Халық • 03 Сәуір, 2024

Қолдауға қаржылық ұйымдар да жұмылды

83 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Республикадағы 12 өңір су тасқынынан зардап шекті. Су астында қалған ауыл, суға ыққан төрт түлік, бұзылған көпір, жарылған жол туралы ақпарат толастар емес. Ендігі амал – елдік танытып, үрей құшағындағы халыққа ес болуға ұмтылыс. Жұдырықтай жұмылып жанашырлықпен жәрдем көрсету. Қапыда соққан қарғын судан кейін қолына құжатын ғана ұстап қалған ағайын халіне алаңдаған Президент те арнайы тапсырма берді. Қаржылай және материалдық қолдау легі басталып кетті.

Қолдауға қаржылық ұйымдар да жұмылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету туралы тапсырмасымен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, зардап шеккен азаматтарды, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау шараларын жүргізетін болды. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдардың тізіміне сәйкес, су тасқынынан зардап шеккендер санатына жатқызылған барлық азаматқа кредиттер бойынша төлемдер автоматты түрде осы жылдың 1 сәуірі мен 30 маусым аралығында 3 ай мерзімге кейінге қалдырылады. Сондай-ақ осыған байланысты кешік­тіріл­ген несиеге айыппұл мен өсімпұл есептелмейтін болды.

Бұл – жеке кәсіпкерлерге де байланысты. Су тасқыны кезінде зақымданған шағын және орта бизнес субъектілеріне олар берген өтінішті ескере отырып, кредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі беріледі.

Банктер мен МҚҰ әрбір зардап шеккен қарыз алушыға мүлікке және жеке шаруашылыққа, қарыз алу­шылардың кірістері мен қар­жы­лық жағдайына келтірілген залал­дың әсерін бағалау үшін жеке тал­дау жүргізіп, кредит бо­йынша қосым­ша дербес қолдау көрсету шара­лары айқындалатын болады. Бүгін­де қарыз алушыларға көмек көр­сету шаралары туралы хабарлан­дыру әлеуметтік желілердегі кредиттік ұйымдардың ресми сайты мен аккаун­тында тиісті өтінішті берудің нақ­ты алгоритмдері және кредитті қай­та құрылымдауды жүргізу тәр­тібі жариялана бастады. Бұл үдерісті жеңілдету үшін банктер мен МҚҰ зардап шеккендердің өтіні­шін онлайн қабылдауды да жоспарлаған.

Қазір түрлі ұйым мен қор, сон­­дай-ақ жекелеген компания мен кә­сіп­керлер тасқыннан кейін тарыққан елге қолдау білді­ріп жатыр. Бұл санатқа еріктілер жұмы­сында қосуға әбден болады. Су тас­қы­ны­нан зардап шеккен ел тұрғындарына Halyk Bank және «Халық» қоры көмек ре­тінде өз қаражатынан 1 млрд тең­ге бөлу ту­ралы бірлескен шешім қабыл­дады. Ал Болат Өтемұратов қоры бұл жағ­дайға қатысты 680 млн теңге бөлді.

«Осы күндері миллиондаған жер­лесіміз табиғи апат салдары­нан қиын кезеңнен өтіп, дү­ние-мү­ліктерінен айырылып жат­қан­дарын көріп, қолұшын беруді жөн көрдік. Бұл қаржылай көмек зардап шеккен отандастарымызға алғашқы қажеттіліктерін алып, осы кезеңнен аман-есен шығуға көмектеседі деген сенімдеміз», дейді қор директоры Марат Айтмағамбетов.

«Астана Моторс» қазақ мотор автокомпания­сы да бұл игі істен шет қалмады. Қиындықта қалған өңір тұрғындарына көмек ретінде 500 миллион теңге аударды. Компания бөлген қаражат «Демеу Қазақстан қоры» корпо­ра­тивтік қорының шотына ауда­рылған.

Дәл осындай сомадағы қаржы­­ны елдегі жетекші құры­лыс компа­ния­ларының бірі – «BI Group» холдингі аударды. Айта кетейік, холдинг су тас­қы­нының алғашқы күнінен-ақ зар­дап шеккендерге көмек көр­сетіп, облыс басшылықтарын құры­лыс және арнайы техникамен, қажетті материалдық ре­сурс­­­тар­мен қамтамасыз ете бас­таған. Ал бөлінген қаражат қайта қал­пына келтіру, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге жұмсалады.

Бүгінде мыңдаған ел тұрғыны отбасыларымен бірге уақытша баспаналарға орналасқан. Оларға қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры да жинақталып жатыр. Бұған қоса Kaspi.kz «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры­мен бірлесе отырып, мобильді қосымша арқылы көмек көрсету шарасын ұйымдастырды.

«Біздің қор ашық түрде жұмыс істеп, қаражаттың жұмсалуы бо­йынша барлық құжаттың дұрыс­ты­ғын көрген Kaspi.kz бізбен ынты­мақ­тасуға шешім қабылдады және жедел түрде көмек жинауды ұйым­дастырды. Ел азаматтары­нан аз күн ішінде 80 мил­лион теңге­ден астам ақша жинады. Ал Kaspi.kz сайтының бұл сомаға тағы 120 миллион теңге қосу туралы шешімі – біз үшін үлкен тосынсый. Осындай қолдауы үшін Kaspi.kz басшылығына алғысымыз шексіз, енді бізді волонтерлермен жұмыс күтіп тұр. Зардап шеккен­дер мен құтқарушыларға көмектес­кендердің барлығына рахмет», дейді «Biz Birgemiz Qazaqstan» ҚҚ төрағасы Перизат Қайрат.

Ал Kaspi.kz негізін қалаушы және басшысы Михаил Ломтадзе су тасқынының зардаптары тез арада жойылып, адамдардың өз үйлеріне оралуына тілектестігін білдірді.

«Қайырымдылық акция­мыз­ға атсалысқан азамат­тар­­дың әрқайсысына алғыс айтамыз. Kaspi.kz – әлеуметтік жауапты ком­пания және біз әрқашан қиын жағ­дайда тұтыну­шы­лары­мызға қол­дау көрсетуге тырысамыз. Жиыл­ған ақша «Biz Birgemiz Qazaq­stan» қоғамдық қорына Ақтөбе және Қостанай облыстарын­да жол жөндеу, құтқару тік­ұшақтарының жұмысын қам­тамасыз ету, генераторлар, сор­ғылар, үрлемелі қайықтар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға жібері­леді», деді ол.

Бүгінде көмек жинау әлі де жалғасып жатыр. Kaspi.kz мобильді қосымшасының «Қайырымдылық» бөлімінде кез келген адам зардап шеккендерге көмектесу үшін «Biz Birgemiz Qazaqstan» қорына ақша аудара алады. Сондай-ақ Kaspi.kz клиенттер мен серіктестері­не көмектесіп, мұқтаж жандар­дың не­сиені өтеу мерзімін кейінге қалдыруды көздеп отыр.

Қазір су басқан аумақтардағы адамдар шынымен де көмекке зәру. Көптеген ауылға тек тікұшақтар немесе қайықтар арқылы жетуге болады. Құтқарушылар адамдарды эвакуациялау­ды жалғасты­рып, қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізіп жатыр.