
NASA (National Aeronautics and Space Administration) – аэронавтика және ғарышқа ұшу саласында зерттеулер жасау үшін 1958 жылы құрылған АҚШ үкіметінің агенттігі. Осы ұйымның грантын иеленген Ярослава Кравчук АҚШ-та білім алуға құқылы.
Ол кометалар мен астероидтар топырағынан сутегі отынын алу үшін Kanysh шағын ғарыш кемесінің үлгісін жасаған. Осы өнертабысын Кравчук сұхбат кезінде алдымен NASA өкілдеріне көрсетіпті. Кейін жаңалығын «XXII Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясында таныстырды. Енді ол жыл сайын FISE ғарыштық білім беру халықаралық қоры ұйымдастыратын NASA United Space School-ға Қазақстан атынан қатысады.
«Кішкентай кезімнен ғарышқа әуестеніп, 4-сыныптан бастап түрлі ғарыш аппараттарын құрастыра бастадым. Ұшақ жасау идеясы оқу жылының басында ойыма келді. Жобаны жүзеге асыруға зымыран ғылымы бойынша жаттықтырушы Евгений Бовсуновский, информатика және роботтехника пәнінің мұғалімі Руслан Смайылов және Астроклуб жетекшісі Гүлнар Баубекова көмектесті. Жобаны әзірлеуге көмектескен мұғалімдеріме алғыс айтамын. Халықаралық ғарыш мектебінде оқу – менің арманым. Бұған дейін мен қазақстандық жастардың сол жобаға қалай өткенін көрдім. Сондықтан мен де қатысып көруге шешім қабылдадым және бұл менің қолымнан келді», дейді Я.Кравчук.
Дарынды оқушы осы жазда Хьюстон университеті мен NASA ғарыш орталығына барады. Қазірдің өзінде ол NASA-дан негізгі бағдарламаға дайындық ретінде тапсырмалар алып жатыр. Ол өзінің болашағын ғарышпен байланыстырып, сүйікті ісімен айналысуды жоспарлап отыр.