
Ауқымды шарада бас қосқан 100-ден астам ғалым, оқытушы, отандық және шетелдік ұйымдардың қызметкерлері «Орталық Азиядағы гендерлік сын-тегеуріндер мен өзгерістер» тақырыбында ой бөлісті.
Назарбаев Университет Жоғары бизнес мектебінің қауымдастырылған профессоры Дженифер Льюис гендерлік тақырыптың теориялық және практикалық аспектілерін толық талқылауға тырысқанын тілге тиек етті. «Форумға атсалысқан қазақстандық мектептердің өкілдері оқушылармен жұмыс істеу барысында кездесетін ең маңызды гендерлік аспектілерге тоқталды», деді Д.Льюис. Халықаралық сарапшының сөзіне сенсек, Назарбаев Университеттегі Медицина мектебінің профессорлары дәрігерлердің науқастармен қарым-қатынасы кезінде қандай мәселелермен бетпе-бет келгенін тарқатып айтты.
Гендерлік теңдік мәселелері әр салада кездеседі. Оны сол саланың мамандары ғана жақсы біледі. Осы жайтты ескерген форум сарапшылары мансаптық мүмкіндіктердегі теңдік, саясаттағы әйелдердің орны, жастарға жыныстық білім беру, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер кәсіпкерлігі, сыбайлас жемқорлықтың гендерлік аспектілері секілді қоғамдағы мәселелерді қамту арқылы тақырып аясын кеңейте түсті.
Ал шараның келесі күніне белгіленген стейкхолдерлердің (stákeholder – қызығушы тарап, жеке тұлға, делдал немесе өкіл) дөңгелек үстелінде білім беру саласының қызметкерлері, ғалымдар, ҮЕҰ мен өзге де ұйымдардың өкілдері алғашқы күні айтылған сараптамалар мен осыған дейінгі жасалған гендерлік зерттеулерді іс жүзінде қалай қолдануға болатынын талқылады.
Назарбаев Университеттің Жоғары білім беру мектебінің ассистент-профессоры Анна Коэн-Миллер аталған ЖОО-дағы әріптестерімен бірге оқушылар арасындағы гендерлік аспектілер жөнінде ауқымды зерттеу жүргізеді. «Мектеп оқушылары мен мұғалімдердің ортасын және тәжірибесін зерделеумен айналыстым», деген А.Коэн-Миллер дөңгелек үстел барысында зерттеу нәтижелерімен бөлісті.