Форум • 11 Сәуір, 2024

Индустрияның дамуына жол ашылады

100 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Өткен аптада Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «EKTU RnD forum-2024» халықаралық форумы шеңберінде «Ғылым және өндіріс: міндеттер, шешімдер және стратегиялар» атты пленарлық отырысы өтті. Машина жасау, металлургия, ауыл шаруашылығы саласындағы сарапшылардың басын қосқан университеттің алаңында жоғары оқу орындары мен өндірістік кәсіпорындар, шетелдік серіктестер, бизнес-қауымдастық пен ғылыми зерттеу институттарының өкілдері ұсыныстарын ортаға салып, тәжірибе алмасты.

Индустрияның дамуына жол ашылады

Ел экономикасын өрге сүйреудің бірден-бір жолы – техникалық бағыттағы ма­мандарды даярлау, оларға басымдық беру. Жуырда жұмыс сапарымен Өс­кеменге келіп, университетке ат басын бұрған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ғылымға, техникаға үлкен көңіл бөлу керектігін айтып кеткен. Жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін арттыру, импортты азайтып, инфрақұрылым­ды жаңғырту және минералдық-шикізат кешенін дамыту маңызды екенін және атап өтіп, бірқатар тапсырма берген.

Ал университет қабырғасында өткен «EKTU RnD forum-2024» халықаралық форумына қатысқан сарапшылар, кәсіпорын басшылары, оқытушылар, ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Маңызды пікірлер айтылып, салмақты баяндамалар оқылды. Форумның ресми бөлімі басталмас бұрын алыс-жақыннан келген спикерлерді де сөзге тартқанбыз. «Allur» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесі төрағасының мүшесі Айгүл Ахметова Қостанайдағы бірқатар жастың Оңтүстік Кореяда білім алып жатқанын атап өтті. Айтуынша, машина құрастыру саласына басымдық беріліп жатыр. Өзі сондағы жоғары мектеп оқытушысы ретінде біліктілікті арттыру тақырыбы да өзекті екенін жеткізді. Оңтүстік Кореядан мамандар әкеліп, жергілікті мұғалімдерді де оқытатын көрінеді.

– Өзім Қостанайдағы «Allur» компаниясында қызмет етемін. Шығыстағы өте маңызды шараға арнайы келдік. Маңызды дейтінім, қазір өндірісте құзыреттілігі жоғары инженерлерге сұраныс көп. Біз жоғары мектеп пен өндірісті байланыс­тыру мақсатында қоян-қолтық жұмыс істеп келеміз. Мысалы, біз «жоғары инженерлер мектебі» деген құрылым аштық. Оның мақсаты, жоғары мектеп пен университетті интеграциялау. Яғни білім беруді зауыттың сұранысына қарай үйлестіру. Президент айтқандай, әр қазақ техникалық бағытты меңгерулері керек. Ол үшін шетелдік тәжірибелерді де ескере отырып, мектептерде баланың қабілетіне қарай оқыту жүйесін қолға алуымыз қажет. Техникалық ғылымға мектеп қабырғасынан көңіл бөлмесек, бәрі бекер. Жаһандану заманында жан-жағымызға қарайтын уақыт жоқ. Мектеп бағдарламасында күзде өзгерістер болады деп ойлаймын. Мысалы, шетелдерде жұмыс мамандығының беделі жоғары, – деді «Allur» компаниялар тобы» АҚ директорлар кеңесі төрағасының мүшесі Айгүл Ахметова.

и

Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина директорлар кеңесі төрағасының мүшесі Айгүл Ахметованың ұсынған әдіс-тәсіліне қызығушылық білдірді. Айта кетсек, Қостанайдағы машина құрастыру зауыты арқылы университет түлектері кореялық әріптестерімен тығыз жұмыс істеп, техникалық-инженерлік тұрғыда ойлау­ды жетілдіріп келе жатқанын айтқан.

– Бізге мұндай қадамдар мен жоба­лар өте қызық. Индустрия үшін кадр­лар дайындау заман талабы. Қазір өңірдегі кәсіпорындармен, шетелдердегі әріп­тестерімізбен тізе қосып, нақты қадамдар жасап келеміз. Былтыр жоғары білім мен ғылымды дамыту концепциясы қабылданған болатын. Бұл ғылым саласындағы инновациялық даму мен модернизациялауға бағытталған концепция. Түпкі мақсаты – ғылымға бөлінетін қаржы көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткізіп, ұлғайту. Жас ғалымдарды қолдап, халықаралық дең­гейдегі ғалымдарды көтермелеу де маңызды, – деді Сәуле Рахметуллина.

Форумға онлайн режімде қосылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосинов «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заңды әзірлеудің маңыздылығын сөз етті. Оның айтуынша, заң күшіне енсе, ғылым мен техникаға қатысты негізгі төрт мәселені шешуге мүмкіндік туады. Атап өтсек: ғылымды қаржыландыру, кадрлық мәселелер, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың инфрақұрылымдық дамуын ұйымдастыру.

– Жас ғалымдар мен университет арасындағы тығыз қарым-қатынас Д.Се­рік­баев атындағы ШҚТУ-да қарқынды дамып келеді. Машина құрастыру мен тау-кен өндірісі салаларында жаңа техникалық міндеттер де ескерілген. Бұл кейін нарықтық экономиканың дамуына да әсер етеді. Қазір бюджеттен тыс қаражат есебінен ғылымды қаржыландыру күн тәртібінде тұрған мәселе. Заңнамада қолжетімді озық технологияларды енгізу бойынша қатаң талаптар бар. Сондықтан компаниялар өндірісті жаңғыртуына тура келеді. Алдыңғы қатарлы озық технологияларға инвестиция салу үшін салықтық жеңілдіктер де қарастырылған, – деді Асылхан Бибосынов.

сми

Сарапшылардың пікірінше, өнеркә­сіп­­тік сектордың өзекті мәселелерін ше­шуге бағытталған зерттеулер оның әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті­лі­гін қамтамасыз етуде үлкен рөл атқа­ра­ды. Қазіргі уақытта ел экономикасы климаттың өзгеруі мен ресурстарды қар­қынды пайдаланудан бастап, жа­һан­дық бәсекелестіктің артуы мен тех­нологиялық өзгерістердің жылдам қарқынына дейінгі көптеген сын-қатер­­ге тап болып отыр. Оларды жеңу үшін және тұрақты инновациялық даму үшін жүйелі жұмыстармен қатар ғылыми қауым­дастық пен бизнестің бірлескені қажет десті. 

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында жасанды интеллектіні дамыту ісіне де баса назар аудару керектігін айт­қан. Бұл дегеніміз, күрделі мәселелерді шешуге және өндірістік үдерістерді оңтайландыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі жасанды интеллектіні дамыту бағытындағы ғылыми зерттеу­лер мен инновацияларды қолдап, тәжіри­бе алмасу үшін халықаралық ын­ты­мақ­тастықты қолдап отыр. Бүгінгі таңда еліміздегі үш университет жасанды ин­теллект саласына маманданған. Мәселен, Қорқыт ата университеті базасында Сеул Ғылым және технология ұлттық университетімен Жасанды интеллект мектебін құру бойынша серік­тестікке қол қойылды. Сондай-ақ Гон­конг қалалық университеті мен Қ.Сәт­баев университеті арасында екінші Жа­санды интеллект мектебін құру туралы келісім жасалды. Ал Д.Серікбаев атын­да­ғы ШҚТУ базасында «Industrial AI» құзыреттілік орталығын және жасанды интеллектіні өнеркәсіптік компанияларда пайдалану бойынша «Smart Driving Technologies» инжинирингтік орталығын ашу жоспарланған.

Форумда сөз кезегі берілген облыстық кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ольга Григорьева Шығыс Қазақстан аймағы инновациялық жағынан алда екенін айтты. Олай дейтіні, облыста 20-дан астам ғылыми ұйым жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ШҚО ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығындар бойынша топ-5 өңірге кіреді екен.

– Біз өз тарапымыздан өңірдегі иннова­циялық инфрақұрылымды дамытуға, университеттер, зерттеу орталықтары, кәсіп­орындар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға барынша қолдау көрсетеміз. Біздің аймақ ин­новациялық белсенділік тұр­ғы­сында еліміз бойынша едәуір әлеуетт­і. Жиырмадан аса ғылыми ұйым жұ­­мыс істейді. 2023 жылдың қоры­тын­­­ды­сына сәйкес, ғылыми зерттеу жұмыс­тары­на қаржы бөлу бойынша ел кө­лемін­де үздік бестікке ендік. Қаладағы универси­тет­теріміз де алдыңғы қатарда. Мысалы, Шығыс Қазақстан техникалық уни­вер­ситеті зерттеу жұмыстары бойын­ша әлем­дік рейтингте біршама жоға­ры­­лады. Атал­­ған білім ошағындағы ға­лым­дар жаңа тех­нологиялық материалдар дайындап, бо­лашағы бар бағыттарды зерттеуде ая­нып қалып жатқан жоқ, – деді Ольга Григорьева.

Әлбетте, іргелі және қолданбалы ғылымды мемлекет қашанда қолдайды, аймақтық бизнес зерттеуге қаражат са­лады. Облыста машина жасау, металлургия, жаңа материалдар жасау сала­ларында ауқымды жобалар сәтті іске асы­рылып жатқандығы да соның ны­шаны. Қазірдің өзінде ШҚТУ-дың жалпы табысында ғылымның үлесі 33%-ды құ­райды. Бұл дегеніміз, әлемдік жоғары оқу орындарының деңгейі.

Форумға жиналған сарапшыларға, ғалымдарға, кәсіпорын басшыларына ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина университеттің кәсіпорындармен және шетелдік серіктестермен ынтымақтастық мәселелеріндегі тәсілдері мен тәжірибесі туралы да ашып айтып берді. Ректордың сөзінше, былтыр жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы қабыл­данып, саланы жаңғырту, инновациялық дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттар мен бағыттар белгіленген. Университетте Үлбі металлургия зауыты, Казцинк және тағы да басқа жетекші кәсіпорындардың тапсырысымен 20-дан астам білім бағдарламасы, көлік техникасы және тех­нологиялар, цифрлық агро-жүйелер сынды бағытта қолданбалы бакалавриат бағдарламалары құрылған.

– Соңғы жылдары елімізде ғылымды қаржыландыру 3,5 есе ұлғайғандықтан, жобалар саны күрт өсті. Есесіне, университеттегі ғылым бюджеті де артты. Егер 2021 жылы шамамен 600 миллионды құраса, биыл ол екі миллиардтан асты. Қолдаудың арқасында университет базасында «bi angar» бизнес-инкубаторы, технологияларды коммерцияландыру кеңсесі құрылып, Астана хабымен және облыс әкімдігімен бірлесіп, «IT Hub» ашылды. Қазір «Технологиялық кәсіпкерлік» магистратурасының халықаралық білім бағдарламасы әзірленіп, іске асырылып жатыр, – деді Сәуле Рахметуллина.

Сондай-ақ ШҚТУ-да ғылыми-өндірістік база құрылып, медициналық имплант өнімдерінің 20-дан астам түрін дайындау технологиясын жасады. Одан басқа тау-кен металлургия саласы үшін жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және тау-кен металлургиялық кешені компанияларының негізгі және қосалқы үдерістері үшін кешенді бағдарламалық-аппараттық шешімдерді енгізу үшін «Industrial AI» құзыреттілік орталығын құру жұмыстары қолға алын­ған. Бұл аталған жобалардың се­рік­тестері шетелдің көшбасшы оқу орындары. Алдағы уақытқа құрылған тағы бір жоспар – қытайлық серіктестер қар­жыландыратын «Smart  driving technology» орталығын құру. Оның мақ­саты, AI технологиясын, спутниктік навигация, телеметрия және Big Data технологияларын автокөлік ағынын реттеу, пилотсыз басқаруда және смарт жолдарды жасауда қолдануды көздеген. Сәуле Жәдігерқызының айтуынша, тау-кен металлургия кешені компанияларының өкілдері үшін қызықты болатын тағы бір маңызды жоба – металлургия, пайдалы қазбаларды өндіру саласындағы Қазақстан-Неміс ғылым және техноло­гия­лар институтын құру. Бұл жобаны Германияның Білім министрлігі тарапынан қаржыландыру көзделіпті. Одан бөлек, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан да қолдау көр­сетілетін көрінеді.

Ауыз толтырып айтатын жобалардың енді бірі – әлемдегі электрмобильдер нарығының қарқынды дамуын ескере отырып, ШҚТУ Қытайдың Тяньцзинь университетімен бірлесіп, стратегиялық ынтымақтастық пен тәжірибеге бағытталған Лу Бань шеберханасы ашылды. Жоба аясында Қытай құны миллион доллардан асатын мамандандырылған оқу жабдықтары кешенін жеткізді. Былтырғы жылдың жазында Д.Серікбаев университетінің оқытушылары Тяньцзинь университетінде біліктілігін арттырудан өтті. Қазір олар 400-ден астам студентке қытайдың автомобильдеріне қызмет көрсету, заманауи үлгідегі өнеркәсіптің қыр-сыры төңірегінде білім беріп жүр. Бірқатар жоба жүзеге асып жатса, жоспардағы жобалар да аз емес. Жоғарыда айтып өткеннен басқа элек­трмобиль аккумуляторларына ар­нал­ған жаңа буын материалдарын әзірлеу үшін материалтану зерттеулеріне бағытталған ғылыми зерттеу орталығын құру да жоспарланған. Жалпы, жоба-жоспарлардың түптеп келгенде мақсаты – сапалы кадрлар даярлап, бірлескен жобаларды жүзеге асыру.                 

Форумның соңына қарай білдей бес кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Олар – «Alpha-Safety»  ЖШС бас директоры Александр Скалабан, «АСС Қорған» ЖШС директоры Айқын Нұрасылов, «Geosat» ЖШС директоры Евгений Грохотов, «ГРП Восток» ЖШС директоры  Роман Семенов және «Георесурс инжиниринг» ЖШС директоры Құрманғазы Жанғазин.

– Бүгін біз RnD форумы аясында бірнеше компаниямен меморандумға қол қойдық. Бұдан былай олармен  ғылым және білім беру бағытында бірлесе жұмыс істейміз. Осыған дейін облыстағы тау-кен, металлургия бағытындағы компаниялармен тығыз жұмыс істеп келгенбіз. Алдағы уақытта да жалғасын тауып, қарым-қатынас нығая бермек. Университетте ғылымды өрге сүйрейтіндей зертханалық жабдықтар жеткілікті. Нәтиже де жаман емес. Сондай-ақ геология, минералогия және барлау бағытында білікті, білімді мамандар даярлауға күш салуымыз керек, – деді университет ректоры Сәуле Рахметуллина.

Бүгінгі жасалған меморандум екі жақ тараптарға да тиімді болмақ. Тараптарға ғана емес, бірлесе, кеңесе отырып, индустрияның дамуына да даңғыл жол ашуы мүмкін.

Форумның ресми бөлімінен соң келген меймандар университеттің шеберханаларына экскурсия жасап, жоғарыда айтылған жобалардың бірқатарын көзбен көрді. Бұдан соң олар «Әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін автомобиль жасау саласының кластерін дамыту», «Машина жасауға ар­налған автоматтандыру және робот­техника технологиялары», «Тау-кен металлургия кешеніне арналған жасанды интеллект және автоматтандыру», «Тау-кен металлургия кешенінің тұрақты дамуы: ресурстарды тиімді пайдаланудың жаңа технологиялары» туралы форсайт сессияларына қатысты. Бұл жерде де кәсіпкерлер тәжірибе алмасып, инновациялық ойларымен бөлісті. Мысалы, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС директорының мал шаруашылығы жө­ніндегі орынбасары Данияр Әбітаев сауын сиырларды автоматтандырылған жүйе арқылы сауу тетігін ойластыру керектігін айтады.

– Әлемдік урбандалу үдерісі жүріп жатқаны жасырын емес. Ауылдағы ағайындардың көбі қалаға көшті. Ендігі кезекте ауылдарды сақтап қалу үшін жеріне қарай мал өсіріп, егін еккен дұрыс шығар. Маман тапшы десек, авто­маттандырылған жүйені жүзеге асы­райық. Мәселен, сүт фермасына дабыл белгісін қойып, сиырларды сауын бөлігіне қарай өздігінен өткізетіндей жасаса деймін. Бұл тәжірибеде бар. Осылай ауыл шаруашылықты алға жылжытсақ, – дейді жас фермер Данияр Фаридұлы.    

Иә, осындай форумдарда әркімнің ойында жүрген жоба-жоспарлар талқы­лауға түсіп, жүзеге асуына бір қадам жақындайды. Сондықтан университет шаңырағында бастары қосылған ға­лымдар мен кәсіпкерлер тың идеямен жұмысқа кіріседі.

Айта кетейік, қазіргі уақытта ШҚТУ-да еліміздің оңтүстік өңірлерінен студенттер тарту жұмыстары да жүйеленіп қалды. Шетелдерден, Якутиядан да келіп білім алып жатқандар бар. Кадрлар дайындау бойынша екі бағыт өз жемісін беріп келеді. Университет – ҮМЗ, Қазцинк сияқты алпауыт кәсіпорындармен серіктесе жұмыс істеп, тәжірибе алмасуға қолайлы орта.

 

Өскемен