Спорт • 03 Сәуір, 2024

Жарыс күнделігі

44 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бокстан Қазақстан әйелдер құрама­сының тізгінін ұстағалы бері дау-дамай­дан басы бір арылмаған Шәміл Са­фиул­лин қызметінен кетті. Оның орнына бас бапкер болып Елдос Сайдалин та­ғайындалды. Кезінде Елдос еліміздің танымал былғары қолғап ше­берлерінің бірі болды. Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін жаттықтырушылық қызметті кәсіп етті. 2020 жылдан бері Е.Сайдалин Қазақ­станның жасөспірім қыздар және жастар құрамасын баптады.

Жарыс күнделігі
  • Францияның Тье қаласында көркем гимнасшылардың Гран-при турнирінде Ай­бота Ертайқызы олжаға кенелді. Ол «шы­­ғыршық» пен «таспада» күміс медаль енші­лесе, «доп» жаттығуында қолаға қол созды.
  • 11-20 сәуір аралығында Рио-де-Жаней­рода нысана көздеуден Әлем кубогінің жалауы желбірейді. Олимпиада лицен­зия­лары сарапқа салынатын жарыста Елдар Иманқұлов, Арина Алтухова, Ири­на Юнус­метова, Александра Ле, Ислам Сәтбаев, Никита Шахторин, Константин Малиновский, Елизавета Безрукова, Валерий Рақымжан, Руслан Юнусметов сынды мергендер ел намысын қорғайды.
  • Футболдан Қазақстан Премьер-ли­гасының үшінші туры аяқталды. Бұл кездесулерде мынадай есеп тіркелді: «Шахтер» – «Тұран» – 0:2, «Атырау» – «Жетісу» – 0:1, «Ақтөбе» – «Жеңіс» – 3:0, «Қызылжар» – «Тобыл» – 0:0, «Астана» – «Елімай» – 0:1, «Ордабасы» – «Қайрат» – 1:2.
  • Антальяда спорттық гимнастикадан Challenge Cup додасы өз мәресіне жетті. Түркиядан екі отандасымыз табысты оралды. Атап айтсақ, қолды тіреп жасалатын жат­тығуда Асан Сәлімов алдына жан салмай, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ал «ат» жаттығуында Нариман Құрбанов күміспен күптелді.
  • 7-13 сәуір аралығында шайбалы хоккейден IIA дивизиондағы командалар арасында Андоррада өтетін әлем чемпионатында еліміз қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды: Қақпашылар – По­лина Говтва («Торпедо», Өскемен), Арина Щеколова («То­мирис», Астана). Қорғаушылар – Аида Олжабаева, Мәдина Тұрсынова, Анна Пяткова («Айсұлу», Алматы), Юлия Буторина, Александра Воронова, Дария Молдабай («Томирис»), Анастасия Дубровская, Катрин Мескини («Торпедо»). Шабуылшылар – Мәлика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Алина Иванченко, Татьяна Королева, Лариса Сви­ридова («Айсұлу») Екатерина Куценко, Анастасия Оразбаева, Надежда Филимонова, Александра Шегай («Томирис»), Мунира Саяхатқызы, Ділнәз Саяхатқызы және Карина Фельзинк («Торпедо»). Аталған жарыста жерлестеріміз Бельгия, Испания, Исландия және Мексика құрамаларымен шеберлік сынасты.
  • MMA-Oracle.com сайты аралас жекпе-жектен өткен жарыстардағы спортшылардың көрсеткіштерін саралай отырып, мықтылар мен осалдардың ара-жігін ажыратты. Бұл рейтингте АҚШ (209 428 ұпай) алдан көрінсе, оларды Бразилия (140 091) мен Ресей (84 587) өкшелеп келеді. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Жапония (50 129), Ұлыбритания (27 881), Канада (21 274), Польша (19 843), Украина (16 211), Франция (14 023), Аустралия (10 213) бар. Аталған рейтингте Қазақстан 15-орында. Қазіргі кезде жерлестеріміз 7 718 ұпайды еншілеп отыр.
  • Шучинскіде өткен шаңғышылардың ел чемпионатында 12 команда бақ сынады. Солардың арасында Ақмола облысының өрендері алдына жан салмай, жалпы ко­мандалық есепте топ бастады. Екінші орынды Қостанай иеленсе, Абай облысынан келген спортшылар үшінші сатыға табан тіреді.
  • 10-12 мамыр аралығында Астанада дзюдошылардың әлемдік Grand Slam турнирінің жалауы желбірейді. Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтетін рейтингтік жарыста жер-жаһан­ның көптеген атақты балуандары күш сы­насады. Олардың арасында Олим­пия ойын­дары мен әлем чемпионаттары және басқа да аса ірі халықаралық дода­ларда дараланған дүлдүлдер бар. IJF ережесіне сай әр салмақтағы жарыс жеңім­паздарына 1 000 ұпайдан берілсе, күміс пен қола жүлдегерлері 700 және 500 ұпайдан енішлейді.
  • Әйгілі BoxRec порталы әуесқой бокс­шылардың рейтингін жариялады. ТОП-ондыққа еліміздің екі боксшысы енді. Олар – Сәкен Би­бо­сынов пен Асланбек Шым­бергенов. Сәкен бесінші орынға тұ­рақтаса, Асланбек тоғызыншы сатыға жайғасты. Ал көш басында – Өзбекстанның мақтанышы Хасанбой Дусматов. Екінші және үшінші орындарда – ресейлік Габил Мамедов пен франциялық Софьян Умиа. Өзбекстанның намысын қорғап жүрген қазақ жігіті Руслан Абдуллаев төртінші сатыға табан тіреді. Сондай-ақ үздіктер қатарында Джамал Харви (АҚШ), Всеволод Шумков (Ресей), Мүсілім Гаджимагомедов (Ресей), Чинзориг Баатарсух (Моңғолия) сынды саңлақтар бар.
  • 18-21 сәуірде Токиода ескек есуден ли­цензиялық турнир өтеді. Бұл бәсекеде елі­міздің туы астында Андрей Ергучев, Мария Бровкова, Сергей Емельянов, Ольга Шмелева, Сергей Токарницкий, Татьяна Токар­ницкая, Тимур Хайдаров, Руфина Ысқақова, Бекарыс Раматулла, Ирина Подой­никова, Ульяна Киселева, Виктор Степанов, Артем Терещенко сынды спортшылар өнер көрсетеді. Жарыс қоры­тындысы бойынша алтын мен күміс медальді иеленген өрендер Париж Олимпиадасының жолдамасына иелік етеді.
  • Футзалдан еліміздің ұлттық құрамасы бүгін Таразда бас қосып, оқу-жаттығу жиы­нын бастады. Алдағы уақытта олар екі жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтсақ, жерлестеріміз 4 сәуірде Қыр­ғызстанмен күш сынасады. Ал 7 сәуірде Өзбек­станға қарсы ойнайды.