Банк • Бүгін, 15:20

Қай банктер мемлекеттен алған көмекті қайтармай отыр?

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктерге бұған дейін берілген мемлекеттік қолдау қаржыларының қайтарылуы туралы нақты деректермен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қай банктер мемлекеттен алған көмекті қайтармай отыр?

Фото:Ашық дереккөз

«Бәрі қайтарған жоқ. Бізде 6 банкте осындай мемлекеттік көмек болған. Halyk Bank пен ЦентрКредит Банкі бұл қаражатты толық қайтарды. Тағы екі банк ішінара өтеді. Ал төрт банкте мемлекеттік көмек әлі бар», деді агенттік төрағасы.

Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қазіргі таңда Алатау Сити Банкінде – 950,2 млрд теңге, РБК Банкте – 176,8 млрд теңге, Еуразиялық банкте – 150 млрд теңге, ал Нұрбанкте 46,8 млрд теңге көлемінде қарыз қалдықтары бар. Бұл қаражаттар банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық банк тарапынан реттелген облигациялар түрінде берілген.

«Бұл мемлекеттік бюджет қаражаты емес, республикалық бюджеттен бөлінген ақша емес. Сондықтан банктер бұл қарыздарын бюджетке емес, Ұлттық банкке қайтарады», деп түсіндірді М. Әбілқасымова.

Агенттік басшысы банктердің қарызды тезірек өтеуі үшін бірқатар шаралар қабылданғанын айтты.

«Біз Ұлттық банкпен бірлесіп, дивиденд төлеуге шектеу қойдық. Сондай-ақ минималды резервтік талаптар 10%-ға дейін көтерілді. Осы қадамдар банктерді мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтаруға ынталандырады», деді Әбілқасымова.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін тағы бір банк қарызын толық өтейді, енді бірі ішінара қайтарады. Қалғандарының 3-5 жыл ішінде бұл міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындауға мүмкіндігі бар.