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің сөзінше, жаңа технологияларды игеру болашақ мамандар үшін ғана емес, елдің экономикалық қуаты мен бәсекеге қабілеттілігі үшін ғана де стратегиялық маңызға ие. Университеттердегі өзгерістер мен студенттердің бастамалары қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже бере бастады.
«Бағдарлама жүзеге асып жатқан 5 айда біздің студенттер 119 жасанды интеллект агентін құрды, тағы 395-і әзірленіп жатыр. Нәтижесінде, 20 университетте ЖИ, машиналық оқыту және киберқауіпсіздік саласында 25 жаңа білім бағдарламасы ашылды», дейді министр.
«Satbayev University» – «AI-Sana» бағдарламасын жоғары білім жүйесіне енгізетін 27 тірек университеттің бірі. Университет «Huawei ICT Academy» курстарын және өзінің авторлық бағдарламаларын қазақ және ағылшын тілдерінде ұсынып отыр. «Satbayev University» тарапынан әзірленген «Баршаға арналған жасанды интеллект» курсын қазірге дейін 12 мыңнан астам адам, соның ішінде 654 оқытушы аяқтап үлгерген. Оқу мазмұны инженерлік және қолданбалы міндеттерде ЖИ-ді қолдануға бағытталған.
Сәтбаев университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Раиса Өскенбаеваның айтуынша, оқу орнында жасанды интеллект саласындағы бастамалар өте көп. Ол университеттің оқу бағдарламаларын жаңартып, заманауи ЖИ-технологияларын білім үдерісіне енгізіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар индустриялық серіктестермен ынтымақтастық дамып, түлектердің кәсіби дайындығы жаңа деңгейге көтеріліп жатқанын жеткізді.
«Бүгінде жасанды интеллект – технология ғана емес, білім мен ғылымды жаңа деңгейге көтеретін қуатты құрал. «Satbayev University» осы бағытты басымдыққа алып отыр. Университетіміздің оқу бағдарламалары жаңартылып жатыр. Біз теориялық білім беріп қана қоймай, студенттерге нақты жобаларда жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынамыз. ЖИ-технологияларын білім үдерісіне енгізу – болашақ инженерлер мен ғалымдардың кәсіби дайындығын жаңа сапаға шығарады. Мысалы, студенттеріміз «Big Data» талдау, машиналық оқыту, нейрондық желілер құру, роботтехника сияқты салаларда тәжірибе жинап жатыр. Бұл – ертеңгі күні еңбек нарығында сұранысқа ие болатын мамандықтар», дейді Р.Өскенбаева.
«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Кәміл Ақатовтың айтуынша, еліміз білім, ғылым саласына жасанды интеллектіні енгізуге толық дайын.
«AI-Sana» бағдарламасы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Бүгінде жасанды интеллектіні енгізуге толық дайынбыз. Ғылым қоры инновацияларды қолдаудың жаңа тәсілдерін енгізіп, елде ЖИ-экожүйенің қалыптасуына серпін беруді көздеп отыр. Біздің мақсат – жекелеген ғылыми жобаларды қаржыландыру ғана емес, технологиялық дамуды жеделдететін жүйелі шешімдер қабылдау», дейді ол.