Футбол • 06 Қыркүйек, 2017

Жеңіле-жеңіле жанкүйерден де ұят болды

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз өтіп жатыр. Жеңілістен көз ашпаған біздің елдің футболшылары өз тобында көш соңында келеді. Бұрнағы күні Польша құрамасымен күш сынасқан Қазақ елінің командасы тағы да ірі есеппен жеңіліп қалды.

Жеңіле-жеңіле жанкүйерден де ұят болды

«Е» тобындағы бұл кездесу өтпес бұрын, Польша құрамасын өкшелеп келе жатқан Дания футболшылары сырт алаңда Арменияны 4:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Ол аздай-ақ, Черногория құрамасы да Румыния футболшыларынан 1:0 есебімен басым түсіп, топтағы жағдайды тіпті күрделендіріп жіберді. Сол себепті, поляктар қазақ футболшыларымен болған кездесуге ширығып шықты. 

Шынын айтқанда, Адам Навалканың шәкірттері біздің ойыншыларға қарағанда сергек һәм ширақ көрінді. Жылдам да дәл пастармен адымды аштырмай, діңкелетуге тырысты. Мачтың 11-минутында Гросицкидің сол қанаттан әуелете берген пасын Макушевски баспен ұрып, айып алаңының орта тұсында тұрған Миликке бағыттады. Ал Милик болса мүлт кетпеді. Есеп – 1:0.

Қақпасына гол соғылғаннан кейін біздің футболшылардың намысқа тырысып, алға ұмтылғаны рас. Сондай сәттің бірінде, яғни ойынның 48-минутында Роман Мұртазаевтың соққысынан кейін доп қақпа ішінен табылған. Бірақ, матч төрешісі Андрис Трейманис бұл голды есептеуден бас тартты. Оның пікірінше, дәл сол сәтте Исламбек Қуат алаң иелерінің қақпашысын денесімен жауып, оған қарсы ойын тәртібін бұзған екен.

Бұдан кейін латвиялық төре­ші­лер Роберт Левандовскидің стандартты жағдайдан теуіп қақпаға енгізген тап-таза голын санамай тас­тады. Осы жағдай ашуына тиген болу керек, поляктар іле-шала тағы бір шабуыл ұйымдастырып, Камиль Гликтің көмегімен есепті еселей түсті. Бұл гол ойынның 74-минутында соғылған еді.

Кездесудің бітуіне бес минут уақыт қалғанда ылғи шабуылдың өтінде жүретін Левандовски біздің қақпаның алдын тағы да шаң қылды. Робертті құрықтау кімге оңай тисін, біздің қорғаушылар амалдың жоқтығынан оған қарсы тәртіп бұзды. Пенальтиді сәтті орындаған сұрмерген бұл ойындағы нәтиженің соңғы нүктесін өзі қойды.

Обалы нешік, біздің құраманың ойыншылары бұл кездесуде аянып қалмады. Шама-шарқы жеткенінше айқасып бақты. Бірақ, шабуылдың шешуші сәттеріндегі шарасыздық пен қорғаныстағы сасқалақтаған сенімсіз ойын команданың жігерін құм етті.

Ойыннан кейін болған бас­пасөз мәслихатында бас бапкер Александр Бородюк былай деді: «Егер, есепті теңестіргенімізде, ойын басқаша өрбитін еді. Жалпы, біз поляктар сияқты допты жылдам игеретін қарсыластармен, сонымен қатар 50 мыңнан астам көрермені гуілдеп тұратын стадионда ойнап үйренуіміз керек. Польша мен Черногорияда әр үш күн сайын толық ойнаса да күшін оп-оңай жинап ала қоятын ойыншылар бар. Міне, бізге жетпейтіні осы».

Келесі ойынды Қазақстан футболшылары 5 қазан күні Румынияда сол елдің құрама командасымен өткізеді.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»