Әдебиет • 02 Наурыз, 2018

Омар Хайям рубаилары

3010 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Омар Хайям рубаилары

Тас қамал бұл қапастың аты – жалған,
Қарайып, күннің көзін бұлты шалған.
Күл болып көрде жатыр жүз Баһрам,
Той тарқап, жүз Жәмшидтің жұрты қалған.
* * *
Қызық-ау: туған адам ақыр өлмек!
Тозғасын тарқатылып жатыр өрмек.
Түтінсіз жанды-ау тағдыр өрті ішінде,
Ақ жүрек талай адал пақыр еңіреп.
* * *
Тағдырдың сыры терең, жете алмаймыз,
Жұмбағын түгел тауып кете алмаймыз.
Керулі көз алдыңда сиқыр перде,
Өлеміз, бірақ әрі өте алмаймыз.
* * *
Алады ажал жұртты талғамастан,
Кейқуат, Жәмшидтерден бар ма асқан?
Құл қылып қу замана қойған бізді
Ұйқыға, айла, арман сорға бастан.
* * *
Шіркін-ай, бір саяға келер болсақ!
Ұшығын ұзақ жолдың көрер болсақ!
Жүз мың жыл өткеннен соң, о, дариға-ай,
Көгеріп жерден қайта өнер болсақ!

Аударған 
Қуандық Шаңғытбаев