
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2009 жылы өткен ІІІ съезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тұрақты өзін-өзі рухани жетілдіру қажеттігі екінші орынға ысырылды. Дүниені материалдық құндылықтар – ақша, ашқарақтық пен табыс жолындағы есалаң бәсеке билеп-төстеп алғанына көпшілік көз жұмып қарайтын болды», деп айтқан еді. Біз бұл сөзден дүниеге деген тойымсыздық белең алып, қоғам қатыгездене бастаған қазіргі кезеңде рухани құндылықтарды алға шығару керектігін ұғынамыз.
Кейбір жағдайларда адамның абыройы материалдық жетістікпен өлшенетін болды. Бірақ адам өмірінің мәні осында ма? Бұл сұраққа Абайдың сөзімен жауап берген абзал: «Пайда ойлама, ар ойла...».
Барлық кезеңде ізгіліктің уағыздаушылары дін лидерлері болған. Қазіргі таңда да дін қызметкерлерінің белсенділігі қажет-ақ. Осы мәселеде Президент Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу бастамасын көтерді. Игілікті ойдан туындаған халықаралық тарихи шара өзгерістер мен күйзелістерге толы ХХІ ғасырдағы діни шетін мәселелерге қатысты парасатты пікір айта алатын әлемнің беделді дін қайраткерлерін Астанаға топтастырды. 2003 жылы бастау алған форум әлемдік аренада қуатты дінаралық институтқа айналды. Тіршілігінде бірлік пен бейбітшілікті ту еткен Қазақстан өзінің жаңа елордасы – Астананы дінаралық үнқатысудың, рухани келісім мен татулықтың қаласы екендігін дүйім жұртқа тағы да мәшһүр етті.
Елбасы әлемде діни көзқарастар қайшылығы күн санап күрделеніп бара жатқанын жауапкершілікпен сезініп, түрлі дін өкілдерінің бір үстел басында қоғамға қауіп төндіріп отырған мәселелер төңірегінде пікір алмасуға мүмкіндік туғызды. Съезде айтылған ұсыныстар мен бастамалар БҰҰ деңгейінде талқыланды. Алқалы басқосудың нәтижесінде Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында 2010 жылды Халықаралық мәдениеттер жақындасуының жылы деп жариялау туралы қарар қабылданды.
2012 жылдың 30-31 мамырында өткен съезде Израильдің бас сефард раввині Шломо Амардың Қазақстан Президентіне қарата тебіреніспен айтқан мына сөзі еске түсіп отыр: «Ойлаңыздаршы, дүние жүзіндегі ұлттар Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды, ал Нұрсұлтан Назарбаев барлық діндердің Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды. Бұл бастаманың арқасында осы жерде түрлі діннің өкілдері бас қосып, бір-бірімен ашық та шынайы әңгіме құрып, бір-бірін тыңдап отыр. Бұл – бүкіл әлемде жасалып отырған ұлы құбылыс. Мұндай ауқымда әлі ештеңе жасалған емес».
Адамзат баласы ХХІ ғасырдың ең озық технологиялық жетістіктері мен игіліктеріне қол жеткізгенімен, ұлттық, нәсілдік және діни көзқарастар қайшылығынан туындаған алауыздықтардан зардап шегуде. Өкініштісі, алауыздықтың соңы қантөгіспен аяқталуда. Ешқандай ел экстремизм мен терроризмнен құтылған емес. Мұны мойындауға мәжбүрміз.
2015 жылы V съезде сөз алған БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мунның: «Бүгінде қауымдардың арасына өзара түсіністік пен ынтымақтастық көпірлерін салудан артық маңызды іс жоқ», деп кесіп айтуында үлкен мән жатыр.
Халық даналығында «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана», деген нақыл бар. Бір сөзбен айтқанда, съезд мақсаты – сонау Адам атадан таралатын адамзат баласын бейберекетке емес – бейбітшілікке, бөлінуге емес – бірігуге, алауыздыққа емес – адамгершілікке үндеу. Дін көшбасшыларының осынау ортақ мақсатпен Астанада басқосуы Елбасы идеясының өміршеңдігі, съездің басты жетістігі деп атар едік.
Айрықша атап өтер жағдай, Исламның лаңкестікке қарсы дін екенін күллі әлемге түсіндіруде осы халықаралық форум үлкен мінбер бола алады.
Н.Назарбаев қыркүйек айында Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде де асыл дініміздің жанашыры ретінде әлемдегі мұсылмандардың қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Осы саммиттегі сөзінде «Экстремистік және террористік ұйымдар әрекетінен бірінші кезекте мұсылман әлемі зардап шегуде. Исламофобиялық пікір қоғам ішінде кең таралуда. Батыс елдеріндегі мұсылмандарға қарсы қылмыстық әрекеттер жыл сайын көбейіп келеді», деді. Мьянмадағы мұсылмандардың қасіретті жағдайын БҰҰ аясында бейбіт жолмен реттеу қажеттігін де айтты. Сондай-ақ 1,5 миллиардтан астам адамды біріктіретін Ислам әлеміндегі ауызбіршіліктің болмай жатқанын да сөз етті. Мемлекет басшысының мұсылман елдерінің G20 секілді жеке форумын құруды ұсынуы үмбеттің мерейін үстем етіп, әлеуетін көтеруден туған ізгі идея дер едік.
Мәмілегер, көреген ұлттың көсегесі көгере бермек. Алла ұзағынан сүйіндірсін!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ баспасөз бөлімінің меңгерушісі