
Жыл басы, жақсылықтың жаршысы Наурыз айы туғанда көктемнің күніндей адамдардың көңілінен де жылылық есіп, бір-біріне ізет-ілтипатын көрсетіп, мейір-шапағатын төгіп, қайыр-шарапатын тигізіп, кең дастарқанын жайып, айналамыз ізгіліктің шуағына бөленеді. Біраз уақыт бұрын дәл осындай керемет көрініске астанадағы «Әл-Арқа» тұрғын үй кешенінде куә болған едік. Әдетте қаланың қарбалас күнделікті күйбеңімен көршілерімізбен көрісе бермейтін, көріссек те амандық сұрай қоймайтын біз тірлігі құтты, бірлігі мықты бұл тұрғын үй кешенінің халқына қызыға қарадық.
Ынтымақшыл, ырысты «Әл-арқалықтар» – мейрамда, той-думанда ғана емес, былайғы күнде де жиі бас қосып, бір-бірінің қуанышын ортақтасып, қайғысын бөлісіп, ағайын-туыстай араласып-құраласып кеткен көрші-қолаң. Құт қонған бұл маңайдың тіршілігі шаһардың басқа шетіндегі елордалықтарға ерекше үлгі екені сөзсіз. Осынау мекеннің берекелі өмірінің сырына «Әл-Арқа» тұрғындарымен сөйлескенде қаныға түстік.
Алдымен тұрғын үй кешеніндегі шаруашылыққа жауапты «Нұрай» ПИК-тің төрайымы Айнұр Баймолдаеваны сөзге тарттық. Сөйтсек, бұл кісі ПИК басшысы ғана емес, төрт нысаннан тұратын осы тұрғын үйді бастан-аяқ тұрғызған құрылысшы екен. Бірақ оның негізгі мамандығы – мұғалім, география ғылымдарының кандидаты, кешегі күнге дейін бірнеше жоғары оқу орнында сабақ берген. Бүгінде А.Баймолдаева «Әл-Арқа» тұрғын үй кешенінде ПИК жұмысына қоса, өзі ашқан «Ақниет» балабақшасының да жұмысын жүргізіп отыр. Онымен сөз басында тұрғын үй кешені неліктен «Әл-Арқа» аталғанын сұрадық.
– Бұл – менің тәуекел етіп, астанада бастаған ең алғашқы үлкен құрылысым. Басында тұрғын үй басқа «сақалды құрылысқа» ақша салып, алданып қалған үлескерлерге арналып салынған. Кейіннен мұнда әкімдік арендалық тұрғын үй ретінде мұғалімдерді, дәрігерлерді, өнерпаздарды, спортшыларды қоныстандырды. Осы құрылысты 2005 жылы бастағанда жаңа айтқан үлескерлер жұмыла кірісіп, жетпей жатқан материалдарға дейін тасысып, үлкен көмегін тигізді. Олар өздері 25 үй болып жайғасты. Сол 25 үйдің тұрғындарымен бірге 2009 жылы кейіннен қоныстанған адамдарды қуана қарсы алдық. Бүгінде жалпы кешенде 450 үй тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл мекеннің мұндай берекелі тіршілігіне тұрғын үйдің «Әл-Арқа» деп аталуы да әсер етті деп ойлаймын. Менің атам Әларыстан – көп адамға шарапаты тиген қасиетті, әулие кісі болған, соғысқа қатысқан майдангер. Өзіміз Қызылорда жақтан болсақ та, атам түбіміз Арқа жері деп айтып отыратын. Сондықтан атам мен осы өңірдің атын үндестіріп, тұрғын үйдің атын «Әл-Арқа» деп қойдым. «Әл-Арқаның» қазіргідей құтаюы көптің алғысын арқалаған атамның әруағы разы болғаны шығар деп ұғамын, – дейді А.Баймолдаева.
Ал кейіпкеріміздің ПИК-тің атын «Нұрай» деп қойған себебі – осы тұрғын үйде тұрған, есік алдында ойнап жүріп әбден жақын болып кеткен, кейін оқыс жағдайдан опат болған Нұрай есімді кішкентай балдырғанға көрсетілген құрмет екен.
Жалпы, қолынан іс келетін қайраткер, «Ерен еңбегі үшін» медалімен Президенттің өзі марапаттаған А.Баймолдаеваның құрған «Айкен» құрылыс компаниясы астанада төрт тұрғын үй кешенін салыпты. Бірақ басқа тұрғын үйлердің жұртынан дәл осы «Әл-Арқадағыдай» ұйымшылдық, ынтымақ байқала бермейді екен.
Аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары Наурыз мейрамымен қоса, Құрбан айтта да құрбандық шалып, аулада қазан көтеріп, үлкен дастарқан басында жиналады. Бұдан басқа да мерекелерде бір-бірінің үйін аралап, құттықтап, айттап тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұндағы жұрт жақыны қайтқан үйдің қайғысын бөлісіп, қолдан келген көмегін аянып қалмайды. Тура ауылдағыдай «ауа райы» орнаған аулада ауылдан келген қариялар да жатсынбай, қатарын тауып, қауқылдасып, балаларының, немерелерінің ортасында бақуат тіршілік кешіп жатыр. Солардың бірі – елордаға Жамбыл облысынан қоныс аударған Пернебек Өтеулі. Алпысты алқымдаған кісі басында астанаға көшерде қатты алаңдағанын айтты.
– Балаларымыздың бәрі жұмыс бабымен осы жерге орын тепті. Кейіннен бізді шақырды. Бірақ кемпірім екеуміз бір шешімге келе алмай жүрексіндік. Ауылда, ағайынның арасында жүре бергіміз де келді. Содан ақыры 2006 жылы көшіп келіп, бүгінде осы ортаға сіңістік. «Әл-Арқаны» көп қабатты үй емес, қаладан оқшау жатқан ауылымыз сияқты көремін. Өйткені көршілерімізбен бір ауылдың адамдарындай араласып кеттік. Осында тұрып жатқанымызға он жылдай болды. Балалар қаланың басқа тұсынан, заманауи ауданынан жаңа үй алайық дейді. Бірақ біздің бұл жерден кеткіміз жоқ, көршілерімді қимаймын. Қызыма осы тұрғын үйден пәтер алдық. Енді кіші ұлымның да отауын осы жерден сайласақ деп ойлап отырмын, – дейді Пернебек әкей.
Қазақылықтың қаймағы – бұл тұрғын үй кешенінде өзге этнос өкілдері де ынтымағы жарасып, бақытты өмір сүріп жатыр. Бүгінгідей ұлттық мерекелерден олар да қалыс қалмай, белсенді қатысады. Соның бірі – Евгений Овсянников «Әл-Арқаның» тұрғындарына қарап, кезінде осы елге қоныс аударған халықты құшақ жая қарсы алған қазақтардың қандай кеңпейіл болғанын ұғынғанын алға тартты. Ол қашанда көмек қолын созып, құрақ ұшып тұратын көршілеріне зор ризашылығын білдірді.
Құт қонған бұл мекенде елорда түгілі, елімізге аты мәлім жақсы-жайсаңдар тұрады. Бірнеше дүркін «Астана қыраны» атанған, «Қазақстан барысы» додасында жүлдегер болған балуан Ғани Сейділдаев осы тұрғын үй халқының бірлігін нығайтатын түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысып келеді.
– Көршілерімнің татулығын жүрген жерімде үлгі етіп айтып жүремін. Қандай шаруа болсын, бір қауым ел болып жұмыла кірісіп кетеміз. 2017 жылы WhatsApp мессенджерінен көршілердің арнайы чатын аштық. Бұл біздің бірлігімізді одан сайын күшейтетін қадам болды. Осы жерде күнде бір-біріміздің хал-жағдайымызды сұрап, хабардар болып отырамыз. Үлкен мереке, іс-шаралардан бөлек, былайғы күнде туындайтын көп шаруалар болып қалады ғой. Мысалы, біреудің көлігі бұзылады, біреудің үйіне құрал-сайман қажет болады. Сондай кездерде көршілер көмекке дайын тұрады. Тіпті біреуіміз баламызды балабақшадан алуға үлгермей жатсақ, көршіміз барып алып келеді. Осындай кішігірім әрекеттің өзінен бірлігіміздің мықты екені көрінеді, – дейді Ғ.Сейділдаев.
Былтыр бұл тұрғын үйдің халқы індет қаупі төніп тұрған кезең болғандықтан, Наурызды да, басқа да мерекелерді көпшілік болып тойлай алмады. Індеттің біржола беті қайтып, ашық-жарқын, емін-еркін күн келсе, тұрғындар құрбандық шалып, садақа таратып, көпшіліктің басын қосамыз деп отыр екен. Біз де ынтымақ ұйыған мекеннің ырысы арта беруіне тілекшіміз.