Аймақтар • 09 Тамыз, 2022

Облыс орталығында мыңдаған ағаш қурап қалды

401 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Керекуде ғайыптан зауыт ашылады екен деген әңгіме шықса, жергілікті тұрғындар әбігерленіп қалады. Себебі қаптаған өндіріс орындары мен электр стансаларының ортасында орналасқан Ертіс бойындағы шаһарда экологиялық ахуал онша емес. Облыс басшылығы кәсіпорындар маңындағы жасыл белдеулерді ұлғайтып, егілген ағаштар санын көбейтуге ынталы. Алайда көптеген зауыттың жетекшілері көгалдандыру мәселесіне келгенде кежегесі кейін тарта қалатыны бар.

Облыс орталығында мыңдаған ағаш қурап қалды

Жасыл белдеулер деп отыр­ға­нымыз өндірістік кәсіпорындар­дың санитарлық-қорғау аймағында отырғызылған ағаш талдары. Был­тыр өңірлік экологиялық кеңесте облыс басшысы Әбілқайыр Сқақов жергілікті экологтермен біраз мә­селені қаузап, зияндылығы жоғары өндіріс орындары маңында жасыл желектерді көбейтуге мүдделі екенін байқатқан. Бұл бойынша кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалып, оларға көктемде егіле­тін тал-бұталардың санын еселеуі керегі ескертілген. Әрі сол жиын­да «Берегиня – Био» қорының же­текшісі Татьяна Пономарева ке­ңес мүшелеріне ағаштарды күту мәсе­лесі туралы еске салды. Ол соң­ғы уақытта қала аумағындағы жасыл желектерді суару жиілігі мен сапасы бойынша көптеген шағым жиналып қалғанын айтып, жасыл аумақта үш жылдық күтім жасау әдісіне қайта көшуді ұсынған.

– Соңғы жылдары байқалған жағымсыз үрдіс бар: қаржыландыру көлемі жасыл аумақтардың санына бөлінеді де, көшеттерді суару саны шығарылады. Алайда суарудың бұл түрі тіпті тиімсіз әрі ағаштарды суару өңірде өте кеш басталады. Сондықтан оның жүйесін өзгерту керек, – деген биолог.

Сол жолы зауыттардағы экология мәселесіне жауапты тұлғалар бас шұл­ғығанымен, артынан берген уәде­лерін ұмытып кетті ме, сани­тарлық аймақтардағы сұрықсыз жағ­дай баяғы қалпында қала берді.

Жуықта облыс орталығындағы экологтер кәсіпорындардың жасыл белдеулеріне мониторинг жүргі­зіп, тапсырмалардың орындалма­ға­ны­на көз жеткізді. Егілген жас ағаш­­тардың басым бөлігі уақты­лы күтілмегендіктен тамыр ала ал­май, қурап қалған. Негізі зауыттар мен кеніштердің жыл сайын­ғы экологиялық шараларға бөлетін қаражаттары аз емес. Мыңдаған тал отырғызылады. Алайда оларды күту, суару шаруалары бақылау­дан шығып қалған. Яғни жоспарлы іс-шаралар айтарлықтай нәтиже бермей отыр. «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Светлана Могилюктің айтуынша, көптеген кәсіпорынның санитарлық қор­ғау аймағында отырғызылған ағаш­тар­дың күйі көңіл көншітпейді.

– Өткен жылдың желтоқсан ­айын­да және ағымдағы жылдың қаң­­­тар айында аймақтық эколо­гия­лық кеңес өтті. Жиында біз кә­­сіп­орын­­дардың жасыл белдеу­ле­рін­де он мыңдаған тал-терек отыр­ғы­зыл­ғанын естідік. Ағаштардың жағ­да­­йын бағалау үшін павлодар­лық эко­логтер арнайы әдістеме әзірле­дік. Біз­дің бұл ұсынысымыз кеңес мүше­л­ері тарапынан мақұлданды. Сон­дай-ақ жергілікті атқарушы орган­дар барлық кәсіпорындарға көмек көр­­сетеміз деп міндет алған, –дейді эколог.

Маманның айтуынша, облыс­тық экокеңестің тапсырмасы­на кей­бір кәсіпорындар мен мерді­гер­лер мұрын шүйіріп қарайды. Эко­логиялық ұйымдар еңбек ұйым­дарына боратып хат жазып, жағ­дайды түзеуді сұраған екен. Өңір­ге танымал төрт кәсіпорын қоғам­дық ұйымның жазбаша хаттарына мүлде жауап бермепті. Сондай-ақ олардың қай жерге және қанша ағаш отырғызғаны туралы да ақпарат жоқ. Бұлар – «Майкубен Вест» ЖШС, «Майқайың алтын», «Каустик» және «Кастинг» кәсіпорындары.

«ЭКОМ» қоғамдық ұйымының хаттарына Екібастұз ГРЭС-1 стансасы мен «Павлодарэнерго» АҚ да жауап бермеген. Монополистер экологтермен ынтымақтастықтан бас тартып, егілген көшеттердің қайда орналасқанын да көрсетпеген.

Дегенмен кәсіпорындардың көп­­шілігі мониторинг жүргізуге көмек­тесуге келісіпті.

«Мониторинг нәтижелері көр­сет­кендей, Павлодар мұнай-хи­­мия зауытындағы жасыл желектер­дің бестен екі бөлігі тамырланған. Тең жартысы қурап қалыпты. Ал «Нефте­хим LTD» кәсіпорнына тиесілі сани­тарлық қорғау аума­ғын­да қураған ағаштардың үлесі кем дегенде 20 пайызды құрайды. Сау тал-теректер жалпы отырғызыл­ған желектің шамамен 10 пайыздайы ғана. ГРЭС-2 стансасында та­мыр алмаған ағаштар 40 пайыздай болды. Осыған ұқсас көрініс Ақсу ферроқорытпа зауытында да байқалды. Бірлестік мүшелері ол жерде «жансыз» ағаштардың 73 пайызға дейін жеткенін анықтады», деп қынжылды «ЭКОМ» ҚБ же­текшісі.

Светлана Могилюктің пайымынша, мердігерлер көшеттерді отыр­ғызу орнының ерекшелікте­рін ескермеген. Топырақтың құрамы­на алдын ала талдау жүргізілмей, ағаштарды отырғызу технология­сы бұзылған. Күтім жасауда да олқы­лықтар жетерлік.

Қоғам белсенділері атап өткен­дей, әзірге санитарлық қорғау ай­мағын көгалдандырумен айналысатын мердігерлерге қойылатын нақты талаптар жоқ. Сондықтан да тиісті бақылау жүргізілмейді. Жақында заң шығарушы органдарға бұл бо­йынша арнайы талаптарды бекіту туралы ұсыныстар енгізіліпті. Бұл ұсыныстар мердігер компанияларға міндеттемелерін орындау кезінде нұсқаулар беріп, экологиялық мәсе­лелерді шешуге көмектеспек.

 

Павлодар облысы