Күрес • 06 Қазан, 2017

Тұрлыханов турниріндеҚаленов қарсылас шақ келтірмеді

43 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда грек-рим күресінен «Болат Тұрлыханов Кубогы» атты халықаралық турнир аяқталды. Екі күнге созылған дәстүрлі жарыста 17 елдің балуандары бақ сынап, Олимпиада бағдарламасына енген алты салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады. Турнир қорытындысы бойынша Қазақстан балуандары 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алды.  

Турнирде 66 кило салмақта кіл мықтылар белдесті. Алмат Кебіс­баев, Данияр Каленов сияқ­ты көптеген халық­а­ра­лық тур­нир­лерде олжа салған еліміздің балуан­­­дарын айтпағанда, жақын­да ғана Парижде өткен әлем чем­пио­натында жеңімпаз атанған оңтүс­тіккореялық Рю Хан Су да Болат Тұрлыханов атындағы тур­нирге арнайы келген екен. 

Аталған салмақта бас жүлдеден бірден-бір үміткер де корей елінің осы балуаны болатын. Бірақ турнир деңгейінің жоғары болғандығы соншалықты, әлем чемпионы деген атағы бар Рю Хан Судың өзі еліне жүлдесіз қайтты. Әлем чемпионын жартылай финалда Данияр Қаленов 1:0 есебімен жеңді.

Данияр өткен аптада ғана Ашхабадта аяқталған жабық кешендегі Азия ойындарында жеңімпаз атанып қайтқан болатын. Болашағынан зор үміт күттіретін балуан осы турнирде алдына жан салған жоқ. Финалда ол еліміздегі тәжірибелі балуандардың бірі Алмат Кебісбаевты жеңді. Есеп – 5:3. Алмат та осы турнирде жаман күреспеді. Көп күш жұмсады. Тіпті 1/8 финалда Польшадан келген Роман Поцрковскиден 1:7 есебімен есе жіберіп жатып, соңғы бір минут қалғанда поляк балуанын таза жеңіп кетті. Бұл салмақта қола жүлдені ресейлік балуандар Павел Салеев пен Арсен Мирзоян жеңіп алды. Соңғысы әлем чемпионы Рю Хан Суды қола жүлдесіз қалдырды.

Өкінішке қарай, 85 кило сал­мақта қазақстандық балуан­дар жүлдесіз қалды. Украиналық Жан Беленюк шешу­ші сында грузин балуаны Роберти Коб­лиаш­вилиден 5:1 есебімен айла­сын асырып, турнир жеңім­пазы атанды. Қола жүлде Нико­лай Стадуб (Беларусь) пен Лаша Гобад­­зенің (Грузия) қанжы­ғасында кетті. 

Аса ауыр салмақтағы алыптар арасындағы бәсекеде Грузия балуандары дес бермеді. Финалда Леван Арабули мен Звиади Пата­рид­зенің арасындағы белдесу 3:1 есебімен алғашқысының пайда­сына шешілді. Грузия құрамасы бұл турнирге бірінші және екінші нө­мірлі балуандарын алып кел­ге­нін айта кетейік. 130 килода үміт артқан балуанымыздың бірі Нұр­­ма­хан Тінәлиев болатын. Өк­ініш­­ке қарай, Нұрмахан жарты­лай фи­нал­да Звиади Патаридзеден же­ңіліп қалды. Бірақ қола медаль үшін болған белдесуде оңтүстік­ко­рея­лық балуаннан айласын асырды.

Сонымен екі күнге созылған ж­а­рыс мәресіне жетті. Алты салмақ дә­­ре­жесінде өткен халықаралық тур­­­нирдің бас жүлдесі алты ел­дің ен­ші­сіне бұйырды. 59 кило сал­мақ­та Оңтүстік Корея, 66 кило­да Қа­зақ­­­стан, 75 килода Түркия, 85 ки­л­­о­да Украина, 98 килода Ре­сей бал­уа­ны топ жарса, аса ауыр сал­мақ­­т­ың алтын медалі Грузияға жол тартты. 

 

 

«Егемен-ақпарат»