
Айдын Смағұлов жетекшілік ететін еліміздің ерлер құрамасы табысты өнер көрсетіп, төрт қандасымыз жеңіс тұғырына көтерілді. Ең қуанштысы, 66 кило салмақ дәрежесінде қазақтың қос өрені ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, бас жүлдені өзара сарапқа салды. Нәтижесінде әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерлан Серікжанов алтын алса, құрлықтық додада сан мәрте атой салған Елдос Жұмаханов екінші орынды иеленді. Осы орайда, қос қандасымыздың сары құрлықтың басты додасының финалында жолығуы бұрын-соңды болмаған жайт екенін айта кеткен абзал.