Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Егінді уақытылы жинау маңызды
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау алаңы 17,3 млн га құрағанын баяндады. Бүгінгі таңда республика бойынша 6,9 млн га егіннің 40%-ы жиналды. Орташа өнімділік – 9,5 ц/га, 6,6 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы дәл осы кезеңде астықтың 11,6 млн га немесе 72,8%-ы жиналған екен.
Бұл ретте егін науқаны оңтайлы ауыл шаруашылығы жағдайында өткені, жазғы ауа райы елдің басым бөлігінде қалыпты болғаны атап өтілді. Егін жинау алдында техниканың дайындығы 100%-ға қамтамасыз етіліп, жеңілдетілген ЖЖМ жөнелту белгіленген мерзімде басталды. Сонымен қатар негізгі астықты аймақтарда 3 аптадан астам уақытқа созылған жауын-шашын салдарынан астық сапасының және тұқым өнуінің нашарлауына, сондай-ақ жалпы дәнді дақылдар түсімінің төмен болуына әкеліп соққан.
Ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен барлық өңірлерде бүкіл мүдделі органдар мен ұйымдарды қоса отырып, зардаптардың ауқымын анықтау үшін жұмыс комиссиялары құрылған. Бүгінде барлық зардап шеккен өңірлерге іссапар жасалып, егін жинау жұмыстарының барысына талдау жүргізілді. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, алқапта өнген астық 2,7 млн га. Бұл жалпы егін жинау алаңының 15%-ын құрайды. Қазіргі уақытта барлық өңірлерде техникалар егіс алқабына жаппай шықты, орақ жұмыстары жалғасып жатыр.
Негізгі астықты өңірлердегі жағдай туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов баяндама жасады.
Премьер-министр егін жинау науқанының барысы Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.
«Өздеріңіз білетіндей, биылғы жыл еліміздің егіншілері үшін қолайсыз болды. Жаздың 2 айындағы аптап ыстықтың соңы күзгі жауын-шашынға ұласты. Бұл, әрине, астықтың түсімін азайтып, жұмыс қарқынын едәуір бәсеңдетіп жіберді. Дегенмен егін жинау науқанын қаржылай және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданды. Астықты өңірлерде осы айдың соңына дейін қатты жаңбыр жауады деген болжам жоқ. Сондықтан осы мерзім ішінде барынша үлгеріп қалу керек», деді Ә.Смайылов.
Ол еліміздің солтүстік өңірлеріндегі ауа райының қолайсыздығына байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке астық өндіретін фермерлер мен шаруа қожалықтарына қажетті көмек көрсетуді тапсырғанын еске салды.
«Энергетика министрлігі астықты кептіру үшін қосымша көлемде дизель отынын бөлетін болады. «Бәйтерек» холдингі несиелер бойынша қарыздарды қайта құрылымдап, қолайсыз ауа-райынан зардап шеккен фермерлер үшін айыппұл санкцияларын салмай, Азық-түлік корпорациясының желісі арқылы тауарлық несие мерзімдерін ұзартып отыр. Ауа райының қолайсыздығы форс-мажорлық жағдай ретінде танылуға тиіс. Субсидияларды толық көлемде төлеу керек» деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы астық қабылдау пункттері мен астықты кептірумен айналысатын кәсіпорындардың тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етуге айрықша назар аударды. Бұл ретте ол тарифтердің көтерілуіне жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін қадап айтты.
Сонымен қатар астықты кептіру үшін бір литрі 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша көлемде дизель отынын бөлуді қамтамасыз етуді, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау үшін қосымша қаражат бөлу жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ биылғы азық-түліктік және жемдік астықты тікелей сатып алу үшін Азық-түлік корпорациясының жарғылық капиталын ұлғайту мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Біз бүгін Жамбыл облысының шаруаларына шығынды өтеу үшін Үкімет резервінен қаржы бөлу туралы қаулы қабылдаймыз. Қаржы министрлігі мен өңір әкімдігі облыстың зардап шеккен егіншілеріне төлемдердің тез арада бөлінуін қамтамасыз етуге тиіс», деді Ә.Смайылов.
Сонымен бірге Премьер-министр астық таситын вагондарды уақтылы қамтамасыз етіп, теміржолдағы ұзын-сонар кезекті болдырмауды талап етті. «Біздің міндетіміз – егінді сапалы жинап алу», деп түйіндеді ол сөзін.
Кодекс ашықтықты күшейтеді
Үкімет отырысында жаңа Бюджет кодексінің жобасы бойынша ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров баяндама жасады. «Сіздердің қарауларыңызға жаңа редакциядағы Бюджет кодексінің жобасы және оған ілеспе заңның жобасы енгізіліп отыр. Бюджет кодексін әзірлеуге кіріспес бұрын біз қолданыстағы кодекске бағалау жүргіздік. Бұл – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіру шарттарының бірі», деді ол.
Халықаралық валюта қорының сарапшылары қолданыстағы Бюджет кодексіне «жоғары деңгей» деген баға беріпті. Онда қолданыстағы кодекспен сабақтастықты сақтап, заманауи талаптар ескерілген. Кейінгі жылдардағы реформалар мен үрдістердің барлығы, Президент пен оның Әкімшілігінің тапсырмалары талданып, құрылымдалды, халықаралық тәжірибе қаралып, Жоғары аудиторлық палатаның, сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары енгізілді. Қолданыстағы кодекстің фрагменттік ережелері құрылымдалып, нақтылаушы нормалар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер деңгейіне түсірілді, құжат негіздемелік және икемді болды.
Әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қалыптастырғаннан кейін 3 жылға 1 рет тұрақты базалық лимиттерді белгілеуді ескере отырып, бюджет үдерісі 1 маусымда басталатын болады. Шығыс лимиттері 7 маусымға дейін жеткізіледі. Бюджеттік бағдармалар әкімшілерінің бюджеттік сұрау салуды ұсыну мерзімі шығыстар лимиттері жеткізілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішіне ауысады.
Блоктік бюджеттеу ондағы рәсімдерді оңайлату және икемділігін күшейтіп, ондағы бағдарламалар әкімшілері дербестігін арттыру аясында енгізіледі.
Бірінші, бұл бюджеттік рәсімдерді оңтайландыру. Енді бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттік сұрау деген құжатты қалыптастырады. Онда мемлекеттік орган туралы ақпарат ашылады. Бюджеттік бағдарламаның паспорты, есептері жасалады және бір пакетпен уәкілетті органдарға енгізіледі. Ал бағдарлама келісілмейді және бекітілмейді. Оған бағдарламаның басшысы электрондық форматта қол қояды. Бұл оны құрастыру сапасына жауапкершілікті күшейтеді.
Екінші, тұрақты сипаттағы базалық шығыстар блогін 3 жылға белгілеу ұсынылады. Мұнда әкімшілік шығыстары және жыл сайынғы тұрақты шығыстар болады. Тізбені бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – Қаржы министрлігі қалыптастырады. Бұл шығыстар өзгермейтін болса, жыл сайын егжей-тегжейлі қарастырылмайды. Базалық шығыстар бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50-60%-ын құрайтынын ескеріп, бұл бағдарламалардың әкімшілерінің де, уәкілетті органдардың да жұмысын азайтады.
Үшінші, блоктік бюджет оны жоспарлау және орындау үдерістерінің ішіндегі мемлекеттік органдардың дербестігі мен икемділігін арттыруды көздейді. Стратегиялық мақсаттың айналасында бюджеттік бағдарламаларды ұлғайту орынды болады. Бір мақсатқа арналған екінші, үшінші бюджеттік бағдарламаны ашуға тыйым салатын тікелей норма енгізіледі. Бұл жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін бюджет қаражатын басқаруда икемділік пен дербестік береді. Бағдарламалар арасында қаражатты қайта бөлу көлемін түзету жолымен 10%-дан 15%-ға дейін ұлғайтуды ескеріп, бюджет үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Биыл орындалмайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсыныстары бойынша 1 желтоқсанға дейін шығыстар пулын айқындау керек. Осы тізбе бойынша шығыстар бюджетті түзетусіз жаңа қаржы жылы басталғаннан кейін бірден жыл басындағы қалдықтар есебінен жүргізілуге тиіс. Жергілікті деңгейде де осыған ұқсас тетікті қолдану ұсынылады.
Қаржыны басқарудың негізі
Жаңа Бюджет кодексінде «Мемлекеттік қаржыны басқару» атты жаңа бөлім пайда болды. Бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға, оның тұрақтылығына анықтама берілді. Уәкілетті орган айқындалды. Бұл бөлім мемлекеттік қаржының жағдайын талдау және салық-бюджет саясатын айқындау үшін негіз жасайды. Мемлекет қаржысын басқару құралдары көзделген, бұл – бюджеттік қағидалар және олардың сақталуы.
Мемлекеттік қаржыны басқару бөліміне Ұлттық қор және бюджеттен тыс қорлар бойынша бөлімдер енгізілді. Ұлттық қордан тек сыни инфрақұрылымға берілетін нысаналы трансфертті пайдалануға шектеу енгізіліп, тиісті критерийлер қосылды. Жалпыелдік жобаларға бір мезгілде бірнеше облыстың аумағында бірдей объектілер салатын «Жайлы мектептер» жатады. «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша ережелер жеке баппен енді. Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес бұл балаларға 18 жасқа толғанға дейін жыл сайын есептелетін нысаналы талаптар болады.
Премьер-министр 2004 жылдан бері бюджет саласында бірқатар маңызды және жүйелі реформа жүргізіліп келгенін айтты. Атап айтқанда, бюджет заңнамасы бір ретке және жүйеге келтірілді, сондай-ақ нәтижеге бағытталған бюджет қалыптастыруға көштік.
«Осылайша, бюджеттік құқықтық қатынастарды реттеудің біртұтас саясаты құрылды. Бюджет жүйесінің бірыңғай қағидаттары белгіленіп, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру жұмыстары іске асырылды. Сонымен қатар мұнай кірістерін жинақтау механизмі енгізілді», деді Ә.Смайылов.
Оған қоса Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айқындалған жаңа экономикалық бағытты іске асыру үшін бюджеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерін өзектендіру керек. Осыған байланысты жаңа кодекс мемлекеттің барлық қаржылық ағынын шоғырландырып, бюджет ережелерінің қатаң сақталуын және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есеп беруін қамтамасыз етеді.
«Жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік экономикалық саясаттың басты құралына айналуға тиіс. Ол Президент белгілеп берген әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін іске асыруға ықпал ететін болады. Кодекс бүгінгі күн талаптарына сай келеді, сондай-ақ үнемді және жауапты бюджеттік саясатты іске асыруға мүмкіндік береді», деді Ә.Смайылов.
Құжат бойынша дауыс беру рәсімінен кейін Үкімет басшысы оның Парламентке енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Кемшілікті түзетуге – екі апта
Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов бекітілген кестеге сәйкес электр стансаларында 10 энергоблок, 49 қазандық және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланғанын айтты. Қазір 5 энергоблок, 23 қазандық және 20 турбинада жұмыстар жүргізілуде. Ал 4 энергоблок, 17 қазандық және 13 турбинаның жөндеу жұмысы аяқталған.
Жалпы ұзындығы шамамен 25,3 мың шақырымды құрайтын электр желілерін, 567 қосалқы стансаны, сондай-ақ 3,5 мың тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансаларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Қазір 22,7 мың шақырым электр желілері, 514 қосалқы станса, 3 466 тарату пункті мен трансформаторлар бойынша жұмыстар аяқталды.
Риддер ЖЭО-да мердігерлік ұйымдар 6 қазандықтың барлығында жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Үкімет резервінен осы мақсаттарға 7,2 млрд теңге бөлінді. №2 және №3 қазандықтар қыркүйектің соңында пайдалануға беріледі.
Екібастұз ЖЭО-ның сенімді жұмысын қамтамасыз ету шеңберінде алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. «ОАЭК» АҚ есебінен қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар жөнделеді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 2-ЖЭО-ның дайындығы бақылауда. Мұндағы №4 қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік сала және тұрғын үй қоры нысандарына жылу беру маусымына дайындық туралы айтты.
Премьер-министр жылыту маусымының басталуына өте аз уақыт қалғанын атап өтті. Солтүстік және шығыс өңірлерде жылыту маусымы ауа райына орай мерзімінен ерте басталуы мүмкін. Қазір жылыту маусымын бастау үшін бастапқы дайындық бар, бірақ олардың кейбірі уақытында аяқталмай қалуы ықтимал.
«Теміртау қаласының №2 жылу электр орталығында №4 қазандықты жөндеу қазан айының соңына дейін ұзартылды. Жезқазған жылу орталығындағы №4 қазандықты жоспарлы жөндеу әлі аяқталған жоқ, ал №9 қазандықта жұмыстардың небәрі 4%-ы ғана орындалған», деді Ә.Смайылов.
Абай, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарының энергия кәсіпорындарында жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жүргізіліп отыр. Сондай-ақ жылыту маусымының басында қазандықтарға түсетін жүктеменің төмен болатыны ескерілсе, бұл үйлердегі температура көрсеткіштеріне әсер етпеуі керек.
«Аталған өңір әкімдері Энергетика министрлігімен бірге жөндеу жұмыстарына күнделікті мониторинг жүргізіп, алдағы маусымда қажетті жылу беруді қамтамасыз етуге тиіс», – деді Үкімет басшысы.
Ол МАЭК-тің №3 энергоблогінде жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылып, бүгінде №2 энергоблок жөнделіп жатқанына назар аударды.
Үкімет басшысы өңірлердегі жылу желілерін реконструкциялау барысын да тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында жылу желілері бойынша жұмыстардың шамамен 70%-ы орындалды.
Сонымен бірге ол Абай, Атырау облыстарында және елордада бірқатар әлеуметтік нысандарды дайындау жұмыстары аяқталмағанына назар аударды. Сондай-ақ бүгінге дейін өңірлерде көмір қорының жоспарланған көлемінің 28%-ы ғана жинақталған.
«Жоғарыда аталған барлық кемшілікті екі апта мерзімде түзету қажет», деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.