
Алаштың бетке ұстар талай арысы дүниеге келген, қасиетті Баянауылда туған Зайролла Дүйсенбекұлы өзінің алдындағы аға буын ағартушылардың, ғалымдардың, жазушылардың, ақындардың және қоғам қайраткерлерінің ең үздік қасиеттерін бойына сіңіре білген ойшыл, ғалым, ұстаз және қоғам қайраткері десек артық айта алмаспыз.
Кешегісіз бүгін жоқ. Зайролла Дүйсенбекұлы сонау Баянауылда өткен балалық шағында-ақ өзінің зеректігімен талайды таңдай қақтырды. Студенттік жылдарда ғылыми үйірмелерге белсене қатысып, ғылымға бейімділігімен көзге түсе білді. Өндірісте қызмет етіп жүріп те өзі тәмамдаған жоғары оқу орнымен байланысын үзбеді. Сөйтіп Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының күндізгі бөлімдегі аспирантурасына оқуға түсіп, 1966 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты аталып, ал 1985 жылы докторлық диссертациясын қорғап шықты.
Зайролла Дүйсенбекұлы 1965 жылдан бастап Қазақ ауыл шаруашылығы институтында ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, агрономия факультетінің деканы секілді қызмет баспалдақтарынан абыройлы өтті. Сол жылдары Зайролла Дүйсенбекұлы педагогикалық, қоғамдық және ұйымдастыру жұмыстарын теңдей алып жүруімен қатар, өзін тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл КСРО ғалымдарының алдында ерекше ойлау қабілетімен танытып, сол кездері жаңа дамып келе жатқан егіншілік саласында жоспарлы немесе сандық технологияларды пайдаланып, өнім алу проблемасына аса ден қойған зерттеушілер қатарына енді.
Осыдан бастап ғылыми қоғамның ортасында Зайролла Дүйсенбекұлының табиғат берген математикалық категориялармен ойлау қасиеті айрықша көзге түсе бастады. Сол кездің өзінде егіншілік жүйесінде жоспарлы өнім тек әрбір егіс алқабының әркелкілігін ескергенде ғана дұрыс жолға қойылатынын дәлелдеп шықты. Мысалы, оның жоспарлы өнім алу проблемасының теориясы мен программалау әдістемелеріне қосқан үлесі Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясының 1984 жылы өткен Үйлестіру кеңесінде жоғары баға алды. Бұл КСРО кезінде қазақ ғалымдарына көрсетілген өте сирек құрметтің бірегейі еді.
Осындай абыройға жетіп, егіншілік ғылымын қарыштап дамытып келе жатқанда қоғам жаңа капиталистік формацияға бет бұрды. Ел алдында бұрын-соңды көтерілмеген жер қатынастарын нарық талабына сай жүргізу проблемасы алға қойылды. Тәуелсіздікке жаңа қадам басқан елдің Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы М.Оспанов аталған проблемаларды шешу тек қана Зайролла Дүйсенбекұлының қолынан келетініне ешқандай күмән келтірмеді. Зайролла Дүйсенбекұлы 1993 жылы алғашында Қазақ Мемлекеттік жерге орналастыру жөніндегі жобалау институтының директорлығына тағайындалды. Араға бір жыл салып «Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығының» Бас директоры лауазымына ие болып, осы мекемеге қатарынан он үш жыл мүлтіксіз жетекшілік етті.
Зайролла Дүйсенбекұлы осы тұста жер қатынастарын қайта құру мен жер реформасын жүзеге асыруды негізге ала отырып, жер ресурстарын басқару, қорғау және оны тиімді пайдалануға арналған ғылыми-өндірістік бағдарламалар, әдістемелер мен нормативтік құжаттарды әзірлеп шықты. Осындай кешенді, көп салалы және аса күрделі проблемалардың шешімін дайындау және оларды нарықтық экономиканың ауыспалы кезеңінде тұрған мемлекеттің, күнделікті арпалыстағы өндіріс саласына енгізу дарынды ғалымнан терең талдау, қарышты еңбек, қайыспас ерік және ерен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуді талап еткенін және барлық міндеттерді өзіне тән табандылықпен орындап шыққанына халық куә. Зәкеңнің «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» атағын алуы және «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, Ұлттық Ғылым академиясының Алтын медалімен алғашқылар қатарында марапатталуы – Отанымыздың ағамызды қоғам мен мемлекет алдында сіңірген зор еңбегі үшін бағалағандығының белгісі.
Зайролла Дүйсенбекұлының ойшылдығының, математикалық категориялармен ойлау қасиетінің, тынымсыз қажырлы да, қайратты еңбегінің аса ірі нәтижелерінің бірі ретінде, қазіргі Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде әлі күнге дейін теңдесі жоқ «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» мемлекеттік инфрақұрылым ретінде өндірістік тәжірибеге енгізілуін баса атап өту керек. Осы жүйені енгізу барысында Зәкең «ақпараттық ғасырдың» талаптарын тереңнен түсініп, әлем деңгейінде сараптама жүргізіп, өз уақытының құзар биігіне көтерілді. Соның нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының Жер кадастры және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» әлемдегі ең озық геоақпараттық технологияларды пайдалану негізінде дүниеге келді. Мысалы, Зайролла Дүйсенбекұлын айтпағанда, атқарған жұмыстың техникалық жетекшісі болған Жанат Алтаевтың өзі аты әлемге әйгілі АҚШ-тың ESRI компаниясының лауреаты атанды. Осы технологияларды жоғары оқу орнына, дәлірек айтсам Зайролла Дүйсенбекұлының өзі оқып, ұзақ жылдар қызмет еткен қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университетіне енгізу барысында 2005 жылдан бастап тізе қосып, Зәкеңмен бірге еңбек ете бастадық. Ұстазымның жаңа технологияларға деген кіршіксіз құлшынысы мен пәктігі аталған университетте геоақпараттық технологиялар мен ғарыштық технологияларды оқу процесіне және ғылыми-өндірістік жұмыстарға енгізуге мүмкіндік туғызды. Академик ағамыздың қолдауы бүкіл студенттер қауымын арқаландырып, оларды республика деңгейіндегі сайыстарда ең жоғарғы сатыларға шығарды және университеттің қатарынан алты ғылыми-зерттеу жобасын ұтып алуына себепкер болды. Геоақпараттық және ғарыштық технологияларды меңгерудің арқасында Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқытушылары алыс шетелдерге барып (Англия, АҚШ, Голландия, т.б.) тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін көтеруге мүмкіндік алды.
Ең алдымен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының аяғында Зәкең әлемдік доданың алдыңғы қатарында Қазақстан тарихында алғашқы болып геоақпараттық жүйелерді пайдаланып, «Қазақстан Республикасының Жер кадастрын және оның автоматтандырылған ақпараттық жүйесін» республикалық мемлекеттік инфрақұрылым ретінде енгізе білді. Зайролла Дүйсенбекұлының осы ерен еңбектен туған бастамасы оқулықтарға еніп, Қытай және ТМД елдерінде өнеге ретінде басшылыққа алынып, Қазақстан Республикасының беделін көтерді.
Ұстазыма 2010 жылы жоғарыда жасаған дайындықтарын жерге тастауға болмайтынын, «ақпараттық ғасырдың» ұлы көшінен қалмай «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер Инфрақұрылымын» дайындап, жасап және дамыту жұмыстарын тоқтатпау керектігін айтқанымда, еш ойланбастан келісімін беріп, қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Содан бастап Зайролла Дүйсенбекұлы Қазақстан Республикасының Жерді қашықтан зондтау ғарыштық жүйесі және Қазақстан Республикасының жоғары дәлдіктегі жерсеріктік навигациялық жүйесінің жерүсті құрылымы сияқты ғарыштық технологияларды өмірге дайындап жатқан «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамына «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» дайындауға қолғабыс жасады.
Мысалы, 2013 жылы академик ағамыздың тікелей қатысуымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын 2020 жылға дейін дайындау және дамыту концепциясы» жасалынды. Ал 2014 жылы Зайролла Дүйсенбекұлының кеңестерін пайдалана отырып менің жетекшілігіммен атқарылған ғылыми жұмыстарымыз «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының» аудан көлемінде қалай жасалатынын жан-жақты көрсетіп берді. Бұл атқарылған еңбектер өте нәтижелі болып «кеңістіктік деректер» және «кеңістіктік деректер инфрақұрылымы» деген түсініктер алғаш рет «Қазақстан Республикасының ғарыш туралы заңына» енгізілді. Енді мемлекеттің алдында қажетті қаражат бөліп, «Қазақстан Республикасының Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын» жасау ғана тұр.
Зәкең өзінің ерекше біткен ойлау жүйесінің арқасында кеңістіктік-уақыттық деректер инфрақұрылымының негіздері, оны қалай жүзеге асыруға болатыны туралы емін-еркін пікір алмасып отырады. Солардың бірі 2015 жылы әлемде жаңа туған, кеңістіктік-уақыттық деректер инфрақұрылымын жасау арқылы орындалатын, «үшінші жасыл революция» атанған, толығымен сандық технологиялардан тұратын «ақылды» немесе «smart» ауыл шаруашылығы. Бүгінде Зайролла Дүйсенбекұлы әзірге жаңалығы жағынан теңдесі жоқ «ақылды ауыл шаруашылығын» еліміздің агроөндірістік кешеніне енгізудің жолдарын іздестіруде.
Міне, зымыран уақыттың жетегіндегі қым-қиғаш тірліктен еш уақытта шет қалмай, заман ағымымен қолтықтаса араласып, көшбасшылар қатарында жүретін Зайролла Дүйсенбекұлының үнемі ұлтжандылық сипатын, елі үшін ерінбей еңбек еткен ерен тұлғасын, кейбіреулерге ұқсап жұрт алдында бос даурыққан жел сөзбен емес, іргелі еңбегімен, ғылыми ауқымды ұлан-ғайыр істерімен, парасатқа толы мінезімен көрсете білетіндігінің куәсі болып келеміз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор
АСТАНА