21 Қыркүйек, 2016

Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері

342 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
maskeuРесейдің ірі көрме алаңы – Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде қазақтың этноауылы ашылды. Қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің экспозициясы Астананың Мәскеудегі мәдениет күндері аясында өткізіліп, бұл халықаралық мәдени шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Күндердің ашылу салтанаты Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің және Мәскеу қала­сы үкіметінің министрі Сергей Черёминнің қатысуымен өтті. – Мәдениет күндеріне үлкен жауапкершілікпен дайындалдық. Мұнда 400-ден астам адам келді, соның ішінде әртістер, би ансам­бльдері, суретшілер, бүркіт баптау­шы құсбегілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бар. Бір сөзбен айтқанда, Мәскеу тұрғындары мен қонақтарын Қазақстан мәде­ниетімен жан-жақты таныстыру үшін бар жақсымызды ала келдік, – деді Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов. Көрме қонақтарына қолөнер­шілерден бастап хандарға дейін ежелгі көшпелілердің тұрмысымен танысуға мүмкіндік беретін әртүрлі тақырыптарда безендірілген бір­неше киіз үй тігілді. Ханның ең үл­кен және әдемі жасақталған үйі – «Ақ Орда», мұнда қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылады. Ал «Қолөнершілер шеберханасын­да» қолдан кілем тоқу өнерін та­ма­шалауға болады. «Аңшының үйінде» қазіргі қазақтардың арғы аталары аң аулау үшін пайдаланған керек-жарақтар көпшілік назарына ұсынылса, «Шеберлердің киіз үйіне» келушілер саз балшық пен асыл металдардан бұйымдар жасау жолдарын көріп, оны естелікке сатып ала алады. Киіз үйлердің бірі келер жылы Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған. – Астана өнерпаздарының Мәс­кеуде қойған концерттері ұзақ уа­қытқа дейін ұмытылмайды деп ой­лаймын. Осы сияқты мә­де­ни шаралар екі мемлекеттің қа­­рым-қатынастарын әрі қарай дамытуға оң ықпал ететін болады. Мәскеуліктер де ЭКСПО-2017 – «Бо­лашақтың энергиясы» көрме­сінде ресейлік экспозициялар құрамында Астанада мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отыр. Ол да осы Мәскеудегі шара секілді естен кетпес жарқын оқиғалардың бірі болады деп санаймын, – деді Мәскеу қаласы үкіметінің министрі Сергей Черёмин. Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз ынты­мақтастыққа қарамастан, Мәскеуде Астана күндері тек 2002 жылы мамыр айында ғана өткізілген. Ал Ресей астанасы төл мәдениеті мен өнерін Астанада екі рет – 2001 және 2008 жылдары таныстырған. Мәскеу тек Ресейдегі ғана емес, сондай-ақ, әлемдегі де ірі тарихи-мәдени орталық болып табылады. Мұнда көптеген атақты сәулет ес­керт­­­кіштері орналасқан, қалада 100-ден астам театр мен 60 музей бар. Сондықтан мәдениет пен өнер саласындағы ынтымақтастық Қазақстан үшін аса маңызды. Мұ­ны­мен қоса, қазақтың бай мұра­сын насихаттау шетелдік азаматтарды халқымыздың тарихымен және мәдениетімен таныстыру үшін қажет. Мәскеудегі этноауылға келушілер нағыз батырларды көріп, олардың күш-қуатына тәнті болды. – Мен ұлттық киім киген қазақ­тың батырларын көріп, таң қалдым. Өте әдемі. Қазақтар сондай сұңғақ бойлы болады деп ойламаппын. Экс­позициялардың барлығы  – құс­тар да, киіз үйлер де – бәрі де қызық, бірден Қазақстанға барып, көргің келіп кетеді, – дейді этноауыл қонақтарының бірі Марина Громова. Астананың Мәскеудегі мәде­ниет күндері аясында кеше кешке Үлкен Кремль сарайында Қазақстан өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Сахнада Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, Майра Мұха­медқызы мен Сүндет Бай­ғожин ән шырқады. Сонымен қатар, концертке эстрада әншілері мен ресейлік әртістер қатысты. Сәулебек БІРЖАН