16 Наурыз, 2010

СТУДЕНТТЕР АРАСЫНДАҒЫ ПӘНДІК ОЛИМПИАДА

776 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
жоғары оқу орындарындағы білім сапасын сараптайды Өткен жылы Білім және ғылым министрлігінің баста­ма­сы­мен тұңғыш рет студенттер ара­сында пәндік олимпиада өткен бо­латын. Биыл осы үрдіс оңды жал­ғасын тауып, Алматыдағы Қа­зақ Бас сәулет-құрылыс акаде­мия­сында еліміздің 22 жоғары оқу орнының 137 студенті 10 пән, 5 мамандық бойынша білім жарыстырды. Құрылысшылар мен сәулет­кер­лерді даярлайтын академия пәндік олимпиада өткізу үшін тегін таң­да­лып отырған жоқ. Қазақ Бас сәу­лет-құрылыс ака­демиясының архи­тектура маман­дығы әлемде тұңғыш рет халық­аралық сертификатқа ие болған. Бұл асыра дәріптеу емес. 2007 жылы Қазақстанның сәулет­керлер даярлай­тын мектебі әлемдік деңгейде мойын­дал­ғанын мақта­ныш тұту керек. ЮНЕСКО жа­нын­дағы халықаралық Архитек­торлар одағы мұндай дәрежені екінің бі­рі­не үлестіре бермейді. Осынау мәр­тебені алудан дүние жүзінің барлық құрылыс және сәулет мамандығын дайындайтын жоғары оқу орын­да­ры дәмелі. Фа­культетке халықара­лық сертифи­кат беруге шешім шы­ғаратын ЮНЕСКО-ның арнаулы комис­сия­сы сәулеткерлер даяр­лай­тын жоо студенттерінің жоба­ларын, ака­демия түлектерінің табыс­та­рын, сапалы білім беру үде­ріс­терін бүге-шігесіне дейін зерттейді. Сонымен Бас сәулет-құрылыс ака­демиясында өткен олимпиада “Сәулеттік жобалау”, “Сәулеттік дизайн элементтері мен процес­тері”, “Құрылыс конструкциялары І”, “Геотехника І”, “Инженерлік механика І,ІІ”, “Ағаш өңдеудегі материалдар”, “Ағаш өңдеу құрал-жабдықтары І,ІІ”, “Плита ма­те­риалдарының технологиялары”, “Бетон технологиялары І” пәндері бой­ынша өтті. Пәндік білім сайы­сына осы кәсіптер бойынша ма­ман­дар даярлап жатқан оқу орын­да­рының басым бөлігі қатысты. Өт­к­ен жылғы олимпиадада олар­дың қатары саусақпен санарлық болатын. Елімізде осымен екінші рет өт­кізілген пәндік олимпиада бары­сында студенттер І, ІІ, ІІІ дә­ре­желі дипломдармен мара­пат­талды. 56 жүлделі орынның бі­рін­ші дәрежелі 21 дипломын Қазақ Бас сәулет-құрылыс академия­сының шәкірт­тері иемденді. 6 орынды Астана­дағы С.Сейфуллин атын­да­ғы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситеті алды. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қа­зақстан мемлекеттік университеті мен Шығыс Қазақ­стан Мемле­кет­тік техникалық университетінің студенттеріне 4 орыннан тиді. Ал Алматы, Ақтөбе, Атырау, Көкше­тау, Қарағанды, Қызылорда, Руд­ный қалаларын­дағы жоғары оқу орындарының 1-3 студенті жүл­делі орындардан табылса, алты жоғары оқу орны мүлде марапатсыз қалды. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.