Қазақстан • 23 Қазан, 2019

Қазақстанның бет-бейнесі Батыс киноларында қалай көрініс тауып отыр?

574 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бұл бейбастақтық «Бораттан» бұрын басталған. Әлемдік киноиндустрия отаны һәм орталығы Батыс пен Голливуд отыз жылдың ішінде мемлекетіміздің атауын жиырмадан аса фильмінде қолданған. Арасында «Оскар» алған фильм­дер де бар.

Қазақстанның бет-бейнесі Батыс киноларында қалай көрініс тауып отыр?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Бұл қомақты сан мемлекеттің сыртқы имиджіне жұмыс іс­тей­тін фильмдер қатарының көп­­­тігін білдіре ме, әлде алаң­дай­-тындай ахуалға жеткен жоқпыз деп көңіл тоғайтуға шақыра ма, ол жағын кесіп айту қиын.

Белгілісі, қазақ елін жа­ғым­сыз мағынада көрсететін фильмдердің жыл өткен сайын артып келе жатқаны және ол туралы бәрі біледі, бірақ біз үшін бәрінен де тиімдісі үн­демеу болғандықтан, ешкім оны жария жасамайды. Алғаш 1994 жылы аса танымал амери­калық режиссер Джеймс Кэме­ронның «Правдивая ложь» деген фильмінде суперагенттің рө­ліндегі «отқа салса жанбай­тын, суға салса батпайтын» атақты Арнольд Шварценеггер­дің өзі «Кәз-зәк-стан» дегенде, ағылшынша білетін біраз қазақ­стандықтың екі көзі алақтап, сенер-сенбесін білмей шошына қараса, енді бірі терминатордың аузымен Қазақстанның аты аталғаны үшін ғана қуанған болатын. Картаның өзінде жаңа­дан пайда болып жатқан бейта­ныс елдің атауын рахатта­нып тұрып, көмекей екпінімен келістіріп тұрып үрлеп шыға­ратын Арнольд түгілі, әлемнің өзіне бұл мемлекет әл-әзірге бей­таныс еді. Хош, сонымен әлем­дік кинематографияда «Қазақ­стан» мемлекеті қандай сипатта көрініс тапты?

Білетіндердің Шварценеггерге шошына қараған себебі, әлемдік экранға шыққан бұл фильмде Қазақстанның аты ядролық қаруға, террорлық топтарға қатысты аталады. Өте қуатты қару-жарақ нақ осы Қазақстаннан сатып алынған. Парсы шығанағындағы соғысты тоқ­татуды талап еткен «Қызыл жихад» деп аталатын терроршылар өз мақсатын жүзеге асыру үшін Қазақстаннан ұрлан­ған қару-жарақтың біреуін жарып жі­бермек болады. Қашанда жанынан безініп, азаттық пен ажалдың арасында қара ниеттілерге қарсы жалғыз өзі соғысып жүретін Арнольд баһадүр тер­роршылардың бәрін тас-талқанын шы­ғарып, қырып салып, жарылыстың алдын алады.

Біз мұнда тәуелсіздікті жаңадан алып, тәтті сөздің буы мен дәмінен басымыз айналып, ядролық қару мен соғыс атаулыдан бас тартып, бейбіт келісімдердің барлығына қол қойып, бөркімізді аспанға атып жүреміз, ал онда, Қазақстан – террордың құрамдас бір бөлігі. 1990 жыл­дардың басында Қазақстанның қарапайым тұрғындарының көпшілігі атын естігені болмаса, террордың не екенін, оның қандай болатынын тү­сін­бейтін де. Фильмнің атауы айтып тұр­ғандай, шындықтың ауылынан әлдеқайда алыс жатқан америкалық триллер анти­қазақстандық жарнаманың басы ғана екен, «Боратқа» дейінгі жолдағы «қуыр­дақтың көкесі» әлі алда болып шық­ты.

1997 жылы Голливуд өндірісінен «Пре­зидент ұшағы» деген әлемді шулатқан тағы бір фильм шықты. Өкініштісі, әйгілі Харрисон Форд пен Гари Олдман ойнайтын фильм қызыл қанға бөктіретін террордың төңірегінен тағы да алысқа ұзай алмады. КСРО-ға адал әскерилер Қазақстан билігін басып алып, баяғы Одақты қайта құрып, террорлық жүйе орнатпақ болады. Абырой болғанда, саяси триллер қазақстандықтар түгілі, Форд пен Олдманның ойынын қызықтағысы келген америкалық көрермендер мен кино сыншылардың өзіне де ұнамапты.

007 агентімен танымал 1999 жылы жарыққа шыққан «И целого мира мало» фильмі де атыс-шабысты айна­лып өте алмайды. Құрылықаралық бал­лис­тикалық ракетаның ресейлік базасына бару үшін бас кейіпкер Джеймс Бонд Қа­зақстанға тап болады. Қазақстан де­ген аты, әйтпесе фильмдегі оқиғаның Қазақстанға еш қатысы жоқ. 007 агенттің рө­лінде ойнайтын супержұлдыз Прис Броснан атоммен айналысатын Михаил Арков деген ғалымның атын иеленген.

2005 жылы «Оскар» алған «Траф­фик­тің» схемасындағы «Сириана» ат­т­ы­ саяси триллер экранға шыққанда, гол­­ливуд­тық «киношниктердің» көз­қа­расынан зардап шегіп келе жатқан Қазақстан имиджі салыстырмалы түр­де аз-кем дұрысталғандай болды. Фильм сюжеті мұнай үшін соғыстың төңі­регінде өрістейді. Әлемдік кино­жұлдыз Джордж Клуни мен Мэтт Дэймон түс­кен «Сириана» Американың мұ­най­ға байланыс­ты ұстанған саясатын, транс­ұлттық корпорациялар мен жем­қор­лықты аяусыз сынға алады. Джордж Клуни армандаған «Оскарына» осы фильмдегі «үздік ер адам» ретінде қол жеткізді. Фильмде қазақстандық мұнай мен Атыраудағы Теңіздің аты аталады.

Голливудтың «Жалдамалы­лар» деген фильмі бар. Көңіліңді бұзып көргеннен көр­мегенің жақсы, амал жоқ, «Кәз-зәкс­тан­ға» қатысы болғандықтан әуес­тік билейді. Фильмге сенсек, Қазақ­станда әйел құқығы аяусыз тапталып, елді жезөкшелік жайлап алған. Сюжет бойынша қандай жолмен болса да, Қа­зақстандағы түрмеге басып кіріп, АҚШ президентінің ұрланған қызын құтқаруы тиіс элиталық әйелдердің әскери бө­лім­шесі ғана елдегі бетімен кеткен жағ­дайды түзей алады. Қызық болғанда, әлгі АҚШ президентінің қызы сойып қап­тап қойған қазақ қызының өзі. Құдды әке­­сі, яғни Америка президентінің ұлты қа­­зақ секілді. Ал енді қазақстандық қыл­мыс­керлерді, о тоба, Ульрика дей­тін қазақ қызы басқарады. Голливуд кино­гер­­лерінің айтуынша, Ульрика – нағыз қазақ қызының есімі екен.

Қазақстан атымен байланысты аме­ри­ка­лық фильмдердің тізбесі бұлармен түйінделмейді, біразын шұбыртып тұ­рып атап шығуға болады. Киноға керек қиял дегенді қойсаңшы, тіпті «Лара Крофт: Расхитительница гробниц» филь­мін­де атақты Анжелина Джоли де жәдігер іздеп «Қазақстанға» келіп-ке­теді. Керемет емес пе? Атан түйе беріп, аттай қалап шақырып келтіре алмайтын Анжелина Джолидің өзі көңілдесі Терри Шериданды – Джерард Батлерді түрмеден босатып алу үшін елімізге өз аяғымен келіп тұр. Анжелина түскен фильм түгілі, оның жай адам ретінде әр бас­қан қадамының өзін ғаламдық оқи­ғаға балап отыратын Батыс қоғамы, әлем жұр­ты кеңінен талқыланған фильмде қазақ елін, көңілдесінің отанын түрме ар­қылы таныды.

Джон Мактирнанның «Роллерболын­да» да ұлттық ойындары қанды қасаппен аяқ­талатын, жезөкше қыздары мен қы­зық­тан өзге жұмысы жоқ жабайы Қа­зақстан көрінеді.

Соғыс. Террор. Қылмыс. Түрме. Жез­­өкше. Өзгесін ысырып қойып, тек «Оскар» иеленген, самсаған жұлдыздар ойнаған фильмдерді саралағанда, бас-аяғы төрт-бес топтамадағы Қазақстанның тұр­паты осындай. «Бейнесі» дегеннен гөрі, «сиқы», «сықпыты» дейміз бе, рас-өтірігін фильмді көрген, Қазақстанды білетін адам ажыратып алар. Бас айналдыратын блокбастер түсіруден алдына жан салмай келе жатқан Америка мен Еуро­па таныған Қазақстанның қан иісіне жерік кеспірінің құнын ешкімнен даулай алмаспыз. Рас, бұл фильмдердің барлығы бастан-аяқ Қазақстан туралы емес, бірақ елеусіздеу болса да, аты аталып өтеді, болмашы деталь ретінде алынғанымен, елің болған соң бәрібір елеңдеп қаласың. Бірақ бір анығы, «айтылмаған не қалды, қандай жаңа идея бар, әлемді, адамды не нәрсемен, қайтсек таңғалдыра аламыз?» деп екі көзі шоқтай жанып, алақанын ыс­қылап, жан-жағына жалаңдай қарап отыр­ған кино алпауыттарына ендігі жер­де өздері жауыр жасаған Ауғанстан мен Пәкістан, Вьетнам мен Лаос елінің аты әбден ескірген, таптаурын болған елдер таңырқатудан қалды, ашығын айтқанда, керек болмай бара жатыр. Қызыққа батыратын, жаңа экзотикалық ел керек. Болашақ фильмнің жобасын сызып отырған режиссер мен сце­на­рий жазушыға көшесінде беліне бом­­ба байлап алып жүгіріп жүретін қау­ға сақал радикал мұсылмандары, қап­­­­таған жезөкшесі бар, қылмыстан де­мігіп тұрған исламдық елге бір мем­лекет­тің атын жапсыру керек. Таза ал­­­го­ритм­ге құрылатын, миллиондап пай­­да табу ғана көзделетін Америка ки­носына Қазақстан осындай жолмен, әсі­ресе айғайлап тұрған «стан» жал­ғауы арқылы кірістірілмесе, басқа қи­сынды себебін көріп тұрғанымыз жоқ. Үстемдігі жоғары, өз құндылығын биік­­­ке шығаруды ғана мақсат тұтқан ки­но­қағанаттың «стан» тектес елдерге таң­ған стеоротип ұстанымынан құрбанға айналған мемлекеттердің мәдениеті соқ­қы алып отыр.

Сонда әлгі әлем тамсанады дейтін тамаша табиғаты, қонақжай халқы, бірлігі, татулығы жарасқан бейбіт ел мен жер қайда? Шындықпен еш үйлеспейтін оқиғаларды көріп, қорланып жатқан елің, тапталып жатқан құқығың үшін кеудемізді отқа қаратып қойып отыра бергеннен басқа жолы жоқ па мұның? Қорланатын – біз, пайдаға кенелетін – олар. Жарайды, шетелдің не режиссері, не сценарий авторы аяқ басып көрмеген, ешқашан естімеген-білмеген ел туралы өзінше қиялмен құрастырып, өрескел қателерге жол берді делік, ал бір құдықтан су ішіп, іргеміз кеше ға­на бөлінген көрші елдерге не жорық? Украина – Ресей – Польша бірігіп тү­сір­ген «Анна Герман» фильмінде Жам­был жақтағы қыз-келіншектің басы-көзін тұмшалап, тұтас паранжыға орап тас­таған. Белгілі әншінің өмірінің бір кезеңі біздің елімізбен байланыс­ты болғаны рас, бірақ есте жоқ ескі дәуір­дегі, екі-үш ғасыр бұрынғы оқиға емес, күні кеше ғана болған, көзі тірі куәгерлері бар 1960-1970 жылдардың оқиғасын, барлық кеңестік республикалармен бір­дей дамыған Қазақстанды дәл осылай көр­сетуі қасақана пиғылдан туған тірлік, басқа ақтайтын еш себебі жоқ.

Ел имиджінің ең бірінші тасымал­дау­шысы – кино. Кино имиджі – мем­лекет имиджі және халыққа бірден-бір жа­қын өнер. Кез келген фильмнің артында тұтас ел, мемлекет тұр. Италияның, фран­­­цуздың, қытайдың ең мықты филь­мін­ тамашалап, ғажап әсер алған кө­рер­мен сол кинодағы кереметті көзімен кө­­руге ынтық болады, ал осы фильм ар­қылы сол елді сүйіп қалса, тіпті ғаламат. Яғни, кино турист тартады. Бір мезгілде әрі өнер, әрі тауар болып отырған кино күші, кино арқылы жасалған имидж деген, міне, осы. Сондықтан киносы дамыған елдің бәрінде бұл өнер ұлт­тық байлық есебінде. Сол үшін олар миллиардтап қаржы құяды. Біз де аз қаржы құйып отырған жоқпыз. Осы имиджді жасаймыз деп қыруар қар­жыға «Көшпелілерді» түсіріп, ит ар­қасы қияннан Марк Дакаскос пен Куно Беккерді алдырдық. Бірақ бұдан Қазақстанның «халықаралық образы» жасала қойған жоқ. Осы имидж үшін Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі күннің бі­рінде той артынан ас бергендей, ас­тың соңын көкпарға айналдырып, бәй­ге шаптырғандай, елдің есін жинатпай қос-қосынан симпозиум мен форум­дар өткізіп, салық төлеушілер мен қазы­на қаржысын аямай шашып келеміз. Ша­қыр­ған қонақтың имидж жасап бере алмайтынын түсінетін уақыт әлдеқашан жетіп еді. Нәтижесі нөлге тең, сырты жылтыраған маска имиджден шаршаған елдің шығармашылық өкілдерінің бір Димаштан басқа, мәдени өнімнің сапасын арттыруға бағытталған жұмысы көзге мүлде көрінбейді. Жағымсыз имидж қалыптастыруға біреулер әдейі мүд­делі болмаса, Қазақстанның атын қалауынша пайдаланып отырғандарға қарсы өз тарапынан не істей алды? Әрине, «Қазақстанның атын былғама» деп біреуге бұйрық беру мүмкін емес, бірақ «жайдақ суға айналдырып», жақсы атын басқалар бұрмалап, былғамас үшін Қазақстанның өз имиджі соған лайық болуы керек еді. Қазақстанның имиджін, қазақ мәдениетін, елдің, азаматтарының жақсы қасиеттерін әлемге қазақтың, қазақстандықтың өзі­нен артық ешкім де көрсете алмайды. Көрсету аз. Дәлелдеу керек. Бірақ қалай?

 

АЛМАТЫ