15 Маусым, 2010

ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАҒИДАТТАР ІСКЕ АСАДЫ

605 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бүгінде азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғау­ға байланысты құқықтық мемлекет құру мақсатында арнайы инсти­туттарды одан әрі жетілдіру қажет болып отыр. Осыған байланысты 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыру Республика Консти­туциясының негізгі идеялары мен қағидаттарын құқықтық мемлекет құрылымының жаңа кезеңінің аясында жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл орайда Құқықтық саясат тұжырымдамасының сілте­мелік нормаларды азайту және тікелей қолданатын заңдарды қабылдау туралы ережесін іске асыру үшін Әділет министрлігі орталық мемлекеттік органдардың заңға тәуелді актілерді қабылдау құқықтарын шектеу барысындағы мүмкіндіктері мен орындылығын зерделеуге кірісті. Бұл туралы кеше вице-спикер Владимир Бобровтың төрағалық етуімен Әділет министрлігінде “Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжы­рымдамасын іске асыру аясындағы әділет органдарының қызметі” атты тақырыпта өткен Үкімет саға­ты­ның көшпелі отырысында ай­тылды. Депутаттар алдында баян­дама жасаған Әділет министрі Р.Түсіпбеков Парламент қарауына енгізілетін нотариус қызметін мемлекеттік реттеуді жетілдіруді көздейтін заң жобасының жаңа­шыл­дығы туралы ақпарат берді. Жалпы аталған Тұжырымдама бойынша маңызды міндеттердің бірі нотариат қызметінің жүйесін жетілдіру болып табылады. Нота­риат­тың азаматтық айналымдағы қатынастардың қосымша тұрақ­тылығын және заңдық қауіпсіз­дігін, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін сапалы қорғауды қамтамасыз ететін құқықтық инфрақұрылым­ның бір бөлігі ретіндегі рөлін нормативтік-құқықтық айқындау қажет. Сон­дықтан да нотариаттың негізгі басымдығы оның көмегіне барлық ел аумағында қол жеткізу болып табылады. Министр өз сөзінде айтып өт­кен­дей, жаңа жоба аттеста­циялық комиссияның нотариусқа үміт­керлерден емтихан қабылдауда қыз­метінің айқындылығын қамта­ма­сыз етеді. Квоталау интитутын жою көзделеді. Соған байланысты нотариаттық қызметті жүзеге асыру үшін лицензияның қолда­нылуы жеткілікті негіз болып табы­лады. Ал “Электронды үкімет” шеңберінде “Электронды нотариат” ақпараттық жүйесін енгізіп, қалыптастыру жұмысы жүргізілген соң ол арқылы барлық нотариаттық құжаттарды белгілеуге мүмкіндік туады. Сөйтіп, нәтиже­сінде нотариаттар жұмысының сапасы да артады деп күтілуде. Сол сияқты Құқықтық саясат тұжы­рым­дамасына сәйкес әділет органдарының алдында тұрған маңызды міндет заңнамалық актілердің құқықтық мониторингі институтын енгізу болып табыла­ды. Бұл заңдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, олардың тиімді­лігін бағалау, кемшіліктер мен қарама-қайшылықтарды, мерзімі өткен нормаларды уақтылы айқындау үшін аса қажет. Көшпелі отырысқа қатысқан депутаттарға Әділет министрлігі Сот-сараптама орталығының Аста­на қалалық сот-сараптама өңірлік ғылыми-өндірістік зерт­ханасы көр­сетілді. Онда түрлі құқық қор­ғау органдарынан түскен мәліметтерге орай әрқилы сараптамалар жүргі­зіледі. Мәселен, биологиялық, филологиялық, фототехникалық, трасологиялық, баллистикалық, ЖКО, экономикалық, тауарлық, құры­лыстық, өрт-техникалық са­рап­тамалар, сол сияқты жарылғыш және есірткілік заттарға құжат­тарға, суреттерге, бейнежазбаларға т.б. айғақтық заттарға сараптама жасалады. Жалпы “Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы” Заңына байла­ныс­ты сараптама жасаудың 106 түрін қамтыған сот сарапта­ма­сының мемлекеттік реестрі дайындалған. Енді осы жылдың аяғына дейін аталған реестр қосымша 35 зерттеу әдістерімен толықтырылатын болады. Осыған байланысты Сот-сараптама орта­лы­ғының алдына да үлкен мін­деттер қойылып отыр. 148 сарап­шыны қамтитын қосымша орындар ашылады. Орталықтың аймақтағы бөлімшелерінің мате­риалдық-техникалық базасы нығайтылады. Сонымен қатар ең бастысы, сараптама өндірісінің сапа жүйесін сот-сараптамасы қызметіне енгізу барысында халықаралық стандарт жөніндегі аккредитация мен сертифи­каттарды алу болып табылады. Александр ТАСБОЛАТОВ.