ҮКІМЕТ «Егемен Қазақстанның» апталық қосымшасы
Дана халқымыз қашанда ұтымды сөзден ұтылмаған. Мәселен, «Құс бағу да бір қызық, құс салу да бір қызық» дейді. Бұған бөдене бағып, одан күнкөрісін ажыратқан жандарды көргенде көз жетті. Қоғамға берік енген нарықтық қатынас кімнің болса да жігерін жаныды, еңбекке деген құлшынысын арттырды. Өйткені, иен даланы мекендеп, тау мен таста жүретін құс екеш, құсты да қолға қондырған, табысының, күнкөрісінің көзіне айналдырған Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы Сергей Федорович Ковалевтің бала жұдырығындай бөдене бағып, қырғауылды қолға үйреткені бір ғанибет. Бұрын құрылыс саласының маманы Сергей тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіру, жаппай қысқарту кезінде алғаш абдырап қалған екен. Отбасын асырау үшін жұмыс іздеуге мәжбүр болыпты. Осылайша 2001 жылы Бішкектен бөдененің жұмыртқаларын әкеліп, инкубатордан балапан шығарады. Алғашында білмеген істің ой-шұқыры көп болып, балапандарды көбейту қиындық туғызады. Құс өсіру жөніндегі ғылыми кітаптарды парақтап, қоректендіру жолдарын, емдеу шараларын үйренуіне тура келген. Кәсіпкердің жұмыс орнына келгенімізде зайыбы Татьяна Викторовна үйрек-қаз, тауық пен түйеқұсқа, қырғауылға жем беріп, шаруасын жалғастыру үстінде екен. Адам жатырқамайтын мінезімен жадырай қарсы алды. Шаруа жайын сұрағанымызда оның бар сырын жұбайы Сергей Федорович білетінін айтты. Сергей де шешіле сөйледі. – Әкем мен анам еңбекқор болды. Ағайынды үшеумізді еңбекке баулыды. Алғаш үй салдық, құрылыстың сырына қанықтық. Әкем соғыс ардагері, мал ұстайтын, қоян, нутри өсіретін. Олардың терісінен бас киім тігіп, ауылдағы базарда саудалайтын. Қолынан шыққан бас киімдерді ауылда алмаған жан жоқ десем де болады. Әкемнің жұмыссыз отырған кезі болған емес. Бізді де осыған үйретті. Әйелдеріміз де ақкөңіл, еңбекқор болып кездесті, – дейді Сергей. Содан болар әке шаңырағынан алыстамай бәрі жапсарласа үй салған. Құрылыс жұмысы саябырсыған сол жылдары өзіне таныс кәсіпті жалғастырған. Алғашқы ұйымдастыру барысында көп қиыншылыққа кездесіпті. Бөдененің жемін табу қиынға түскен. Оған тауық пен қазға арналған қоспажем жарамайтын болып шығады. Өндірістің мақсаты жұмыртқа өндіру болғандықтан он екі түрлі қоспадан тұратын жем қажет. Олай болмағанда ол толыққанды жұмыртқа деп танылмайды. Осылайша Сергейдің сапалы жем іздеп, ізденуіне, құс өсірудің зоотехникалық талаптарына жүгінуіне тура келген. Бөдене жұмыртқасы кішкентай болғанымен дәрумендерге бай, жұғымды. Онда амин қышқылы, микроэлементтер жеткілікті болғандықтан асқазанның, ішектің жұмысын жақсартатын қасиеттері мол. Сонымен қатар адам жүрегі мен ағзасындағы темір, радионуклидтерді шығарып, иммунитетті күшейтетін әсері бар. Сондықтан да соңғы кездері бөдене жұмыртқасына деген тұтынушы сұранысы өсе түскен. Арнайы парақшаларда бөдененің бүлдіршін жұдырығындай жұмыртқасының өзге құс жұмыртқаларынан ерекшелігі дәрумендерге үш есе бай, әрі пайдалы екендігі жазылған. Сонымен қатар тауық жұмыртқасынан қуаттылығы едәуір көп саналады. Кішкентай тарғыл түсті құстар арнайы орындарға орналастырылып, жемі мен суы алдына қойылған. Топ-топқа бөлініп, иен далада еркін жүретін ерке құстың қасиетін білген Ковалевтер ай сайын қомақты қаржы тауып, оны өндірісті кеңейтуге жұмсайды. Бүгін де олардың өнімдерін ұзынағаштықтармен қатар алматылықтар да денсаулықтарын түзеуге ем ретінде қолданып, алғыстарын айтады. Шаруагер отбасы қырғауыл мен тауық, тағы басқа құс өсіреді. Қырғауылдың етін интернетпен саудаға салса, тауық жұмыртқасы мен етін мейрамханаларға тапсырыс бойынша өткізеді. Сергей Федорович алдағы уақытта шаруашылығын дамытуды ойластыруда. Ол үшін бөдене санын көбейтіп, арнайы қосымша орын жабдықтауды жоспарлауда. Қазіргі кезде шаруашылықта үш адам жұмыспен қамтылса, оның ауқымы кеңейгенде жұмысшы санын өсіруді ойластыруда. Шұбарала жұмыртқалар салынған қорапшалар Ковалевтер әулетінің бүгінгі еңбегінің жемісі. Ал, қауырсыны түрленген қырғауылды көргенде, дала сұлуларының қолға үйреніп, олармен бірге тіршілік кешкені таңданыс тудырды. – Құс өсіру арқылы отбасыма қажетті кіріс көзін таптым. Сондай-ақ аудан экономикасына қосатын елеулі үлесім бар. Қазақстан менің – Отаным. Елбасының саясаты барша ұлттардың тату-тәтті өмір сүруін көздейді. Ол үшін алғыс айтамын. Ұзынағашта өстім, өмірге келдім. Міне, өз шаруамды ашып, оның игілігін көрудемін. Басқа бізге не керек, – дейді Сергей шын пейілмен. Иә, қарапайым азаматтың ниетіне қосылдық. Құс үні көпке дейін құлақта тұнып тұрды.Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.* * *
АТЫМЕН БІРГЕ, ЗАТЫНДА ДА ӨЗГЕРІС КӨП

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы. –––––––––– Суретте: жаңа мектептегі еңбекке баулу кабинеті.* * *
ҚОБДАЛЫҚТАР ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАЙДЫ
Бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысатын өңірлердің барлық қам-қарекеті қыраулы қыстың қиындықтарынан қиналмай өтуге бағытталатыны шындық. Барлық күш-жігер ала жаздай алдымен ауылдықтардың әлеуметтік жағдайын тиянақтап, қолдарындағы төрт түлігін шығынға ұшыратпай көктемге іліктіруге жұмсалатыны да сондықтан. Соңғы үш-төрт жыл бойы өңірде болған қуаңшылық ауылдықтардың етек-жеңін жинақы ұстауға үйретті. Ала жаздай тамшы тамбағандықтан аудан шарушылықтары көктемде дән сепкен 60 мың гектардан астам алқаптан өнім ала алмады. Тіпті қысқа түсетін малға қажетті жем-шөпті де жинап ала алмаудың қаупі туды. Алайда, өңірдің шаруашылық және табиғи жағдайын жетік білетін аудан әкімі Любовь Исмағамбетова қысқа түсетін малға қажетті жемшөпті өз аумақтарынан дайындап алудың барлық мүмкіндіктерін қарастырды. Ауданда құрылған мал азығын дайындау жөніндегі штаб жүйелі жұмыс істеді. Пішеннің бағасын қымбаттатпаудың жолдары қарастырылды. Жемшөп дайындаушыларға облыстық бюджеттен 260 тонна арзандатылған жанармай бөлінді. Нәтижесінде аудан бойынша қысқа түсетін 16596 ірі қараға, 88340 қой-ешкіге, 6295 жылқыға, 14650 шошқаға 111,0 мың тоннадан астам пішен дайындалды, сөйтіп жоспар 130 пайыз орындалды, жеткілікті жем қоры жасалды. Ауылдықтар ауа райының ашық-жарығын пайдаланып малды қыс қатайғанша жайып келді. Мұның өзі біраз жем-шөп үнемдеуге қол жеткізді. Мал ұстайтын 4282 отбасы жеткілікті жемшөпен қамтамасыз етілген.Соның ішінде 895 зейнеткер мен аз қамтылған 126 отбасына пішен 30-40 пайыз арзандатылып берілген. Жоқ-жітік 30 отбасына мал азығы тегін түсіріліпті. – Біздің аудан бірыңғай ауыл шаруашылығымен айналысады. Соңғы жылдардың тәжірибесі егіншіліктің тәуекел аймағына орналасқан аудан шаруашылықтарында оның қайтарым бермейтінін көрсетті. Сондықтан мал өсіруге басымдық берілуде. Әрине, жемдік дақылдар еге отырып, егіншіліктің көлемін ұлғайтудан бас тартатын боламыз. Мал өсіргенде де оның өнімділігі жоғары, біздің өңірдің табиғи жағдайына төзімді тұқымдарын өсіруге бағыт ұсталуда. Өткен жылы жаңадан құрылған шаруашылық құрылымдары асыл тұқымды 2068 қой, 40 жылқы, 70 ірі қара сатып алуға 35 млн. теңге инвестиция салды. Жалпы соңғы кездері жер алып, шаруасын жүргізуге талаптанушылар қатары көбейіп келеді. Мұның өзі ауданда мал өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын ашуды алға тартып отыр. Бұл әзірге алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Қазір елді мекендерден мал сою пункттерін ашып жатырмыз, – дейді Любовь Қаблиғожақызы. Аудандағы он сегіз ауылдық округте 23 мыңнан астам халық тұрады. Барлық елді мекендерде мектептер бар, фелдьшерлік-амбулаториялық пункттер жұмыс істейді. Оларға жыл сайын жас мамандар көптеп келе бастапты. Өткен жылы білім және денсаулық саласына келген 21 жас маманға көтерме жәрдемақы төлеуге 2050,0 млн. теңге бөлінген. – Ауданда бүлдіршіндерді мектепке дейінгі балалар мекемелерімен қамтамасыз етуде біраз ілгерілеушілік бар. Өткен жылы бес балабақша пайдалануға берілді. Қазір балдырғандар балабақшамен 97 пайыз қамтамасыз етіліп отыр. Бұл облыс бойынша анағұрлым жоғары көрсеткіш. Аудан мен облыс орталығы арасындағы күрежолды күрделі жөндеу басталды, газ құбыры тартылуда. Енді айналдырған бір-екі жылда мұнда тұрмыстық игіліктің бәріне қол жеткізіледі. Оған сеніміміз мол. Қазір қобдалықтар қыстан қысылмайды. Әлеуметтік сала мекемелері, тұрғындар қыстық отын-сумен толық қамтамасыз етілді,– дейді аудан әкімі. Қобда өңірінде қоянның қысы да әзірге ашық-жарық болып тұр. Желтоқсанның аяғына таман түскен қырбық қар жұқа. Мұның өзі жылқы мен қойды жайып бағуға қолайлы болуда. Облыс аудандары арасында қысқа түсетін малға қажетті жем-шөпті уақытылы мол дайындап, қора-қопсысын да жұтынтып жөндеп алған қобдалықтардың түтіні түзу шығуда.Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.