Қоғам • 21 Шілде, 2023

Ақылы жол: Төлем тағы көтеріле ме?

257 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кейінгі 10 жылда еліміздегі ақылы жолдардың тарифі көтерілмеген екен. Одан бері талай заң мен ереже өзгерді. «Заман озды, жол тозды!» десек те, жаңғырып, қайта жанданып жатқан жолдар жетерлік. Бүгін солардың бәрін тәптіштеп айту мақсатымызда жоқ. Бірақ осы жолы ақылы жолдардың ақысы артқанда қара халықтың қалтасына қаншалықты жүк болатындығын қарастырып көрмекпіз. Иә, жолға шыққаның бәрі жақсы жолда жүргісі келетінін ескерсек, ол жа­йын­да қозғалатын әңгіме әзірше аз бола қоймайтын сияқты...

Ақылы жол: Төлем тағы көтеріле ме?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жолы болмаған жол ғылымы

«Көбіне-көп қазақтың «Ғылым бақ та, өнер тап!» деген тәмсілінен теріс айналып жатамыз. Оның бір дәлелі осы жолымызда жатыр. Әлемде жол саласының ғылымын қолдауға жыл сайы­н оның бюджетінен 0,2-ден 2 пайызға дейінгі аралықта қаражат бөлінеді екен. Атап айтқанда, АҚШ-та – 2 пайыз, Корея мен Ресейде – 0,2 пайыз, ал Қазақстанда – 0,003 пайыз көлеміндегі қаржы қарастырылған. Осыдан он жыл бұрын өмірімізге енген ақылы жол жүйесі өз-өзін ақтады ма, жоқ па, оның әділ бағасын алқалы әлеумет бере жатар. Бірақ, бір анығы, ел ақысын төлеп, жайлы жолда жүруге болатындығын түсінді. Осының арқасында діттеген жерлеріне барынша ертерек жетуге болатындығын ұғынды. Жол бойы ұсынылатын түрлі техникалық қолдау қызметтерінің де қолжетімді екендігіне жұрттың көзі жетті. Ақылы болғандығының арқа­сында қазына қазанына да қомақты қаражат құйылған болар деп үміттенеміз. Ең бастысы, сол жолдарда болып жатқан жол-көлік оқиғаларының саны мен кісі өлімі де анағұрлым азайғаны анық», дейді дамыған елдердің автожолдарына зейін қойып, зерделеп жүрген экономист Алпамыс Сегізбайұлы.

Экономистің пікі­ріне ден қойсақ, өмірдегі әрбір өзгеріс пен өркендеудің ғылыми негізі болуға тиіс. Жол салып, жөндеп, сапасын арттыруға да үлкен ғылым керек. Сол сияқты жолды жөндеу ақысы қарапайым жұрттың арқасына артылып тұрғанда, оның тари­фін көтеруге де ғылыми дәлел, орынды уәж айтылғаны жөн.

Он жыл өзгермеген тариф

Сонымен Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министр­лігі, Авто­мобиль жолдары ко­митетінде ақылы учаске­лер бойынша жол жүру тариф­терінің көтерілу себептері түсіндірілді. Жер-дүниедегі барлық қызмет көрсету салаларында жыл сайын тариф бағасы оқтын-оқтын көтеріліп, уақыт талабына сай түзеліп жатқанына қарағанда, ақылы жолдың 10 жыл бойы бір тарифпен тұрғанына таңғалмасқа лаж жоқ. Оның анық дәлелін төменде тізбелеп көрсетеміз.

Айтқандай, ақылы жол та­рифі қашан және қаншаға өсетіні әлі нақты емес. Ол шешім қа­был­данған күннің өзінде қай уақыттан бастап енгізілетіні де белгісіз. Қазіргі айтылып, көрсе­тіліп жатқан тариф мөлшері ел-жұрттың талқылауына салған ұсыныс. Бірақ бұл ұсыныс арнайы мамандардың жан-жақты зерттеп, зерделеп, содан кейін әбден пысықтаған дүниесі екені ескергеніміз жөн.

Комитет өкілдері мәлімде­гендей, қолданыстағы тарифті көтеру қажеттілігінің туындау­ына бірқатар себептер негіз болған. Солардың бастысы – 10 жыл бойғы инфляция. Бұдан бөлек, 2013 жылдан 2023 жылға дейінгі аралықта айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) екі есеге дейін артуы. Атап айтсақ, 1 731 теңгеден 3 450 теңгеге дейін өсіп отыр. Автомобиль жолдары ко­митетіне қайта хабарласып, көптің көкейіндегі жүрген сұрақ­тарға жауап сұрағанымызда, осы және өзге де себептердің әрбіріне арнайы тоқталған комитет төрағасы Төлеген Абдуллин, жағдайды былайша тәптіштеп айтып берді:

«Соңғы 10 жыл жүзінде ең төменгі жалақы мөлшері 4 есе, яғни 18 660 теңгеден 70 000 теңгеге дейін артқан. Сондай-ақ, дизель отынының құны 10 жыл ішінде 115 теңгеден 450 теңгеге дейін 4 есеге жуық өскен. Ал электр энергиясының құны 1,6 есе артып, 14,2 теңге/кВт-тан 23,5 теңге/кВт-қа дейін көтеріліп отыр», деді ведомство басшысы.

Расында жаңа жол салуға және жөндеуге қажет материалдардың бәрі еселеп қымбаттағанда, оны жасайтын кәсіпорындар мен ком­пания немесе фирмалардың қызмет ақысы басқа салалармен қатар (10 жыл бұрынғы өлшеммен қарағанда) шектен тыс артқанда, неге ақылы жолдың тарифіне уақыт талабына сай өзгерістер жасалмасқа... Осы орайда ведомство басшысының уәлі уәжіне тағы да назар аударайық.

«Жоғарыда автомобиль жолдарына ақылы тариф енгізу кезінде республикалық бюджет­тен қаржыландырудың мүмкін еместігі, учаскелерді күтіп ұстау­ға арналған жол жүру ақысы­ның жетіспеушілігін қосы­ңыз. Бұдан бөлек, саладағы жол жұ­мысшылары мен машинис­тердің жалақысын көтеру қажет­тілігі де туындады. Жол-көлік оқиғаларын азайту үшін қа­уіпсіздік жөніндегі іс-шараларды ен­гізу қажет», деді Төлеген Тұр­сынұлы.

Осы ретте I санаттағы учаскелер үшін қолданыстағы тарифті 20 пайызға ұлғайту ұсынылып отыр екен. Нақтыласақ, жеңіл автокөліктер үшін шақырымына – 1,2 теңге болса, жүк көліктері үшін олардың жүк көтергіштігіне байланысты шақырымына – 6 теңге мен 30 теңге аралығында мөлшерленген.

«Тарифті көтеру ақылы учас­келерді нормативтік күтіп ұстауға жеткілікті қаражат салуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Нәтижесінде, жолдардың қызмет ету мерзімі ұлғаяды және жол пайдаланушыларына жайлы жағдай жасалады» деген комитет төрағасы, жергілікті көліктер үшін айлық және жылдық абоненттік төлемдер қарастырылғанын да еске сала кетті. Олар келесідей болмақ:

- жеңіл автокөліктер үшін – жылына 1 АЕК;

- 16 орынға шақталған автобус­тар мен 2,5 тоннаға дейінгі жүк көлітері – айына 2 АЕК және жылына 20 АЕК;

- 32 орынға дейінгі автобус­тар мен 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 4 АЕК және жылына 40 АЕК;

- 32 орыннан жоғары автобус­тар мен 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 6 АЕК және жылына 60 АЕК;

- 10-нан 15 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 8 АЕК және жылына 80 АЕК;

- 15-тен 25 тоннаға дейінгі жүк көліктері – айына 10 АЕК және жылына 100 АЕК.

Естеріңізге салсақ, бүгінгі таңда елімізде жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын 11 ақылы учаске бар. Бұл – 4-6 жолақ­ты, бірінші санаттағы жолдар. Тағы да қайталап айтар болсақ, қолданыстағы тарифтер 10 жыл бойы, яғни 2013-2023 жылдар аралығында еш өзгеріссіз қалып отырған. Десек те, кейбір ел тұрғындары қазіргі ұсынылып отырған тарифті қымбатсынуы бек-ықтимал. Қазір бәрі де қал­тасына қарап тірлік жасайтын заман ғой. Жұртты түгел май­шел­пектің үстінде отыр деуге келмейді. Олардың арасында бір кө­ліктің табысына телміріп, әзер күнелтіп жүргендер де жоқ емес. Міне, жаңа тариф сол азамат­тардың тұрмысын қазіргіден де қиындатып жібермесіне кім кепіл?..

Ел азаматтарының жайы ескерілсе...

«Жыл бойы жүретін жолымыз – негізінен Алматы мен Астана қалаларының арасы. Шымкент пен Қызылорда және Ақтөбеге де сапарлап тұрамыз. Бүтін отбасымның күнкөрісі осы бір жүк көлігіне қарап тұр. Әйелім шиеттей балалармен үйде. Жекеменшік жүк көлігі бар деген атымыз болғанымен тырнақтап жиған табысым отбасымды асырауға әзер жететінін жасырып қайтейін. Кейбір той-томалақта болмаса бір жылда бір күн демалып жататын уақыт жоқ. Үкіметтің бетіне қарамай, тіршілік доңғалағын өзің айналдырып жүрген соң бізде сенбі мен жексенбі немесе бір жылдағы бір айлық еңбек демалысы деген мүлде болмайды. Қай жерге, тиімді ғой деген қызметке шақырса күнді түнге ұрып, түнді таңға жалғап жұмыс істей береміз.

Бірақ мінген көлігің ескі болғаннан кейін сынбай тұр­майды. Содан тапқан табыс­тың берекесі қашатын кездер де кезігеді. Ал сынған көлік­ке қосалқы бөлшектерді Қазақ­станнан табу оңай емес екені тағы белгілі. Біздің осынау «сыр­лас-мұңдас» болып кеткен қиын­дықтарға ақылы жолдар та­рифінің көтерілуі келіп қосылса, бұл күнімізге де зар болып қаламыз ба деген қорқыныш басым. Интернеттегі жол тарифі туралы ақпараттарды ақта­рып қарап отырмыз. Егер осы ақпараттар расқа айналып, заң жүзінде орнығатын болса, біз сияқтылардың хал-жағдайы нашар­лайтыны хақ. Өйткені менің жүк көлігім ақылы жолдарда жыл бойы жүруі үшін 300 мыңнан астам ақы төлеуім керек екен. Бір жылда осыншама қаражатты қазіргі табысымнан қара жолға ажыратып беруге шамам келмейді. Сондықтан жол тарифінің қымбаттауына мен және мен сияқты жүргізушілер түбегейлі қарсы» дейді 40 тон­налық КамАЗ жүк көлігінің иесі әрі жүргізушісі Бекзат Юсупов.

Оның айтуынша, ақылы жол­дар жанынан жүк көліктері үшін қарапайым балама жолдар салынуы керек. Сонда жалпы халықта таңдау болады. Әйтпесе, жолдан несібе айырып жүрген қарапайым көп адам азын-аулақ табысынан айырылып қалуы ықтимал. Оның үстіне Ресей-Украина қақтығысы ушыққан сайын ресейлік жүк көліктері де Қазақстанға келіп ел азаматтарының кәсібіне ортақ­тасып жатыр. Міне, біз­дің елге Ресейден, Қытайдан, Өзбек­станнан келіп тасымал ісіне араласып жатқан фирмалар мен компанияларға ақылы жолдың тарифін қанша көтерсе де жарасады. Сондай-ақ, біздің елдегі халықаралық жол дәліздерін пайдаланатын шетелдік көліктердің де жүру ақысын тариф жағ­дайын қанағаттандырғанша қымбат­татуға болар. Ал жер иесі және ақылы қара жолдың салынуында қандай да қақысы бар ел азаматы ретінде отандық жүк көліктеріне қашанда қажетті жеңілдіктерге барып, сәл де болса септескен дұрыс-ау, деген ой-пікірдемін деп аяқтады өз сөзін Бекзат мырза. Бұған біздің көп алып-қосарымыз жоқ сияқты, ал сіздің ше?.