
Үйірменің ашылуына Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі департаменттерінің директорлары, университет басшылығы және IT Prom одағы, сондай-ақ отандық қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
ЦДИАӨМ электрондық өнеркәсіпті дамыту департаментінің директоры Жәнібек Мұхамеджанов өз сөзінде техникалық білім беруді дамытудың маңызына тоқталды.
«Кез келген сектордың процестерін цифрландыру қажетті процестерді оңтайландыратын және автоматтандыратын жүйелерді құрумен байланысты. Электроника кез келген жүйенің физикалық негізі саналады. Бұл негіздерді білу маңызды. Университет және басқа да білім беру мекемелерінің жанынан осындай үйірмелер ұйымдастыру дағдыларын мектеп қабырғасынан үйрету керек», деді Ж.Мұхаметжанов.
ЕҰУ проректоры Еркін Оңғарбаев ашылған үйірме техникалық мамандықтарға деген сұраныс ескерілгенін жеткізді.
«Қоғамда техникалық бейіндегі кадрларға деген қажеттілік артты. Мемлекет басшысы кәсіпкерлер алдында сөйлеген сөзінде болашақта инженер болатын жас буынды тәрбиелеу жөнінде айта келіп, ірі бизнеске, колледждер мен университеттерге қамқорлық жасауды, олардың қамқоршылық кеңестеріне кіруді, тәжірибелік сабақтар өткізу үшін зертханалар мен шеберханаларды жабдықтауды ұсынды. Кәсіпкерлеріміздің әлеуметтік жауапкершілік танытып отырғаны қуантады. Бүгінгі ашылып отырған үйірменің материалдық-техникалық жабдықталуын «Логикком» компаниясы ұсынды», деді проректор.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, аталған үйірме оқушылардың физиканы, оның ішінде электроника негіздерін, радиотехникалық құрылғыларды және оларды құрастыруды оқытудағы зияткерлік-шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін оңтайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ сабақта алған білімін тәжірибеде қолдануға көмектесуді көздейді.
Курс 7-11-сынып оқушыларына арналған. Оқушылар қарапайым схемаларды жинауды үйренеді. Оқу қорытындысы бойынша оқушылар сертификаттарға ие болады.