Футбол • 04 Қыркүйек, 2017

Черногория қайта қапы қалдырды

35 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан құрама командасы 2018 жылғы әлем чемпио­на­тының іріктеу кезеңінде Черногория футболшыларымен «Ас­тана Арена» стадионында күш сынасып, 0:3 есебімен ой­сырай жеңілді. 

Черногория қайта қапы қалдырды

Жасыратыны жоқ, ел футболшылары құрамаға бас бапкер болып Александр Бородюк кел­гелі ұпайға жарымай-ақ қой­ды. Ресейлік маманның қара­мағында жаттыққан кезін­де Қазақстан футболшылары төрт ойынның бәрінде жеңі­ліс­ке ұшырады. Алдымен жол­дас­тық кездесуде Кипр құ­ра­масына 1:3 есебімен есе жі­бер­­ді. Одан кейін 2018 жыл­ғы әлем чемпионатының ірік­теу ке­зеңінде Армениядан 0:2, Да­ниядан 1:3 және Черно­го­рия­дан 0:3 есептерімен жеңілді.

Бұрнағы күні Черного­рия­мен өткен бәсекенің бірінші бө­­лі­гінде қандай да бір ко­ман­да басымдық танытты деп айта қою қиын болды. Матч алма-кезек шабуылмен өр­бі­ген. Дегенмен, жекелеген тұс­тарда қонақтардың бір жең­нен қол, бір жағадан бас шыға­ра біл­ген ұйымшыл ұжым екен­ді­гі байқалып тұрды. Оның үс­ті­не, олар жекелеген ойыншы-ла­­рының шеберлігі жағынан да біздің футболшыларға қара­ған­да, әлдеқайда тәуір көрінген. 

Жалпы, Любиша Тумба­ко­вичтің шәкірттері бұл ойын­да «Е» тобындағы түйіспе матч­тан бірден бір дәмелі коман­да екендіктерін көрсетті. Матч­тың 31-минутында қо­нақ­тардың шабуылшысы Стеван Йоветич тамаша пас беріп  Мар­ко Вешовичті біз­дің қақ­па­шымен бетпе-бет шы­ғар­ды. Обалы нешік, Давид Лория тайсалмастан қарсы ұмтылған. Бірақ, айлалы Вешович допты қақпашыдан әдемі асырып, есепті ашып кетті.

Арада алты минут өткенде біздің ойыншылардың есепті теңестіруге мүмкіндігі болған. Ғафуржан Сүйімбаевтың әуе­лете берген пасын Исламбек Қуат баспен ұрған еді, доп қақ­паның маңдайшасына тиіп, кей­ін серпілді.

Екінші таймда «қаратау­лық­тардың» шабуылшысы Фатос Бечирай стандартты жағ­дай­­дан тебілген допқа бәрі­нен бұ­рын жетіп, баспен гол соқ­ты. Ал кездесудің 63-ми­ну­тында Мар­ко Симич қақ­па­шы Ло­рия­ны тағы да қапы қал­ды­рып, үшінші допты енгізді. 

Сонымен, футбол әлемінде «Қаршыға» деп аталып жүр­ген Қазақ елінің командасы Черногория құрамасынан осымен екінші рет жеңілді. Былтыр, қазан айының 8-і күні біздің фут­болшылар Черногория же­рінде 0:5 болып тізе бүккен болатын. 

Бүгін Қазақстан құрама ко­мандасы «Е» тобында көш бастап келе жатқан Польша елінің футболшыларымен күш сынасады. 

Қайрат ЖҮНІСҰЛЫ